Арман қуып алып қалаға келген студентке қойылатын сұрақтың бірі осы. Жатар жері, ішер асы бар ма деп әке-шешеміз уайымға салынатыны да өтірік емес. Тіпті, жатақханаға балаларын жатқызуға қорқатын ата-аналар бар.
Менің де ата-анам сол қатардан болған. Дегенмен жаңа достар, жаңа орта қалайтынымды түсіндіргенімде ата-анам қолдау білдірді. Алғашқы күн әлі есімде. Тамыздың жиырма тоғызыншы жұлдызында жатақханаға орналасуға келген болатынбыз. Жанымда өзім секілді қаланы алғаш көрген балмұздақ қыз бар еді. Бәріне жатырқай қарап, бөлмеден шықпай жүрдік. Кейін алғашқы туған күндер басталды, түрлі шараларға қатыса бастадық. Осылайша арада бір апта өтер-өтпестен белсенді бірінші курс студенттерінің қатарына еніп, жатақханадағы қызықты күндер басталды. Кез келген шараға белсене, шынайы қызығушылықпен қатысатынбыз. Шарада, жатақ­ханада бірге жүрген түрлі курс студенттері бір үйдің бала­ла­рын­дай болып кеткенімізді байқамай да қалдық. Бауыр сияқты бір-бірімізден ештеңе жасырмай, қажет кезде қолдау білдіретінбіз.
Жатахқана мен студенттік өмірдің алғашқы жылдарынан түйгенім: материалдық жағынан қандай жағдайда өмір сүріп жатқаның емес, жаныңда қандай адамдар жүргені маңызды. Себебі адамның қандай екенін досына қарап білуге болады. Жалғыздықта қалдырмайтын, сыйлайтын, өзіне парыз, қарыз деп санамай, есепсіз достасатын жандардың болғаны да бір бақыт.

Анеля Әлиқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!