Қаланың өзі ұйқының құшағында жатқанда, таңғы төрт жарымда оянып, күніңізді серуендеуден бастай аласыз ба? Ал біздің кейіпкеріміз Гүлмира Ильясова 2022 жылдан бері таңғы серуенді күнделікті дағдыға айналдырып, бүгінде жүздеген әйелдің өмір салтын өзгертуге ықпал етіп келеді. Бұл жолға қалай келді? Расымен бізге де қызық.

Гүлмира Әйпенқызы негізгі қызметі бойынша «Интергаз Орталық Азия» компаниясында жұмыс істейді. Сонымен қатар жүздеген әйелді таңғы серуенге жұмылдырып жүрген, «таңғы серуен – салауатты өмір салтының негізі» деген ұранды серік еткен белсенді ұйымдастырушы. «Барлығы«Instagram» желісіндегі «Сиқырлы таң» клубының жетекшісі Динара Уалинамен танысудан басталды» дейді кейіпкеріміз.

− Әлеуметтік желінің оңтайлы тұсын тапсаң, оның да пайдасын көресің. «Instagram» желісі арқылы Динара Уалимен таныстым. Клуб жетекшісінің парақшасында таңғы серуеннің пайдасы, салауатты өмір салты мен ұлттық құндылықтарға негізделген түрлі бейнеролик бар. Сол арқылы деннің саулығына назар аудару керек екенін толық түсінесің, − деді ол.

Таңғы серуенді әдетке айналдырғандар

«Өзгемен емес, өзіңмен алыс» қағидасын ұстанған клуб 40 күндік арнайы марафондар ұйымдастырған.Марафон барысында қатысушылар таңғы 04:30-06:30 аралығында серуен жасап, денсаулықтарын нығайтады. Осылайша жоғары нәтижеге қол жеткізген Гүлмира Әйпенқызы Алматы қаласында өткен «Сиқырлы таң» жиынында таңғы серуен модераторы атанған. Бүгінде ол «Жаңа мен» және «Сыр гүлі» атты екі топқа жетекшілік етеді.

− Бұл топтардың негізгі мақсаты – қыз- келіншектерді ерте тұруға, денсаулыққа пайдалы әдеттерді қалыптастыруға және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған орта құру. Қызылорда қаласында құрылған «Сыр гүлі» тобында қазір100-ден астам қатысушы бар. Әр апта сайын тұрақты кездесулер өткізіп, қаланың көрікті жерлеріне серуен мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырамыз, − деді Гүлмира Ильясова.

Иә, мамандар да таңғы серуеннің адам ағзасына пайдасының мол екенін айтады. Атап айтқанда, таңғы серуеннің арқасында жүрек-қан тамыр жүйесі нығаяды,қан айналымы жақсарады, бұлшықеттер шынығады. Сонымен бірге, таңғы күн сәулесі ағзадағы серотонин деңгейін арттырып, көңіл күйді көтереді және күйзелісті азайтады, биологиялық ырғақты қалыпқа келтіріп, ұйқы сапасын жақсартады. Сонымен қатар, миға оттегі қорының жетуін арттырып, ойлау қабілетін дамытады және зат алмасу процесін жандандырады.

Таңғы серуенді әдетке айналдырғандар

«Сиқырлы таң» қауымдастығы тек дене белсенділігімен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ерекше мән береді. Мысалы әр қалада өтетін кездесулер ауылдың атмосферасын жаңғыртып, қатысушыларға дәстүрлі қолөнер мен тұрмыстық мәдениетті таныстыруға бағытталады.Жыл сайын наурыз айында қауымдастықтың құрылған күні кең көлемде атап өтіледі. 2024 жылы бұл мерейтой Ақтау қаласында ұйымдастырылып, қатысушылар Каспий теңізін тамашалап, Маңғыстау өңіріндегі киелі орындарға зиярат жасады. Былтыр Қызылорда қаласында өтті.

− Қызылордаға еліміздің 11 өңірінен келген қыз-келіншектер қатысты. Қонақтарды әуежай мен теміржол вокзалынан күтіп алып, ұлттық дәстүрге сай қарсы алу рәсімдері ұйымдастырылды. Әр өңір өз өнерін көрсетіп, мәдени бағдарламалар ұсынылды.

Бұл бастама – елімізде салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, әйелдер қауымының бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба, − дейді ол.

Қызылордалық «Сыр гүлі» тобының алғашқы қатысушыларының қатарында Гүлжан Сүлеева, Сара Сапарбаева, Тоня Кулеева, Алмат Байнаев пен Раушангүл Жұмағалиева, Индира Жүсіпова, Гүлжазира Кемелова, Әйгерім Мұсаева, Жанар Оралбаева, Мерекова Әсем, Кенжегүл Омарова, Гүлдаурен Қосмағанбетова мен Жазира Жұмабекқызы бар. Олардың бірі зейнеткер, энергетика саласының маманы, банк қызметкері, енді бірі жеке кәсіпкер.

Таңғы серуенді әдетке айналдырғандар

− Жалпы, таңғы серуен – әрбір қыз-келіншекке аса қажетті салауатты өмір салтының маңызды бөлігі. Себебі әйел адамның ішкі және сыртқы өзгерісі оның отбасы мен қоршаған ортасына тікелей әсер етеді. «Әйел өзгерсе – әлем өзгереді» деген қағиданың астарында үлкен мән жатыр. Адам өз-өзімен жұмыс істей бастағанда, оның айналасы да оң өзгерістерге бет бұрады. Мұндай үлгі балаларына да әсер етіп, олардың дұрыс бағытта қалыптасуына ықпал етеді.

Қазіргі таңда түрлі өмірлік қиындықтың әсерінен күйзеліске түскен аналар аз емес. Осындай сәттерде таңғы серуен клубы олардың өміріне жаңа серпін беріп, үміт пен жігер сыйлайтын маңызды ортаға айналады, деп қорытындылады ол.

Айтпақшы, таңертең қиналмай тұру үшін, 22:00-де ұйықтау қажет. Бәлкім, 4:30 сіз үшін әлі ерте көрінер. Бірақ дәл осы уақытта басталған бір қадам көптеген әйелдің өмірін өзгертіп үлгерді.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!