Кейінгі жылдары өңірімізде каргоның жұмыстары қарқынды дамып жатыр. «Pinduoduo», «Temu», «Taobao» және «1688» секілді Қытайдың ірі сауда платформаларынан қолжетімді бағада заттарға тапсырыс беру әрбір тұрғынның күнделікті әдетіне айналды. Жалпы карго деген не? Карго қызметі – тауарды бір елден немесе қаладан екінші жерге жеткізумен айналысатын логистикалық қызмет түрі. Қызылордада бұл бағытта жұмыс істейтін бірнеше компаниялар мен жеткізу пункттері бар. Мұндай қызметтер тұрғындар арасында жиі қолданылады. Осы орайда қалада бірнеше логистикалық компанияларға арнайы бардық. Сенесіз бе, осы компанияларға тірі жүз тасбақаға тапсырыс беріп, оны аман-есен қолына алған адамдар да бар екен.
Күн сайын жүздеген тапсырыс қабылданатын, кейде қызметкерлердің өзін таңғалдырған ерекше сәлемдемелер де кездеседі. Осы саланың жұмысы туралы білу мақсатында карго қызметкері Динамен сұхбаттастық. Динаның айтуынша, оның карго саласында еңбек етіп жүргеніне бір жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында ол көптеген тапсырыс қабылдап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.
– Тұрғындар көбіне киім- кешек, аяқ киім, ұсақ-түйек заттар мен түрлі ыдыс тапсырыс береді. Карго арқылы келген тауарлардың барлығы арнайы талаптарға сай жеткізіліп, бүлінбей әрі сынбай қолдарына тиеді. Тапсырыстардың жеткізілу мерзімі де көп күттірмейді. Әдетте тауарлар 8-10 күн ішінде келеді, ал кей жағдайларда одан да ертерек жеткізілуі мүмкін. Тұрғындардың бірі 100 дана тасбақаға тапсырыс берген. Біз оны да аман-есен алдырып, иесіне табыстадық. 100 тасбақа бір қорапқа сыйып кетті, – деді ол.
Иә, онлайн тапсырыс беру көп адам үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсілге айналған. Осы қызмет түрін көп қолданатын Нұрай өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл әдіс уақытты үнемдеп, керек заттарды үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Ол көбіне киімдер, аксессуарлар және аяқ-киімдерге тапсырыс береді. «Бұл тауарлар күнделікті өмірде жиі қолданылатындықтан, онлайн сатып алу өте қолайлы. Сапа мәселесіне келетін болсақ, тапсырыс берген заттардың сапасына көңілім толады. Сонымен қатар жеткізу уақыты да ұзақ емес, әдетте 8-10 күн аралығында тауар қолыма тиеді», – деді ол бізбен әңгімесінде.
Қазіргі таңда карго қызметі халық арасында кеңінен қолданылып, шетелден тауар алдырудың ең қолайлы тәсілдерінің біріне айналған. Осы салада еңбек етіп жүрген Өркенмен сұхбаттасып, қызмет барысымен таныстық. Оның айтуынша, карго қызметі өзіне ұнайды, себебі әртүрлі елден келетін тауар тиімді бағамен әрі уақытында жеткізіледі.
– Есімде қалған ең қызықты тапсырыс – бақшаға отырғызылатын гүлдерге жасалған тапсырыс. Мұндай ерекше сұраныстар жұмыс барысында есте қаларлық жағдайдың бірі саналады. Карго қызметінде жеткізу мерзімі де маңызды рөл атқарады. Компанияда тауарлар орта есеппен 10-14 күн ішінде жеткізіледі, – деді ол.
Компания қызметкерлерінің айтуынша, соңғы жылдары карго қызметіне деген сұраныс едәуір артқан. Әсіресе шетелден және басқа қалалардан келетін тапсырыстар саны көбейген. Мамандардың сөзінше, уақытылы жеткізу мен клиент сенімі жұмыстағы басты қағида болып табылады.
Карго компаниясын тандау кезінде бірнеше маңызды жайтқа назар аударған жөн. Ең алдымен, компанияның беделі мен тұтынушылар пікірін зерттеу қажет. Әлеуметтік желілердегі, карталардағы және түрлі платформадағы пікірлер қызмет сапасы туралы нақты ақпарат береді. Егер компания жайлы жағымды пікірлер көп болса, оған деген сенім де артады. Сонымен қатар, карго пунктінің орналасқан жері де маңызды рөл атқарады. Үйіңізге немесе жұмыс орныңызға жақын орналасқан бөлімше уақыт пен қаражатты үнемдеуге көмектеседі. Автотұрағы ыңғайлы және қолжетімді орындарды таңдаған дұрыс. Тағы бір маңызды мәселе – сақтандыру саясаты. Кей жағдайларда жүк жоғалып кетуі немесе тасымалдау барысында зақымдануы мүмкін. Сондықтан компанияның мұндай жағдайда қандай өтемақы төлейтінін, жауапкершілік деңгейін алдын ала біліп алған жөн.
Карго қызметі – қазіргі замандағы ең маңызды, сұранысы көп салалардың бірі. Ол елдер арасындағы байланысты нығайтып, сауда көзін дамытады. Бүгінде адамдар өздеріне керек тауарларды уақытылы, әлемнің кез келген нүктесінен оңай сатып ала алады. Сондықтан карго тек жүк тасымалдау қызметі ғана емес, экономиканың дамуына да үлкен үлесін қосатын салалардың бірі.
Мансұр ОРАЗ,
Кәусар ТҰРСЫНХАН,
Сымбат ОРДАБАЙ
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенттері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
