Сот жүйесінің имиджі – соттарға жүктелген міндеттердің тиімді жүзеге асырылуымен, азаматтардың соттарға қолжетімділігі мен жеңілдетілген құжат айналымымен қалыптасады
Еліміздің азаматтарының сапалы да әділетті сотпен қорғану құқығын қамтамасыз ету, азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуы, сот төрелігінің әділдігі мен толық орындалуы – еліміздің кемел болмысының көрінісі.
Ал, соттардың имиджіне – судьяның сыртқы келбеті, ауызша және жазбаша сөйлеу өнерін меңгеру, яғни өз ойын сауатты жеткізу, құқықты білу, моральдық мінсіздігі, судьяның іскерлік этикет ережелері мен этикалық нормаларын сақтау жатады.
Имидж (ағылшынның image сөзінен) – тұлғалардың анықталған тобына эмоционалдық – психологиялық ықпал ететін, мақсатты бағытта қалыптастырылған бейне.
Сондай-ақ, сот имиджінің басым бағыттарының бірі – құқықтық мәдениет деңгейін арттыру. Себебі, болашақ ұрпақты қалыптастыруда құқықтық мәдениеттің маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауының бірінші бағытын «Заман талабына сай тиімді мемлекет» деп атап, халықпен тиімді кері байланыс орнатуды, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналатынын айқындады. Сот жүйесінде жүргізілген реформалар осы талап үдесінен шыға білгені айқын. Жалпы, соттардағы реформалар – азаматтардың араларындағы даулардың оңтайлы шешілуіне, өз құқықтарының сот жүйесінде кәсіби қорғалуына үлесін тигізеді.
Сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін нығайтуға ықпал ететін реформалар сот ісін жүргізуді оңайлатуға, істердің тез әрі сапалы қаралып шешілуіне, сот актілерінің тез орындалуына, соттардың имиджін арттыруға ықпал етеді.

Қаныбек Әлихан Медетұлы,

Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!