Бүгін Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов «15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне» орай сала мамандары мен ардагерлерін әкімдік ғимаратының мәжіліс залында қабылдады.

Жиында аудан әкімі сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, теңгенің алғаш айналымға енуіне,  ауданның жеткен жетістіктеріне, қаржылай-несиелік және бюджеттік-салықтық саясатты жүзеге асыруға, реформалар бастауындағы макроэкономикалық тұрақтылықтың тиімді тұстарын ұстануға қаржы саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі зор екендігін айтты. Содан соң аудан әкімі сала ардагерлері мен қаржы саласының қызметкерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Өз кезегінде, жиынға қатысқан сала ардагерлері Ұлттық валюта теңгені алғаш айналымға енгізіп, ескі банкноттарды айырбастау кезінде туындаған түрлі қиындықтар мен қызықты сәттерді еске түсіріп, санада жаңғыртты. 

Айта кетейік, бұл күннің қаржы саласының кәсіби мерекесі ретінде таңдап алынуы тегін емес, 1993 жылы дәл осы күні өзіміздің ұлттық валютасы – теңге айналымға енген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!