Ауылға барған сайын қара шаңырақтағы киіз үйдің орны көзге ыстық көрінеді. Қанша уақыт өтсе де киіз үйдің дөңгеленген аумағы қалыбын жоғалтпаған. Бала күнімде түндігі түрілген сол үйде әжем ертегі айтып, шешем шай құятын. Ішіне кіргенде нағыз қазақылықты сезіндіретін осы бір шағын ғана қараүй қолданыстан шығып бара жатқандай сезіледі де тұрады…

Жай ғана баспана емес, халық үшін қасиетті саналатын осы туынды қазақтың өткен ғасырдағы «шедеврі» тәрізді. Кең жайлауда мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі мәдениетті дамытқан қазақтың даналығын тез тігіп, жылдам жығатын осы үйдің тарихынан бағамдауға болады. Расында көшпелі өркениеттің тұрмысы мен салт-дәстүрі, рухани мұрасы осы киіз үйдің төрінде салтанат құрған.

Бір қызығы, киіз үйді жасау үлкен шеберлік пен ептілікті, асарлатуды талап еткен. Бір ғана адамның емес, бүтін бір әулеттің жұмыла жасайтын ісі болған десек қателеспейміз. Ағаш ұсталары кереге, уық, шаңырақты дайындаса, қолөнерші әйелдер киіз басып, үй жабуларын бау-басқұрларын әзірлеген. Үйге қажетті киізді көбіне қой жүнінен басқан, себебі ол қыста жылуды сақтап, жазда үйге салқындық беретін болған. Бұл қазақ қоғамындағы қолөнер шеберлігі мен отбасы бірлігін көрсететін үрдіс деуге болады.
Тыныс-тіршілігі төрт мезгілге бейімделген қазақтың киіз үйі табиғатпен тамаша үйлеседі. Қазіргі тілмен айтсақ, киіз үй ̶ нағыз экологиялық баспана. Оның желге төзімді, қыста жылы, жазда қоңырсалқын болуы, табиғи материалдардан жасалуы сөзімізге дәлел.

Киіз үй ішіндегі тәртіп, тазалық та бүгінгі буынды таңырқатпай қоймайды. Мәселен, төрге үлкен кісіні отырғызу, босағаны құрметтеу секілді ұғымдар киіз үй мәдениетімен байланысты. Тіпті бұл баспананың ішкі кеңістігіне арнайы атау берілген. Есіктен кіргендегі оң жақ бөлік ата-ананың орны болса, сол жақ тұрмыс құрмаған қыз бен үйленбеген ұлдың орны саналған. Ал үй ортасы «ошақтың орны» деп аталса, есіктен ошаққа дейінгі аралық «есік жақ» немесе «босаға» делінген. Үйдің айнала етегін «ірге» деп атаған. Қазақ бақ үйдің шаңырағында, босағасында, төрі мен табалдырығында,
керегесі мен іргесінде тұрады деп ырым еткен. Сол себепті де үй бөліктеріне көздің қарашығындай қарап, ретті етіп, аялап ұстаған. Киіз үйлер қолданылуына қарай тұрғын үй қызметіндегі, қонақ қабылдауға арналған және жылжымалы болып бөлінген. Бұдан бөлек, қойма немесе сарай орнына қолданылған асхана қызметіндегі киіз үй де болған. Байқап қарасаңыз, киіз үйдің бөліктері мен жабдықталуы тұтас бір ғылымды қамтып тұрғандай. Мәселен, шаңырақ ̶ киіз үйдің ең қасиетті
бөлігі. Ол үйдің төбесін ұстап қана қоймай, отбасының, ұрпақ жалғастығының символы белгісін көрсетеді. Қазақта «шаңырағың биік болсын» деген тілек осыдан шыққан. Уық ̶ шаңырақты керегемен байланыстыратын ағаш бөліктері. Олар үйдің күмбез тәрізді пішінін жасайды. Ал кереге ̶ киіз үйдің қабырғасын құрайтын тор көзді ағаш құрылым. Сондай-ақ үйді жауып тұратын туырлық, үзік, есік немесе сықырлауық, түндік секілді киіз үй жабдықтары бар. Ертеде киіз үйді көлеміне қарай тасымалдау үшін бірнеше түйе қажет болған. Осы орайда көз тартар көркемдігімен ерекшеленетін қазақтың ақ үй, ақ орда, боз үй, отау үй деп аталатын түрлеріне тоқталсақ. Ақ орда – қазақ феодалдарының, сұлтандарының халық шеберлеріне арнайы жасататын киіз үйі. Орда туралы мәліметтер 16-18 ғасырдағы тарих зерттеушілерінің еңбектерінде кездеседі. Саяхатшы Христофор Барданестің жазбасында сұлтандардың киіз үйі үлкендігімен, ақ түсті әрі жабдықтарының сән-салтанатты болуымен ерекшеленгені айтылады. Ондай киіз үйлердің бірнеше бөлмеге бөлінгені, ортасында үлкен қазан асулы тұратыны да деректерде көрсетілген. Ал жастарға арналан киіз үйдің отау және күйме атты екі түрі болған. Отау ̶ қазақтың байырғы сөзінің бірі. Бұл үлкен үйден бөлініп шыққан, бірақ әлі де сол ауылдың ықпалымен көшіп-қонатын үй екенін білдіреді. Тарихта отаудың да сәнді үй жиһаздарымен көзге түскені айтылады. Күймелі арба үстіндегі киіз үй ̶ қыпшақтар мен ноғайлардың, қазақтардың көшіп-қонғанда, ұзақ жолда жүргенде пайдаланған тұрғын үйі. Оларда тек қыздар мен балалар қоныстанған. Бұл туралы Рубрук «Әйелдер өздеріне тән әдемі күймелер жасатқан. Олар бойжеткен қыздар тұратын бөлме қызметін атқарған» деп жазады. Айта кетейік, қазақта ақ түс тазалықтың, молшылық пен берекенің белгісі саналған. Киіз үйдің ақ түсте болуы және кей деректерде «ақ үй», «ақ орда» аталуы да осымен байланысты.

Тарихты зерделегенде, киіз үйдің дипломатиялық орын болғанын да көруге болады. Ертеде елге келген сыйлы қонақтар, билер мен батырлар киіз үйге түсіп, халық арасындағы түйінді тақырыптарды кеңескен. Киіз үйдің төріне отырғызу арқылы адамның дәрежесі мен құрметі де анықталған.
P.S. Көшпенділер кеңестігінде киіз үйдің орны қашан да тарихи маңызға ие. Кең далаға қаншама тас қамал үйлер тұрғызылса да, қазақтың әр баласы киіз үйді көргенде жылы естеліктерді есіне түсіреді. Себебі киіз үйдің шаңырағында халықтың тарихы, керегісінде бірлігі, уығында үміті сақталған.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!