Күннің көтерілгені рас. Бірақ таң атты деп кім айтты? Себебі жер бетіне түскен жарық, адамның санасына әлі де түспеген сыңайлы. Мін тағып, айыптаудан аулақпыз. Десе де ұйқысыраған қоғамның қайда баратыны жанды жегідей жейді. Мұны қозғамауға да болар еді. Бірақ амал нешік, жазу керек.

Әлемге көз жүгіртсек, гуманоид роботтар өндіріс пен қызмет көрсету саласын бағындырып, адам еңбегін қайта таразылап жатыр. Ал суперкомпьютерлер мен нейрожелілер бұрын қол жетпеген есептеу кеңістігін ашты. Кванттық технология мен энергетика саласында да трансформация жүруде. Емделуі қиын кей дерттің жаңа шешімі де ұсынылуда. Яғни, адамзат мүмкін емес деген шекараны да аттап өтіп келеді.

Кезінде Алаш зиялылары халықтың көзін ашу үшін газет шығарды. Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтқан жоқ. Ал бүгінде сол көз қайда қарап тұр? Құлақ нені тыңдап жүр? Тіл не туралы сөйлеп жүр? Мәселе осында.

Көпке топырақ шашпайық, иә, жұмыс бар, тіршілік бар. Бірақ жаһандық алыптар адамзаттың болашағын қайта құрып, әлем Марсқа ұшуды жоспарлап жатқанда, біз әлі күнге дейін асабаның әзілін, әншінің көйлегін, блогердің әрекетін талқылаумен уақыт өткізіп жатқан жоқпыз ба? Алысқаны тек тойдағы торт пен келіннің ұйқысы секілді күнделікті тұрмыстың шеңберінен шыға алмай отырған қоғам бар екенін әсте естен шығармаған жөн. Бұл парадоксқа бір уақ зер салу қажет. Ал біз қайдамыз? Сырты бүтін, іші түтін қоғамның белгісі осы емес пе?

Тарихқа қарасақ, ешбір мемлекет табиғи байлықтың арқасында ғана дамымаған. Барлығын алға сүйреген күш – сергек сана мен білімге деген құрмет. Жапонияның жері аз. Сингапурдың табиғи ресурсы жоқтың қасы. Бірақ олар адам капиталын ең үлкен байлық деп таныды. Соның арқасында әлемдік көшбасшылардың қатарына көтерілді. Ал біздің байлығымыз жеткілікті. Жеріміз кең. Қазба байлығымыз мол. Жастарымыз талантты. Бірақ байлықтың үстінде отырып, ойдың кедейлігіне ұрынсақ, бұл кешірілмес қателік болмақ.

«Оянба, қазақ, оянба,
Бұл неткен ұйқы, ой, Алла?!
Тырс еткен дыбыс шыққанда
Қашпаушы ма еді қоян да?!

Біз қоян емес, қасқырмыз,
Албасты ұйқы басқырмыз!
Сыртқы бір жүнді қампайтып,
Аспанға ұлып, аш жүрміз…

Қасқыр боп жүріп ырылдап,
Бастан ауды ма бүгін бақ?!
Мысық боп, әлде, кеттік пе,
Ұйықтай берер пырылдап…» дейді Алмас Темірбай.

Шынтуайтында ұйқысыраған қоғам бір күнде пайда болмайды. Ол жылдар бойы қалыптасады. Оған селқостық, немқұрайлылық, жауапкершіліктен қашу секілді мінездер қорек береді. Қазақ «Ауруын жасырған өледі» дейді. Біздің де талай қоғамдық дертіміз ашық талқыланбай келеді. Білім сапасы төмендесе де үнсізбіз. Кітап оқу азайса да дабыл қақпаймыз. Ғылымның жағдайы сөз болғанда ғана еске түседі.

Әрине, қоғам тек ғылыммен өмір сүрмейді. Той да болады, ән де болады, ойын-сауық та қажет. Бірақ мәселе тепе-теңдікте. Егер қоғамның интеллектуалды энергиясы түгелдей жеңіл дүниелерге жұмсалса, оның салдары, әрине, ауыр болмақ.

Ұйқысыраған қоғам қайда барады?

ЖЕЛІНІ ТАСТАЙЫҚ, ОЯНАЙЫҚ…

Әлгінде бір отырысқа Бейбіт көкенің баласы кешігіп келді. Себебін сұрағанда, түннің жартысын жұмыспен өткізіп, ұйқы көрмей шыққанын айтып, көзін әрең ашты. Күндізгі жиынға ілесе алмай қалғаны да содан екен. Сол сәтте әңгіме бір адамның кешігуінен асып, тұтас қоғамның күйіне ойысты. Үлкендер жағы жасқа сын айтты. Бірақ сол сынның астарында өздеріне де, тұтас буынға да бағытталған емеурін бар еді. Әңгіме біртіндеп қоғамның бір орында тұрып қалған, ішкі серпіні баяулаған күйіне келіп тірелді. Бірі «қоғам ұйқыға кеткен» деп, біз қалам тербеп отырған мәселенің шетін тартты. Бірақ, өкінішке қарай, тура мағынасында да ұйқысы қанбайтын, жұмысы өнбейтіндер де көп қой…

Кеңседегі маман да шаршайды, студент те қалжырайды, үйде отырған да тыным таппайды. Таңертең ұйқысы қанбай ояну, күндіз мең-зең күйде жүру, түнде ұйықтай алмай дөңбекшу – үйреншікті жағдайға айналды. Таңертеңгілік автобуста бірінің көзі қызарған, бірі есіней береді. Кофеханадағы кезек те ұзын. Қолында кофе, құлағында құлаққап, жанарында ұйқысы бар адамдар. Сонда бізді титықтатып жүрген не? Даму жолындағы қарбалас емес екені анық.

Бір қызығы, көпшілік мәселені жұмыстың көптігінен көреді. Алайда шаршаудың басты себебі тек жұмыс емес екенін сіз де, біз де білеміз. Бәлкім бұрынғыдан ауыр жұмыс істемейтін шығармыз, бірақ бұрынғыдан әлдеқайда көп ақпарат тұтынамыз. Миымыз бір сәт те тынықпайды. Таңертең көз ашқаннан телефонға үңілеміз, күндіз әлеуметтік желіден көз алмаймыз, кешке сериал немесе қысқа видеолармен уақыт өткіземіз. Дене демалғанымен, сана тоқтамайды. Міне, экранның арбауына түсіп, түн ортасы ауғанда ғана ұйықтауға жатамыз.

Бұл тек болжам емес. Ғылыми зерттеулер де осыны көрсетіп отыр. 2023 жылы жарияланған халықаралық зерттеулердің бірінде мектеп жасындағы жасөспірімдердің шамамен 77 пайызы ұйқы режимін сақтамайтыны анықталған. Ғалымдар мұның негізгі себептерінің бірі ретінде экран алдында өткізетін уақыттың артуын атайды.

Ал америкалық ғалымдардың тағы бір зерттеуі тәулігіне алты сағаттан аз ұйықтайтын адамдардың жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупі бірнеше есе жоғары болатынын көрсеткен. Яғни ұйқысыздық – тек шаршау емес, қауіпсіздік мәселесі де.

Бір қарағанда бұл соншалықты қауіпті көрінбеуі мүмкін. Алайда ұйқы – адам ағзасының қайта қуат алатын кезеңі. Дәрігерлер ересек адамға тәулігіне кемінде жеті-сегіз сағат сапалы ұйқы қажет екенін айтады. Ұйқы жетіспеген сайын ағзадағы тепе-теңдік бұзылады. Зейін әлсірейді, есте сақтау қабілеті төмендейді, күйзеліске бейімділік артады.

Ашық дереккөзге сүйенсек, отандастарымыз тәулігіне орта есеппен 9 сағат 26 минутын ұйқыға жұмсайды. Бірақ мәселе ұйқының ұзақтығында ғана емес, оның сапасында жатыр.

Мәселенің ең қауіпті тұсы – шаршауға үйреніп кетуіміз. Адам бір күн шаршаса, оны сезеді. Бір апта шаршаса, алаңдай бастайды. Ал бірнеше жыл бойы қалжырап жүрсе, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Қоғамда дәл осындай құбылыс байқалады. Біз сергектікті емес, шаршауды қалыпты жағдайға айналдырып алғандаймыз.

XX ғасыр жұқпалы аурулармен күрессе, XXI ғасыр уақыт тапшылығымен, ақпарат тасқынымен және созылмалы шаршаумен күресіп жатқандай.

Бізге бүгін жаңа зауыт қана емес, жаңа ой қажет. Жаңа ғимарат қана емес, жаңа көзқарас керек. Экономикалық өсім ғана емес, интеллектуалды серпіліс қажет. Егер XXI ғасырдың дауылды көшінде жұрттың соңынан ілесеміз десек, ең әуелі сананы оятуымыз керек.

Таң әлдеқашан атты. Көзді ашайық!

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!