Қазір бірнеше тілді меңгеру – үлкен мүмкіндік пен заман талабы. Әлем күн сайын дамып, мемлекеттер арасындағы байланыс артып жатқан кезеңде шет тілдерін білу адамға жаңа жол ашады. Әсіресе жастардың тіл үйренуге деген қызығушылығы қуантады. Бүгінде тек өз мамандығын меңгеріп қана қоймай, бірнеше тілде еркін сөйлейтін жастардың қатары көбейіп келеді. Осындай білімге құштар жастың бірі – Қызылорда қаласындағы «Orda» колледжінің IT мамандығында білім алып жүрген Имран Тайсумов.
Ұлты шешен Имран бүгінде қазақ, орыс, шешен, ағылшын, француз, корей, неміс және украин тілдерін меңгерген. Оның бұл қабілеті көпшілікке ерекше әсер қалдырады. Себебі қазіргі таңда бір немесе екі шет тілін білу үлкен жетістік саналса, сегіз тілді меңгеру – зор еңбек пен табандылықтың нәтижесі.
Имран тіл үйренуге бала кезінен қызыққан. Ол кішкентайынан әртүрлі халықтың мәдениетіне, сөйлеу ерекшеліктеріне назар аударып өскен. Алғашында қазақ және орыс тілдерін қатар меңгерсе, кейін ағылшын тіліне қызығушылығы арта бастайды. Уақыт өте келе ол француз және корей тілдерін де үйреніп, білімін одан әрі жетілдіруге тырысқан.
– Әр тіл – жаңа әлем. Тілді меңгерген сайын сен басқа халықтың мәдениетін, өмірге деген көзқарасын түсіне бастайсың. Маған тіл үйрену әрдайым қызық болды, – дейді Имран.
Ізденімпаз студент кейбір тілдерді интернет пен арнайы курстар арқылы меңгерсе, неміс және украин тілдерін сол мемлекеттерде жүргенде үйренген. Оның айтуынша, тілдік орта адамның сөйлеу қабілетін тез дамытады.
– Германия мен Украинада болған кезде күнделікті өмірде адамдармен сөйлесіп, тілді тезірек меңгеруге мүмкіндік алдым. Себебі шынайы орта адамның ойын еркін жеткізуіне көмектеседі. Ол жақта тек кітаптағы сөздерді емес, адамдардың сөйлеу мәдениетін де үйренесің, – дейді ол.
Бүгінде Имран «Orda» колледжінде IT мамандығы бойынша білім алып жүр. Оның пікірінше, қазіргі технология заманында IT саласы мен бірнеше тілді қатар меңгеру – үлкен мүмкіндік. Себебі халықаралық компанияларда жұмыс істеу үшін тек кәсіби білім ғана емес, шет тілдерін білу де маңызды.
– Қазіргі IT саласы халықаралық деңгейде дамып жатыр. Бағдарламалау, технология, жасанды интеллект сияқты бағыттардың көбінде ағылшын тілі қолданылады. Сондықтан тіл білу – болашаққа жасалған инвестиция, – дейді студент.
Имран бос уақытында өзін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ол шетелдік фильмдер көріп, кітап оқып, түрлі онлайн платформалар арқылы білімін жетілдіреді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы шетелдік достарымен сөйлесіп, тәжірибе алмасады. Оның айтуынша, тіл үйренуде тұрақтылық маңызды рөл атқарады.
– Көп адам тіл үйренуді қиын көреді. Бірақ күн сайын аз уақыт бөлсең де, нәтиже болады. Ең бастысы – қызығушылық пен еңбек. Қателесуден қорықпау керек, – дейді Имран.
Көптілділік туралы айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да мысал ретінде айтуға болады. Ол қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін меңгерген. Президент өз сөздерінде жастардың білімге, ғылымға және тіл үйренуге ерекше көңіл бөлуі керегін жиі айтып жүр. Бұл – қазіргі жастарға берілген маңызды бағыттардың бірі.
Шынында да, бірнеше тіл білетін адамның мүмкіндігі әлдеқайда көп болады. Олар әлемнің кез келген жерінде білім алып, халықаралық жобаларға қатысып, тәжірибе жинай алады. Ал полиглот жастар – елдің интеллектуалды болашағының айқын көрінісі.
Имран болашақта IT саласында халықаралық деңгейде жұмыс істеп, үлкен жобаларға қатысуды армандайды. Оның ойынша, адам ешқашан ізденуді тоқтатпауы керек.
– Әр адам өзіне сенуі керек. Егер адамда сенім болса, кез келген мақсат пен арманға қол жеткізуге болады. Ең бастысы – еңбектену, – дейді ол.
Имран Тайсумовтың жетістігі – көптеген жасқа үлгі. Оның бірнеше тілді меңгеруі қазіргі жастардың білімге деген құштарлығын көрсетеді. Осындай ізденімпаз, еңбекқор жастар барда ел болашағының жарқын боларына сенім мол.
Нұрсұлтан БАЙНАШ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!