Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Семей полигоны: қасіретті тарих» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Тарихи маңызы зор шараның негізгі мақсаты – халқымыздың жадында өшпес із қалдырған ядролық сынақтардың зардабын кеңінен танытып, полигон тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Фотокөрмеге қойылған тарихи суреттер мен фотодеректер арқылы келушілер Семей ядролық полигонында жүргізілген сынақтардың ауқымы мен салдарын, оның адам денсаулығына, табиғатқа және тұтас аймақтың әлеуметтік жағдайына тигізген ауыр зардабын бағамдай алды. Әрбір фотосурет сол кезеңнің шындығын көрсетіп, ядролық қарудың адамзатқа төндірер қауіпін айқын сезіндіреді.

Семей полигонының тарихы – Қазақстан халқы үшін аса қасіретті кезеңдердің бірі. 1949 жылғы 29 тамызда алғашқы ядролық сынақ жасалып, одан кейінгі ондаған жыл бойы бұл аумақта жүздеген жарылыс өткізілді. Жарылыстардың салдарынан полигонға жақын орналасқан елді мекендердегі тұрғындар радиациялық сәулеленуге ұшырап, оның зардабы бірнеше буынға жалғасты. Табиғи ортаға да орасан зиян келіп, жер мен су көздерінің ластануы, экологиялық ахуалдың нашарлауы халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер етті.

Көрмеде полигондағы сынақтардың хронологиясы мен оның зардаптарын айғақтайтын фотоматериалдармен қатар, ядролық қаруға қарсы қоғамдық қозғалыстың қалыптасуы мен тарихи қызметі де кеңінен көрсетілді. Әсіресе 1989 жылы құрылған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының ел тарихындағы орны ерекше. Қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен қарапайым азаматтар бірігіп, ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті. Бейбіт бастама уақыт өте келе бүкіл әлемге танылып, ядролық қаруға қарсы қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етті.

Фотодеректер сол кездегі азаматтардың бейбітшілік жолындағы табанды күресін де айқын көрсетеді. Шерулерге шыққан халық, ядролық сынақтарды тоқтатуды талап еткен үндеулер, қозғалыс мүшелерінің кездесулері мен тарихи сәттер – ел азаматтарының ортақ мақсат жолында жұмыла білгенін аңғартады. Бұл қозғалыс халықтың азаматтық ұстанымын танытып қана қоймай, ядролық қарусыздану идеясының кеңінен таралуына жол ашты.

Бүгінде Семей полигонының қасіретті тарихын ұмытпау – кейінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Себебі өткеннің ауыр сабақтарын білу – болашақта мұндай қасіреттің қайталануына жол бермеудің негізі. Музейде ұйымдастырылған фотокөрме осы мақсатқа қызмет етіп, келушілерге бейбітшіліктің қадірін түсінуге, ядролық қарудың адамзат пен табиғатқа төндіретін қаупін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Көрме арқылы қозғалыстың тарихи қызметі мен қоғамдағы орны фотодеректер негізінде насихатталып, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға ерекше мән берілді. Әрбір тарихи сурет – өткеннен жеткен үн, ал сол үн адамзатқа бейбітшілікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады.

Семей полигонының тарихы – қасіретті тарих. Бірақ ол сонымен бірге халықтың бірлігі мен азаматтық табандылығының, бейбітшілікке деген ұмтылысының да тарихы. Сондықтан бұл кезеңді есте сақтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа жасалған жауапты қадам.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!