Бүгінде жастарды не мазалайды? Олардың ішкі жан дүниесінде қандай уайым бар? Бұл мәселе сіз бен бізді толғандыратыны рас. Себебі қоғамның, әсіресе, жастардың психологиялық күйзелісі мен ішкі уайымы әлі де басым.
Осы орайда қала тұрғындары мен жастар арасында сауалнама жүргізуді жөн көрдік. Жастар қоғамдағы өзекті мәселе ретінде есірткіге тәуелділік, лудомания, экология мәселесі, ҰБТ-ға дайындық, ата-анамен қарым-қатынас және психологиялық қысымды жиі атап өтті. Әсіресе, Қызылорда қаласындағы экологиялық жағдайдың халық денсаулығына әсері жастарды да алаңдататынын байқадық.
Мұнымен қоса, кейбір жас ата-анамен түсініспеушілік, қоғамдағы қысымды айтса, енді бірі болашағына деген қорқыныш пен сенімсіздік мазалайтынын жеткізді. Сондықтан кез келген сөз жанды жаралап, баланың өзіне деген сенімін жоғалтуына себеп болары хақ.
Жылы сөз – жанға дауа
Адамға ең алдымен түсіністік пен жылулық қажет. Оны сезбеген бала жылулықты сырттан іздей бастады. Жасөспірімдер әр сөзді жүрегіне жақын қабылдайды. Отбасындағы түсініспеушілік пен қоғамдағы қысым да олардың психологиялық жағдайына әсер етеді.
Ал құмар ойын, лудомания және есірткі – болашағы жарқын жастарды жолдан тайдыратын қауіптің бірі. 27 жастағы қала тұрғыны Шахраһманның айтуынша, мұндай жағдайдың көбеюіне әлеуметтік желі мен қоршаған ортаның да әсері бар. Жеңіл жолмен ақша табуды қалаған жастарды теріс әрекет істеуге итермелеуде.
Аталған мәселелердің алдын алу үшін не істеу керек? Жастарға кім қолдау көрсетеді? Бұл сұраққа жауап іздеп, психолог маман Гүлжанат Кәрімбаеваға жүгіндік. Оның айтуынша, жасөспірімнің ішкі жан дүниесін түсіну үшін ата-ана ең алдымен баласымен ашық сөйлесіп, оны сабырмен тыңдай білуі қажет. Балаға кінә артпай, қолдау көрсету – жасөспірімнің сенімін арттырып, психологиялық тыныштық сыйлайды.
− Баланың ойын тыңдап, оның ішкі жан дүниесі мен сыртқы ортамен қарым-қатынасын реттеуге көмектесу – басты міндеттердің бірі, – дейді Гүлжанат Болатқызы.
Жастарға сауал жолдадық, пікірін тыңдадық. Осылайша біршама жасты тек оқу, ақша мәселесі емес, ішкі уайым жиі мазалайтынын байқадық. Кейбірі болашағына алаңдаса, енді бірі ата-анасымен қарым-қатынас және қоғам тарапынан орын алатын қысымды атап айтты. Бұл жастарға кейде жай ғана түсіністік пен қолдау керек екенін көрсетеді. Сондықтан жастардың мәселесіне бейжай қарамай, оларды тыңдап, дұрыс бағыт беру – ата-ананың міндеті.
Ақнұр АРЫСБАЙ,
Гүлсанам МҰРАТБЕК,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенттері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!