Бүгінде қазақ халқының ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптеп жүрген жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – қазақы нақыштағы әшекей бұйымдар жасап, ұлттық өнерді заманауи стильмен үйлестіріп жүрген шебер Ақтілек Жамбылқызы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазақы салт-дәстүрге деген қызығушылығы бала кезден бойына сіңген. «Бала кезімнен бір дүниені өз қолыммен жасап, әсемдеу маған ерекше ұнайтын» дейді ол.
Қолөнерге деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Қарапайым отбасында өскен Ақтілек, көп затты өз қолымен жасап үйренген. Ата-анасының өнерге тікелей қатысы болмаса да, қыздарының қызығушылығын әрдайым қолдап отырған.
– «Ата-анам бізді ешкімннен кем болмасын деп, түрлі байқауға дайындап, көйлек тігіп, әшекейлер жасап көмектесетін. Сол сәттер менің қолөнерге деген қызығушылығымды оятты, − дейді шебер.
Оның алғашқы жасаған бұйымдарының бірі – шекелік.
Өзінің қолынан шыққан шекелікті тағып жүргенде, айналасындағы адамдар ерекше қызығушылық танытып, сұрай бастаған. Осылайша, ұлттық әшекейлерге деген сұраныс пайда болады.
Бүгінде оның қолынан шыққан бұйымдар тек Қазақстанда ғана емес, Түркия, Мальта, Еуропа, Дубай және Ресей секілді елдерге жол тартқан.
Шебердің басты мақсаты – қазақтың ұлттық ою-өрнектерін ұмыттырмай, оны заманауи сәнмен үйлестіру.
− Қазақтың әр оюының өзіндік тарихы мен мағынасы бар. Сол тарихымызды ұмытпау үшін ұлттық нақышты қазіргі стильмен біріктіргім келді, − дейді ол.

Ақтілек көбіне қыз ұзатуға арналған ұлттық әшекейлер жасайды. Атап айтқанда: шекелік, бесбілезік, шашбау, шолпы, алқа, сырға және жұғысты болсын үкілері. Оның айтуынша, қыз ұзату – қазақ халқы үшін ерекше әрі қасиетті дәстүр.
− Әшекей тек сән үшін емес, қыздың нәзіктігі мен ұлттық сұлулығын айқындау үшін жасалады. Сол ерекше сезімді жеткізгім келеді, – дейді шебер.
Сонымен қатар, ұзатылып жатқан қыздың құрбыларына тағылатын үкілер де ерекше мағынаға ие. Ол «осындай бақытты күн жұғысты болсын» деген ізгі ниетті білдіреді.
Шебер шабытты қазақтың ұлттық ою-өрнектерінен, салт-дәстүрінен және адамдардың қолдауынан алады. Бір бұйымды жасауға оның дизайнына байланысты бірнеше сағаттан төрт күнге дейін уақыт кетеді.
Есте қалған ерекше бұйымдарының бірі – қарлығаш бейнесі бейнеленген білезік. Тұтынушы ұзату тойына арнайы мағынасы бар әшекейге тапсырыс берген.
– Қарлығаштың шаңыраққа қарап ұшуы – береке, отбасы жылуы мен үй тыныштығының белгісі, − дейді ол.
Бүгінде жастардың ұлттық стильдегі әшекейлерге қызығушылығы жоғары. Әсіресе, нәзік әрі заманауи үлгідегі ұлттық әшекейлерге сұраныс артып келеді. Тапсырыс берушілер көбіне құс қанат, түйе табан және қарлығаш оюларын таңдайды.
Шебер алдағы уақытта өз брендін ашып, қазақтың ұлттық қолөнерін кеңінен настихаттауды армандайды. Сонымен қатар, қолөнерге қызығатын қыздарға арналған үйірме ашып, білгенін біліскісі келеді.
Бағым ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!