Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында Англиядағы әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірі саналатын, QS әлемдік рейтингінің 51–100 тобына кіретін Ноттингем университетінің Құрылыс инженериясы кафедрасының профессоры, PhD докторы Серік Тоқболаттың қатысуымен мазмұнды кездесу өтті.

Кездесуге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Сәулет және құрылыс өндірісі» білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылар құрамы мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының мамандары қатысты.

Жиын барысында профессор Серік Тоқболат өзінің ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып жатқан инновациялық технологиялар мен заманауи инженерлік шешімдерге тоқталды. Ол жол құрылысы мен құрылыс инженериясы саласында кездесетін өзекті мәселелерді көтеріп, олардың тиімді шешу жолдары туралы пікір алмасты.

Ғалымның ғылыми зерттеулері тұрақты даму қағидаттарына негізделген құрылыс инженериясына, айналмалы экономика (Circular Economy) тұжырымдамасын енгізуге және құрылыс саласының қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған. Зерттеу жұмыстары ресурстарды барынша тиімді пайдаланатын, энергия тұтынуы төмен әрі экологиялық талаптарға сай келетін ғимараттарды жобалау мен салудың жаңа тәсілдерін қамтиды. Бұл бағытта сәулеттік жобалау, инновациялық құрылыс материалдары және цифрлық технологиялар кешенді түрде қолданылып келеді.

Сонымен қатар профессор құрылыс саласын цифрландырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, ғимараттардың өмірлік циклін бағалау (Life Cycle Assessment – LCA) әдістемесі мен ғимараттар туралы ақпараттық модельдеу (Building Information Modeling – BIM) технологияларының құрылыс нысандарының сапасын арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және жобалардың экологиялық тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құралдар құрылыс жобаларын жоспарлаудан бастап, пайдалануға беру және қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейінгі барлық кезеңдерді ғылыми тұрғыдан басқаруға жағдай жасайды.

Кездесу барысында жол құрылысының сапасын арттыру, инновациялық материалдарды пайдалану, инфрақұрылым нысандарының ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу және халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Мұндай кездесулер отандық құрылыс және жол саласының мамандарына халықаралық тәжірибемен танысуға, заманауи ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге және болашақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!