Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында әрбір бұйымның өз орны, өз мәні болған. Кей зат күнделікті тұрмысқа қажет болса, енді бірі халықтың дүниетанымы мен рухани құндылығының ажырамас бөлігіне айналған. Сондай киелі бұйымдардың бірі – тұмар.
Тұмар – жай ғана сәндік әшекей емес. Ол халқымыздың наным-сенімімен, өмірге көзқарасымен, болашаққа деген үмітімен астасып жатқан ерекше мұра. Ертеде қазақтар адамды жамандықтан, тіл-көзден, бәле-жаладан қорғайтын қасиеті бар деп сенген. Сондықтан тұмарды тек әдемілік үшін емес, рухани қалқан ретінде де таққан.
Зерттеушілердің пікірінше, тұмар тағу дәстүрі түркі халықтарының арасында өте ертеден қалыптасқан. Археологиялық қазбалардан табылған көптеген жәдігер бұл бұйымның ғасырлар бойы қолданылғанын дәлелдейді. Кейбір көне тұмардың ішіне қасиетті деп есептелген тас, жануарлардың сүйегі немесе түрлі өсімдік салынса, ислам діні кең тарағаннан кейін оның ішіне Құран аяттары жазылған қағаз салынатын болған. Қазақ арасында, әсіресе, балаларға тұмар тағу кең тараған. Нәресте дүниеге келгенде ата-анасы оның амандығын тілеп, мойнына немесе бесігінің басына тұмар іліп қойған. Бұл баланы тіл-көзден, түрлі қауіптен сақтайды деген сенімнен туған. Тіпті кей өңірде жас келін тұмар таққан, себебі жаңа түскен келінге көпшілік назар аударады, сондықтан оны көз тиюден қорғау қажет деп есептеген.
Тұмардың түрі де әр алуан. Үшбұрышты, төртбұрышты, цилиндр тәрізді пішіндер кездеседі. Әсіресе үшбұрышты тұмар көп кездеседі. Шеберлер оны күмістен жасап, бетіне ұлттық өрнектер түсірген.
Бүгінде тұмардың қызметі бұрынғыдай емес. Ғылым мен технология дамыған заманда адамзаттың дүниетанымы өзгерді. Дегенмен тұмар өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазір ол ұлттық мәдениеттің бір белгісі ретінде бағаланады.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде көптеген халық өз болмысын сақтап қалуға ұмтылып жатыр. Ұлттық киім, ұлттық тағам, ұлттық өнермен қатар, тұрмыс мәдениетінің осындай бөлшектері де ұлттың келбетін айқындайды.
Тұмар – қазақтың рухани әлемінен сыр шертетін шежіре. Ол өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір іспетті. Сондықтан атадан қалған аманатқа құрметпен қарап, оның тарихын жас ұрпаққа таныту – әрқайсымыздың парызымыз.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!