фото: ашық дереккөзден алынды

Жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғасының статистикасын төмендетуге бағытталған ауқымды шаралар қолға алынады. Биыл Қазақстан Үкіметі мен Мәжіліс депутаттары тарапынан тағы бір жаңа бастама көтерілді. Енді автомектептерге қойылатын талаптар қатаңдатылып, олардың қызметін лицензиялау жүйесі қайта енгізіледі. Бұл қадам қоғамдағы сапасыз оқыту орталықтарын азайтады деген сенім бар.

Талап күшейсе, қауіпсіздік арта ма?

Бір ай бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң аясында автомектепке рұқсат алу үшін қажетті материалдықтехникалық база, оқу алаңдары, оқытуға арналған көліктер және білікті оқытушылар болуы тиіс. Одан бөлек рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімін құру қарастырылған. Бұл тізілім рұқсат алғаннан кейін оқу ұйымдарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Тізілімді жүргізу Ішкі істер министрлігіне жүктеледі.

– Бүгінгі қоғамда қауіпсіздікке деген тұрақты сұраныс бар. Жолда да, аулада да, цифрлық ортада да әр адам өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Заң жобасы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ол үшін жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру, салаға заманауи цифрлық құралдарды енгізу және цифрлық ортада адамның қауіпсіздігін күшейту көзделіп отыр. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады. Мұнымен қоса, заң жобасында автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Ол үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізілмек, ̶ деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, қазір елімізде 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайды. Осыған дейін жүргізілген тексеру барысында автомектептердің басым бөлігінде оқу сапасына тікелей әсер ететін кемшіліктер анықталған. Мәселен, автодромдарда жол белгілері мен таңбалар жеткіліксіз болса, кей орындарда жарықтандыру талапқа сай болмаған. Ал кейбірі оқу көліктерін техникалық ақаумен пайдаланылған. Тіпті 59 оқу ұйымының жүргізуші даярлау кезінде міндетті техникалық тексеруден өтпеген әрі сақтандыру полисі жоқ көліктерді қолданғаны белгілі болды. Осыған байланысты 20 ұйғарым беріліп, заңбұзушылықтарды жою талап етілген.

Айта кетейік, автомектептердің қызметі «Автомектеп» ақпараттық жүйесі арқылы бақыланады. Бұл жүйе арқылы берілген куәліктердің заңдылығы, оқу сағаттары мен оқу көліктері онлайн режимде тексеріледі.

Реформа нені өзгертеді?

Қызылорда қаласында жүргізушілерді даярлайтын бірнеше автомектеп жұмыс істейді. Оған қоса теориялық білім мен практикалық жүргізу дағдыларын үйрететін оннан аса оқу орталығы бар. «Жаңа лицензиялау жүйесі, қатаң талаптар автомектептердің жұмысына кедергі келтірмейді ме?» деген сауалмен сала басшысының пікірін білдік.

– Автомектептерге қойылатын талаптардың күшеюін оң бағалаймын. Себебі өзгерістер жүргізушілерді сапалы даярлауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және оқу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қоғам үшін пайдалы қадам деп есептеймін. Әрине, жаңа талаптарға бейімделу кезеңінде автомектептерге белгілі бір ұйымдастырушылық және қаржылық жүктеме түсуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімді перспективада бұл өзгерістер білім беру сапасын арттырып, жауапты жүргізушілерді даярлауға ықпал етеді.

Біздің автомектепте оқу процесі қолданыстағы заңнама мен белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылған. Материалдық-техникалық база, оқу бағдарламалары және ішкі тәртіп мемлекеттік стандарттарды сақтауға бағытталған. Заңға сәйкес талаптар жаңартылған жағдайда біз де өз жұмысымызды жетілдіріп, барлық нормативтік өзгерістерге уақытылы бейімделуге дайынбыз, – дейді «Қайрат» автомектебінің директоры Шалқарбек Молдахмет.

Ал жуырда ғана жүргізуші куәлігін алған қала тұрғыны Сәбира Қайырбекқызы көлік жүргізу салғырт қарайтын дүние еместігін айтады.

– Маған көлік жүргізуді үйрену оңайға соқпады. Бірақ баланы балабақша, емхана, ойын алаңдарына қоғамдық көлікпен апару одан да қиын. Жеке көлікпен баламды еркін, тез жеткізу үшін автомектепте жол ережесін оқып, үйреніп жүргізуші куәлігін алдым. Бұл қадамға балаларым үшін барғандықтан, үлкен жауапкершілік сезіндім. Жүргізуші куәлігін сатып алмауымның басты себебі де осы. Мен оқыған автомектептің жабдықталуы, ішкі тәртібі көңілімнен шықты. Алдағы уақытта сапаны нығайту мақсатында өзгерістер енгізілсе артық етпейді деп ойлаймын, ̶ дейді екі баланың анасы.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, жүргізушілерді даярлау жүйесін жаңарту қажеттігі жол апатының көбеюімен байланысты. Кейінгі уақытта автомектеп түлектерінің қатысуымен орын алған апаттар да тіркелген.

Автосарапшы Алексей Алексеев отандық басылымда қазіргі оқыту жүйесінің заман талабына сай емесін айтады.

– 2025 жылы Қазақстан жолдарында 2330 адам қаза тапты. Бұл бір шағын қала немесе ауылдың халқымен тең. Бізге түбегейлі реформа қажет. Қазір жүргізушілерді 50-70 жыл бұрынғы әдіспен оқытып жатырмыз. Мен 30 жыл бұрын құқық алған кезде де билеттер дәл осындай болатын, ̶ дейді сарапшы.

Автомектептердің әлемдік үлгісі қандай?

Әлемнің әр түпкірінде жүргізуші куәлігін алу тәртібі мен талаптары бір-бірінен ерекшеленеді. Кейбір елдерде жүргізуші болуға үміткерлер ұзақ уақыт арнайы дайындықтан өтіп, бірнеше сатылы күрделі сынақтардан өтеді. Мұның бәрі жол қауіпсіздігін сақтап, көлік апатының алдын алуға негізделген. Осы орайда жаһан елдерінде автомектептерге қандай талап қойылатынын зерттеп көрдік. Барлық елге ортақ басты бір талап бар. Оқу орталықтары ресми рұқсатқа ие болып, қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі және білікті мамандармен жұмыс істеуі тиіс. Соны – мен қатар оқу барысында теориялық білім мен көлік жүргізу тәжірибесі қатар қамтылады. Мысалы, Жапонияда жүргізушілерді даярлау жүйесі қатаң тәртіпке негізделген. Бұл мемлекет жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі, сондықтан жүргізуші дайындау бағдарламасы әлемдегі ең күрделі жүйелердің бірі саналады. Көптеген азаматтар лицензиясы бар арнайы автомектептерде білім алады. Мұндай оқу орындарында жеке автодром, бекітілген оқу жоспары және арнайы сертификатталған нұсқаушылар болуы міндетті. Жапонияда жүргізуші куәлігін алу орта есеппен 350 мың иенді құрайды, бұл шамамен 1 миллион теңге шамасында.

Германияда да жүргізуші куәлігін алу жауапты әрі күрделі процесс саналады. Бұл елде болашақ жүргізушілер тек көлікті басқаруды ғана емес, жолдағы түрлі қауіп-қатерге дұрыс әрекет етуді үйренеді. Сондықтан автомектептерге қойылатын талаптар өте жоғары. Олар міндетті түрде мемлекеттік лицензия алуы қажет. Сабақ өткізу үшін арнайы жабдықталған көліктер мен тәжірибелі нұсқаушылардың болуы шарт. Германияның кейбір аймақтарында жүргізуші куәлігін алу шығыны 4500 еуроға дейін жетеді, бұл шамамен 2,5 миллион теңгеге тең.

Ал АҚШ-та жүргізушілерді даярлау тәртібі әр штаттың заңына байланысты өзгереді. Сол себепті талаптар да аймаққа қарай әртүрлі болады. Мәселен, Калифорнияда жас жүргізушілер кәсіби нұсқаушымен белгілі бір сағат көлемінде тәжірибеден өтіп, ата-анасының бақылауымен қосымша көлік жүргізуі керек. Ал Техас штатында теориялық сабақтардың бір бөлігін интернет арқылы оқу мүмкіндігі қарастырылған.

АҚШ-тағы автомектептерге қойылатын талаптар Германия мен Жапониямен салыстырғанда біршама жеңілдеу. Кейбір нұсқаушылар арнайы қысқа мерзімді дайындықтан кейін жұмыс істей алады. Ел бойынша жүргізуші куәлігін алу бағасы штат ерекшелігіне қарай шамамен 300-ден 1000 долларға дейін өзгереді.

Г.ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!