Елімізде халық тарапынан сұранысқа ие тауарлар бағамы қымбаттады. Бұл облыс нарығына да әсерін тигізуде. Мәселен, соңғы аптада 4 өнімнің бағасы жоғарылады. Оның ішінде, сүзбе, картоп, жұмыртқа, өсімдік майы.
«Соңғы аптада кейбір азық-түлік бағасы өндіруші кәсіпорын тарапынан жоғарылауы байқалды. Мысалы, тауық жұмыртқасының қымбаттауы жыл сайынғы қысқы маусымаралық кезеңге байланысты болуда. Баға өсуінің негізгі себебі, құс тұмауы таралуынан және құс азығының қымбатауы. Республикада жұмыртқаға сұраныстың артуынан бір аптада бағасы 20 пайызға қымбаттады. Айта кететін жайт, қарақұмық, қант, өсімдік майы, ұн өнімдері өңірімізде өндірілмеуіне байланысты республиканың басқа аймақтарынан әкелінеді. Бұл мәселе бойыша да біршама жұмыстар жасалуда. Өндірілмейтін өнімдер бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен кәсіпкерлерге қарыз беру үшін қосымша 400 млн. теңге бөлінді», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Брифингте сала басшысы бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағамына мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты. Өңірдің тұрақтандыру қорында 2,5 мың тонна өнім бар. Бүгінде 29 әлеуметтік дүкен мен 2 әлеуметтік маркеттің және 4 ірі супермаркеттің әлеуметтік бұрыштарында сатылуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!