Қазір алаяқтықтың сипаты өзгерді. Бұрын қалтаға түсетін ұрыдан сақтансақ, бүгін адам өз ақшасын өзі аударып беретін жағдайға жеттік. Бар болғаны – бір қоңырау, бір код, бір сілтеме. Соңында сан соғып, қапы қалады. Ес жиып, бәрін білгенде бәрі кеш…
Расымен, цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстың да түрін өзгертті. Әлеуметтік желі мен интернет платформалар тек байланыс құралы ғана емес, сауда алаңына айналған. Ал осы кеңістікті алаяқтар өз мақсатына тиімді пайдаланып отыр. Бұл жөнінде мамандар да дабыл қағуда.
– Қазір алаяқтықтың түрі көбейген. SMS-кодты алдап алу, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, «инвестицияға ақша салсаң көбейтеміз» деп сендіру, мессенджер арқылы таныстарының атынан ақша сұрау – ең жиі кездесетін тәсілдер, – дейді Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Расында, мұндай жағдайлар көпшілікке таныс. Біреу «банк қызметкерімін» деп хабарласады, енді бірі жеңіл табыс ұсынады. Кейде тіпті жақыныңның атын жамылып, ақша сұрайды. Мұндайда адам асығыс шешім қабылдайды. Ал дәл сол асығыстық – алаяқтарға керек дүние.
Статистика да соны көрсетеді. Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 85 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, мәселе толық шешілді деуге келмейді. Дегенмен қылмыстың ашылу көрсеткіші 70 пайыздан асып, айтарлықтай жақсарған.
Кейінгі уақытта «дроппер» деген ұғым жиі айтылып жүр. Бұл – алаяқтарға көмектесетін адамдар. Яғни, өз банк картасын немесе есепшотын үшінші тұлғаларға пайдалануға бергендер.
– Алаяқтар жәбірленушілердің ақшасын тікелей алмайды. Олар басқа адамдардың есепшоттары арқылы жүргізеді. Сол себепті дропперлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Заң бойынша айыппұлдан бастап, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған, – деді Серік Тоқтыбаев.
Бұл – мәселенің тек техникалық емес, әлеуметтік қыры бар екенін көрсетеді. Өйткені кейбір азаматтар жеңіл табысқа қызығып, өз дерегін пайдалануға мүмкіндік береді. Ал оның соңы, әрине, қылмыстық іске ұласады.
Полиция қызметкерлері алдын алу шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Халық көп жиналатын орындарда мыңдаған жадынама таратылып, «SOS» батырмасы арқылы аудио ескертулер берілуде. Әлеуметтік желілерде де түсіндіру жұмыстары тоқтаған емес. Жастар ұйымдары да бұл іске тартылған.
Дегенмен басты мәселе – сақтық.
– Ең қарапайым ережелерді ұмытпау керек. SMS-кодты ешкімге айтпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу қажет. Егер күмәнді қоңырау түссе, байланысты үзіп, ресми нөмірге хабарласқан дұрыс, – деді полиция өкілі.
Шынында, интернеттегі қауіп көзге көрінбейді. Бірақ салдары ауыр. Бір сәттік сенім – үлкен проблемаға айналуы мүмкін.
Қазір қоғам цифрлық кеңістікке толық көшті. Сауда да, қызмет те, байланыс та – бәрі осы жерде. Ал қауіпсіздік сол қарқынға ілесе алмай тұр. Сондықтан әр адам ақпаратты сүзгіден өткізіп, кез келген ұсынысқа күмәнмен қарауға үйренуі тиіс. Өйткені бүгінгі алаяқ күш қолданбайды. Ол сендіреді. Ал сенімге алданған адам бәрін кеш түсінеді.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата университетінің
4-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!