Сұлутөбем – құтты мекен, жайнаған,
Сырдың нұры төгілгендей сайдаған,
Тарихыңда талай сыр бар тереңнен,
Әрбір тасын шежірелер айта алған…
Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын қасиетті ұғым – туған жер. Ол – балалық шақтың естеліктері, өмірдің алғашқы қадамдары жасалған мекен, барша жанға ыстық әрі кір жуып, кіндік кескен жер. Туған жерге деген сүйіспеншілік – адамның бойындағы ең шынайы, ең терең сезімдердің бірі.
Қазақ даласының әр өңірі өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Солардың ішінде Қызылорда – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық құндылықтарды берік ұстанған қасиетті өлке.
Қызылорда десе, көз алдымызға кең дала, Сырдарияның сұлу жағасы, жыршы-жыраулардың үні, қонақжай ел елестейді.
Сыр елінің әрбір ауылы – осы руханияттың бір бөлшегі. Солардың бірі – балалық шағымның бал дәурені болған Сұлутөбе ауылы.
«Ескерген ескісін сақтайды, ел болған естісін сақтайды» демекші, өткенді құрметтеп, тарихты бағалау – біздің парызымыз. Көненің көзін көрген, тарих десе жанын салатын қарт атамның айтуынша, ауылымыздың атауының шығу тарихы аңызбен ұштасады.
Ертеде бұл жерде биік төбе болған деседі. Сол төбенің басында күн сайын бір сұлу қыз пайда болып, кеш бата ғайып болып кетеді екен. Ауыл ақсақалдары мен жолаушылар әлгі арудың сұлулығына тамсанып, таңғажайып көрініске куә болған. Осы құпия құбылысты ел аузындағы аңызға айналдырып, ауылды Сұлутөбе деп атап кетіпті. Аңыз уақыт өте келе ел жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыздан бастау алған ауылым өзіндік ерекшелігімен айшықталып, оны одан әрі көркейтуге деген ықыласымызды арттыра түседі. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген осы емес пе?!
Осындай киелі мекеннен елге танылған талай асыл тұлғалар шыққанын ауыз толтырып, мақтанышпен айта аламын. Бұл топырақтан шыққан ақын-жазушылар, өнер иелері, батырлар мен қоғам қайраткерлері тарихта із қалдырды. Солардың бірегейі – түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат Мұстафа Шоқай. Алаш партиясында болды, Түркістан автономиясының басында тұрды. 21 жыл Еуропада жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға. Осы тұста туған жерім – таланттар ордасы, ақындардың шабытын оятқан, жазушылардың қаламын тербеген қасиетті мекен екендігіне қуанамын. Ауылымыздың маржандай тұлғалары Қаршыға Есімсейітова мен Сұлтанәлі Балғабаев – Сыр елінің мақтанышы. Олардың шығармалары туған жердің рухын асқақтатып, ұлттық әдебиетімізге өлшеусіз үлес қосты. Осындай дара тұлғалардың біздің өңірден шығуы – біз үшін зор мақтаныш!
Мен үшін Сұлутөбе – жай ғана туған жер емес, қазақы рухтың, тарих пен дәстүрдің алтын бесігі. Бұл ауылда үлкендер сөзі – заң, қазақы салт-дәстүр берік, қонақжайлық пен бауырмалдық ерекше. Мұнда туған әрбір жанның бойында қазақы қайсарлық, мәрттік пен адалдық бар.
Сұлутөбе – менің өткенім, бүгінім, болашағым. Осында кіндік қаным тамды, осында ата-бабам өмір сүрді, осында ұлттық рухтың оты сөнбей жанып тұр. Мен қайда барсам да, туған ауылымның топырағы, Сырдың самалы, дархан даланың кеңдігі, атамекенімнің қасиеті жүрегімде бірге жүреді.
Сұлутөбе – менің мақтанышым!
Аружан ЕСІМСЕЙІТОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!