Бірнеше жыл бұрын TikTok  туралы ешкім біл­­мейтін еді. Жұртшылық үшін TikTok жасөспірім­дер билейтін немесе көңіл көтеретін ортаңқол платформа қата­ры­нан табылған. Дегенмен бүгінде TikTok Instagram және YouTube-пен бәсекелесе алатын әлеуметтік желіге айналды. Қазір TikTok блогерлері жұлдыз ата­нып, беделді брендтермен жұмыс іс­теп, контентін та­быс­қа айналдырып отыр.

Жазылушы саны маңызды емес

Мұнда бейнероликтің ұзақтығы, лүпіл, пікір және қаралым саны роль ойнайды. Блогердің миллион жазылушысы бола тұра, ұсынған контенті бар болғаны 10 мың қаралым жинаса, нашар көрсеткіш саналады. Бұған қоса Tik Tok трендтері көзді ашып-жұмғанша өзгеріп отырады. Блогер жазылушыларына қызық контент ұсыну үшін үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Себебі сапалы контент – табысқа жетелер бірінші қадам.

TikTok-тағы ең белсенді аудитория – жас­өспірімдер (13-17 жастағы пайда­лану­шылар), олар – ауди­торияның 43 процентін құрайды. Сәйкесінше контенттің көп бөлігі соларға арналған. Бұл ауди­торияның төлем жа­сау­ға қабі­леті шек­теулі болған­дықтан табыс көлемі аз болуы ықти­мал.

TikTok-та қара­лым, лүпіл не пікір мөл­шерін бұрыс жол арқылы кө­бей­тудің соңы жақ­сы аяқ­тал­май­ды.

Авторлық әнге видео түсірсеңіз де, ұтасыз

Платформаның кемшіліктерінен артықшылығы көп. Жоғарыда аталған қиындықтарға қарамастан бұл әлеуметтік желіде табыс табудың жолы жетерлік. Мысалы, авторлық әнге видео түсіру. TikTok-та музыкалық тректер үлкен сұранысқа ие. Кәсіби әншілер де, жас әншілер де авторлық әнін жарнамалау үшін ақша төлеуге дайын. Жазылушылар саны көп блогерлер гонорар үшін біреудің әніне бейнеролик түсіріп, жариялайды. Екіншіден, тапсырыс берушінің қалауы бойынша белгілі бір өнімді жарнамалауға болады. Тапсырыс берушілер бұрыннан қалыптасқан сценарий бойынша жұмыс істеуді, не жаңа сценарий ойлап тауып, сол бойынша жарнама жасауды ұсынады. Көбіне блогерлер постында тауар хэштегін пайдалану, өнімді көрсетіп, пікір білдіру, тапсырыс беруші компанияның слоганын айту арқылы жарнама жасайды. Миллиондаған жазылушысы мен соған сай қаралымы бар блогерлерді жарнама берушілердің өзі-ақ тауып алады. Жарнамаға тапсырыс алудың тағы бір жолы – жарнама биржаларына, немесе аккаунт туралы пост салу.

Тікелей эфирдің пайдасы

TikTok парақшаңызда 1000 жазылушы бар болса, тікелей эфир (стрим) ұйымдастыруға болады. Блогерлер стрим барысында тауар немесе қызмет ұсынады. Кей стримблогерлер виртуал монетаның арқасында табысқа кенеледі. Түсіндіріп өтейік, пайдаланушылар TikTok платформасында шынайы ақшаны виртуал монетаға ауыстырып, өз кезегінде виртуал монета арқылы стикер сатып алады. Сапалы әрі қызық контент ұсынған блогерлерге ризашылық белгісі ретінде стикер жіберуге болады. Әр жіберілген стикер құнының 80%-ы блогер қалтасына түсіп отырады. Айта кетейік, Қытай тұрғыны Мэн Лэйдің TikTok-тағы ойын стримі 22 миллион көрермен жинап, 167 мың доллар кіріс алып келген.

Қазіргі таңда TikTok пайдаланушыларының жаппай білікті мамандарға һәм сарапшыларға тіркелуі қатты байқалады. Белгілі бір салада көрген-түйгеніңіз көп болса, бұл әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін онлайн курс ашып, вебинарлар жүргізіп, пайдалы конференциялар өткізуге болады. TikTok-та мұғалімдер мен дәрігерлердің, заңгерлер мен психологтардың парақшаларының көбеюі соған дәлел.

P.S. Егер сізге осы әлеуметтік желі ұнаса, күш-қуа­ты­ңыз бен уақытыңызды дұрыс жұмсай алсаңыз, идея­ларыңызды жиі жаңартып отырсаңыз  TikTok-ты тиімді табыс көзіне айнал­ды­руға болады. Дегенмен Қазақстан нарығында TikTok игерілмеген жер сияқты бос жатыр. Не егіп, қандай өнім алатыныңыз сіздің қолыңызда…

Жинақтаған: А.МАНСҰР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!