фото: baq.kz

Бүгінде жасанды интеллект туралы естімеген адам кемде-кем. Бірнеше жыл бұрын ғылыми фантастика болып көрінген дүние қазір күнделікті өміріміздің бір бөлшегі десек, артық айтпаймыз. Әсіресе мектеп оқушылары үшін Жасанды интеллект таптырмас көмекші құралға айналды. Эссе жазу керек пе? ЖИ көмектеседі. Есеп шығару керек пе? Дайын жауабы бар. Тіпті күрделі ғылыми жобаның өзін бірнеше секундта әзірлеп береді-мыс. 

Бірақ осы жеңілдіктің артында үлкен мәселе жатқан жоқ па? Меніңше, бүгінгі мектеп біліміндегі ең өзекті сұрақтардың бірі – оқушылардың білім алу үшін емес, дайын жауап алу үшін жасанды интеллекті пайдалануы. Технология дамыған сайын адамның ойлау қабілеті дамуы тиіс еді. Алайда кей жағдайда керісінше болып жатқандай көрінеді. 

Қазір көптеген оқушы бақылау жұмыстары мен емтихандарға дайындалғанда кітапқа емес, жасанды интеллектке жүгінеді. Кейбіреулер тақырыпты түсіну үшін қолданса, енді бірі дайын жауапты көшіріп алумен шектеледі. Өзім оқушы ретінде осы көріністің куәгерімін және бұл мені алаңдатады. 

Білімді тексеруге арналған емтиханның мақсаты – дұрыс жауапты табу ғана емес, сол жауапқа жету жолын меңгеру. Ал ЖИ-ге толық тәуелді болған оқушы ойланудан қалады емес пе? 

Шынында да, біз кейде есептің шешу жолын түсінбей-ақ нәтижесін көшіріп аламыз. Шығарманың мазмұнын оқымай-ақ қысқаша нұсқасын аламыз. Рефератты өзіміз жазбай-ақ дайын мәтінді пайдалана салатын болдық. Мұндай жағдайда баға жоғары болғанымен, білім деңгейі жоғарылады деу қиын. 

Жасанды интеллектіні толықтай кінәлау дұрыс емес. Өйткені мәселе технологияда емес, оны қолдану мәдениетінде дер едім. 

Кезінде калькулятор шыққанда да адамдар «балалар есеп шығаруды ұмытады» деп қорыққан. Интернет пайда болғанда «кітап оқылмай қалады» деген пікірлер айтылды. Алайда бұл құралдар уақыт өте келе дұрыс пайдаланылған жағдайда пайдалы екенін дәлелдеді. 

ЖИ де сондай мүмкіндік. Ол оқушыға түсінбеген тақырыбын қарапайым тілмен түсіндіріп бере алады. Шет тілін үйренуге көмектеседі. Ғылыми ақпараттарды жылдам табуға мүмкіндік береді. Уақытты үнемдейді.

Оқушы ойлануы үшін қандай өзгеріс қажет?

Менің ойымша, мектептерде ЖИ-ді пайдалануға тыйым салудан гөрі, оны сауатты қолдануды үйрету маңызды. 

Мысалы, «Жасанды интеллект сауаттылығы» атты арнайы факультативтік сабақ енгізуге болады. Бұл пәнде оқушыларға ЖИ-дің мүмкіндігі мен шектеулері түсіндірілер еді. Ақпараттың шынайылығын тексеру, дереккөзді салыстыру, жасанды интеллект жасаған мәтінді өңдеу секілді дағдылар үйретілсе, оқушылар дайын жауапқа тәуелді болмайды. 

Сонымен қатар бағалау жүйесін де жаңарту қажет сияқты. Қазір көп жағдайда нәтиже ғана бағаланады. Ал оқушының сол нәтижеге қалай жеткені назардан тыс қалады. Егер мұғалімдер орындау процесіне, талдау мен дәлелдеуге көбірек мән берсе, ЖИ арқылы көшіріп алу әлдеқайда қиын болар еді. 

Жобалық жұмыстарды көбейту, ауызша қорғау жүйесін енгізу және сыни ойлауға бағытталған тапсырмаларды арттыру да тиімді шешімдердің бірі болмақ.

Болашақ мамандар қандай болуы керек?

Ертеңгі күні еңбек нарығында тек ақпарат білетін адам емес, ақпаратты саралай алатын адам сұранысқа ие болады. Өйткені ақпаратты жасанды интеллект те табады. Бірақ оның дұрыстығын бағалап, шешім қабылдайтын – адам. 

Сондықтан біз ЖИ-мен бәсекелес болуға емес, онымен бірге жұмыс істеуге үйренуіміз керек. Болашақ дәрігер де, мұғалім де, журналист те жасанды интеллектіні қолданады. Алайда олардың кәсіби құндылығы технологияны пайдалануында емес, адамға тән ойлау қабілетінде болады.

Сөз соңында, жасанды интеллект – заманның шындығы. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Бірақ оған толық тәуелді болу да қауіпті. Егер біз әр тапсырманы ЖИ-ге орындата берсек, уақыт өте келе өзіміздің ойлау қабілетімізді әлсіретіп аламыз. 

Сондықтан жасанды интеллектіні сауатты қолдануды үйренейік. Сонда ғана технология білімнің жауына емес, оның сенімді серігіне айналады. 

Бағдаулет ОРАЗАЛЫ,

Н.Ахмадиев атындағы

 № 112 мектептің 11 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!