Ләззат Бакиеваның есімі көпке әсем гүлдерімен таныс. Жай гүлдер емес, солмайтын гигант гүлдер. Негізгі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі болса да, қолөнерді серік еткен ісмердің айналасы иранбағы іспетті. Бастапқыда қызығушылықпен басталған бұл жұмыс уақыт өте келе кәсіпке айналған. Осы аптада екінші атын әдемілікке айналдырған шебермен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ләззат, гигант гүлдер жасауды қайдан үйрендіңіз? Бұл өнерге қызығушылығыңыз қашан басталды?
– Бірде әлеуметтік желіні қарап отырып гигант гүлдермен жасалған фотозонаны көрдім. Өте ерекше, әдемі екен. «Неге осы гүлдердің жасалу жолын үйреніп, балаларымның тойына өзім осындай гүлдер жасамасқа?!» деген ой келді. Қызығушылықпен ізденіп жүріп, осы декорды үйрететін ұстаздар да таптым. Олардың курстары бойынша білім алып, кәсіпті меңгере бастадым. Жаңа саланы зерттеп, қол үйрете бастағаныма да жылға жуық уақыт болды.
– Хоббиіңізді кәсіпке айналдыруға не түрткі болды? Кәсіпті бастағанда қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Тұтынушылардың сұранысы қызығушылығымның кәсіпке айналуына себеп болды. Бастапқы уақытта тұтынушы аз болғаны рас. Себебі мен инстаграм желісінде жарнама жүргізуді білмедім, танымалдылық та бірден келмеді. Бірақ уақыт өте келе еңбегіміздің нәтижесіне сай шеберхана жұмысы жақсы дамып келе жатыр. Сұраныс та күн өткен сайын көбеюде. Қазір гигант гүлдердің ішінде органзадан жасалған мак гүліне тапсырыс көп. Оның күлтелерін неғұрлым көп етіп, ортасына жанып тұратын жарықшам орнатсаңыз, көздің жауын алатын әдемі гүл болып шығады. Бұл гүлге көбіне бишілер тапсырыс береді.
– Бір тапсырысты қабылдаудан дайын өнімді тапсыруға дейінгі процесс қалай жүреді? Жұмыс барысында қандай материал түрлерін пайдаланасыз?
– Тапсырысты алған соң қажетті гүлдің шаблоны таңдалады. Оны пішіп, күлтелерінің жиектері толқынды болу үшін балауызбен күйдіріп шығамыз. Бұл ̶ өте майда, шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Содан соң күлтелерге флористикалық сымды жапсырып, оны формаға келтіріп, гүлді құрастырамыз. Гүлді құрап болған соң, сабағына жапырақтарын орналастырып, сабағын жапырақпен түстес тейплентамен қаптаймыз. Енді оның табанын жасау қалады. Бұл істі мен жұбайыма тапсырамын. Ол ағашқа арматура қағып, маған дайындап береді. Гүлдерді органзадан, фоамираннан немесе изалоннан жасауға болады.
– Қолмен жұмыс істеудің адамға пайдасы жайлы айтып берсеңіз…
– Қолмен жұмыс жасаудың адамға пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, миды дамытуда қолөнер ерекше рөл атқарады. Ал ұсақ қимылдар зейін мен есте сақтауды жақсартады. Стрессті азайтады, миды тыныштандырады, шыдамдылыққа тәрбиелейді, жаңа идея ойлап табуға, қиялды дамытуға мүмкіндік береді.
– Қай гүлді жасағанды көбірек ұнатасыз? Егер сіздің қолыңыздан шыққан бір гигант гүл сіздің өмір жолыңызды бейнелейтін болса, ол қандай гүл болар еді?
– Көбіне раушан гүлін жасағанды ұнатамын. Өйткені раушанды гүлдердің патшайымы әрі ең әдемі гүл деп есептеймін. Менің өмірімді бейнелейтін гигант гүл болса, ол да раушан гүлі болар еді деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұл өнерді маған үйреніп кету оңай болған жоқ. Алғашқыда фоамираннан күлтенің формасын келтіру, пропорция ұстау, күлте биіктігін сақтап тұру, гүлді құрастыру т.б. жұмыстары қиынға соқты. Ол кедергілерді мен гүлдің тікендеріне ұқсатамын. Қажырлы еңбектен соң бұл кәсіпті меңгеріп, қазір соның рақатын көріп отырмын. Мен оны жайқалып тұрған раушан гүліне теңер едім.
– Осы кәсіптің арқасында өміріңізде қандай өзгеріс болды? Алдағы уақытта қандай жаңа бағытты байқап көргіңіз келеді?
– Үйімнің бір бөлігін шеберханаға арнағалы шаңырағымыздағы береке еселене түсті, қосымша табыс пайда болды, таныстарым көбейді.
Алдағы уақытта кафе, ресторандарға төбесіне немесе қабырғасына іліп қоятын ірі декор жасағым келеді. Фасадтар мен ветриналарды безендіріп, қаламыздағы түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, бақ сынасам деймін. Қаланың көрікті жерлерін гигант гүлдермен безендіру – менің басты арманым.
Әңгімелескен Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!