Бүгін Қызылорда қаласында 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлықтың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараны Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.

Айлықтың ашылуы аясында қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысқан кең көлемді профилактикалық акция ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында есірткі заттарына деген теріс көзқарасты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жасөспірімдер мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Акция барысында тұрғындар мен қала қонақтарына есірткіге қарсы мазмұндағы полиграфиялық өнімдер — тақырыптық буклеттер, жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылды. Онда зиянды әдеттерден бас тартып, денсаулық пен белсенді өмір салтын таңдауға шақыратын үндеулер қамтылды.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын кинологиялық қызметтің көрсетілімдері тудырды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау, қауіпті бұйымдарды іздестіру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын көрсетті. Студенттер кинолог мамандардың жұмысымен жақын танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Сонымен қатар іс-шара аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары, интерактивті алаңдар мен ақпараттық кездесулер ұйымдастырылып, жастар арасында есірткі қолданудың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға есірткіні қолданудың зияны, заңсыз айналымға қатысты жауапкершілік және өз денсаулығын сақтаудың маңыздылығы туралы айтылды.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоғамды нашақорлыққа қарсы күресте біріктіретінін атап өтті. Бүгін бастау алған айлық аясында алдағы уақытта облыс көлемінде түрлі профилактикалық, спорттық, шығармашылық және ақпараттық шаралар өткізілетін болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!