5547 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бір жыл бойы әскери антқа адал болып, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарған жас жауынгерлер Отан алдындағы борыштарын абыроймен аяқтап, азаматтық өмірге жолдама алды.

Әскери қызмет – әрбір ер азаматтың өміріндегі маңызды белес. Бұл кезеңде жастар тек әскери дайындықтан өтіп қана қоймай, жауапкершілік пен тәртіпті, төзімділік пен табандылықты бойларына сіңіреді. Бір жыл бұрын әскери бөлімнің қақпасынан жас сарбаз болып аттаған азаматтар бүгінде өмірдің түрлі сынағына төтеп бере алатын, елдің қауіпсіздігі мен тыныштығының қадірін түсінетін азамат ретінде қалыптасты.

Салтанатты шараға әскери бөлімнің офицерлері, сержанттары, әскери қызметшілері мен сарбаздары қатысты. Жиын барысында қызмет барысында ерекше көзге түскен жауынгерлерге алғыс жарияланып, олардың әскери тәртіп пен жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері атап өтілді.

Биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі – әскери қызметін аяқтаған жеті сарбаздың жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім грантын жеңіп алуы болды. Бұл көрсеткіш әскери қызметтің жастардың білім алуына және болашақ мамандық иесі атануына үлкен мүмкіндік беретінін дәлелдейді. Мемлекет басшысының бастамасымен мерзімді әскери қызметін үлгілі аяқтаған сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігінің берілуі жастар үшін үлкен қолдау болып отыр.

Мемлекеттік грант иегерлерінің қатарынан табылған сарбаздар әскери қызметтің өздеріне тек жауынгерлік машық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен мақсатқа ұмтылуды үйреткенін атап өтті. Олар алдағы уақытта жоғары білім алып, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосуды мақсат етеді.

Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген бөлім командирінің орынбасары, подполковник Асылбек Асқарбекұлы әскери қызметін аяқтап отырған сарбаздарды құттықтап, олардың бір жыл ішінде үлкен өмір мектебінен өткенін атап өтті.

– Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Бір жыл бұрын әскери бөлім табалдырығын аттаған кезде көпшілігіңіз үшін әскери өмір таңсық болатын. Осы уақыт ішінде сіздер тәртіп пен жауапкершілікті меңгердіңіздер, қиындықтарды еңсеруді үйрендіңіздер, ұжыммен жұмыс істеудің маңызын түсіндіңіздер. Ең бастысы – Отан алдындағы қасиетті борыштарыңызды абыроймен орындадыңыздар. Әскерде алған тәжірибе өмірлеріңізде әрдайым көмегін тигізеді деп сенемін. Алдағы уақытта білім алып, еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деген сенімдемін, – деді подполковник Асылбек Асқарбекұлы.

Офицердің айтуынша, әскери қызмет жастардың мінезін қалыптастырып, азаматтық ұстанымын нығайтады. Әскер қатарында шыңдалған жастар кез келген ортада жауапкершілік танытып, қоғамның белсенді мүшесіне айналады.

Жиын барысында әскери бөлімнің қол жеткізген жетістіктері де ерекше аталып өтті. Әскери бөлімнің жауынгерлік даярлықтағы жоғары көрсеткіштері, әскери тәртіпті сақтау және жеке құрамды тәрбиелеудегі нәтижелі жұмыстары үшін бөлім командиріне Оңтүстік өңірлік қолбасшылық тарапынан арнайы мадақтама табысталды. Бұл марапат бөлім ұжымының кәсіби шеберлігі мен күнделікті еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

5547 әскери бөлімі әскери қызметшілерді кәсіби даярлау мен тәрбиелеуде өңірдегі үздік әскери ұжымдардың бірі саналады. Мұнда сарбаздардың жауынгерлік машығын жетілдірумен қатар, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, патриоттық көзқарасының қалыптасуына ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде әскери қызметін аяқтаған жастар елін сүйетін, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін азамат ретінде қалыптасып шығады.

Шара соңында әскери қызметін аяқтаған сарбаздар бөлім басшылығына, офицерлер мен сержанттарға көрсеткен қамқорлығы мен үйреткен тәлім-тәрбиесі үшін алғыстарын білдірді. Олар әскери қызметтің өз өмірлеріндегі маңызды кезең болғанын және мұнда алған тәжірибенің алдағы өмір жолында үлкен пайдасын тигізетініне сенімді екендерін жеткізді.

Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. Бұл міндетті абыроймен орындаған 5547 әскери бөлімінің сарбаздары бүгінде жаңа өмір белесіне қадам басып отыр. Бірі жоғары оқу орнына түссе, енді бірі еңбек жолын бастайды. Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ қасиет бар. Ол – әскери қызмет барысында қалыптасқан тәртіп, жауапкершілік және туған елге деген шексіз сүйіспеншілік.

Әскерде шыңдалған жастардың болашағы жарқын. Олар ертеңгі күні еліміздің әр саласында еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосатын білікті маман, саналы азамат болып қалыптасары сөзсіз.

Фатима МАРАТОВА,

Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар

жөніндегі бөлімше бастығының

(мемлекеттік тіл бойынша) аға көмекшісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!