Әуелде адамның серігі де, діттеген жерге апаратын көлігі де аяқ еді. Адам жаяу жүрді, уақыт өте келе дөңгелек ойлап табылып, арба дәуірі басталды. Жылдамдық пен қашықтықты бағындыру қажет болған сәтте атты да қолға үйретті. Кейін бұл қозғалыс тізбегі пойыздармен, ал одан әрі автомобильмен жалғасты. Авиациядағы жаңашылдықтар да адамның өмірін тіптен жеңілдеткені рас. Қазір мұхит асып кетуден оңай іс жоқ.

Ал енді мына қызыққа зер салыңыз, жақында Alatau City-де электр қуатымен ұшатын әуе таксиі таныстырылды. Тіпті алғашқы демонстрациялық ұшуы да өтті. «eVTOL» деп аталатын әуе көлігі тік көтеріліп, тік қона алады. Керек нүктеңізге жылдам жеткізеді. Онымен қоса 500 келіге жуық жүкті де көтере алады деседі.

Қазір шағын қалаларда да кептеліс өте көп. Ал мегаполистердің жағдайы тіптен қиын. Міне дәл осы әуе көлігі Алматыдағы кептелісті азайтуы мүмкін. Мұны жоба авторлары да айтып отыр. Бұл жобаны «Alatau Advance Air Group Ltd» компаниясы АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Италия секілді ірі елдегі серіктестерімен бірге жүзеге асырған. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі − 300 миллион доллар.

− «eVTOL» технологиясының басты артықшылығы – жоғары жылдамдық пен экологиялық тазалық. Аппарат толық электр қуатымен жұмыс істейді, шу деңгейі төмен және қысқа қашықтыққа қатынауда өте тиімді. 6 орынға арналған бұл жолаушылар моделіне 5 жолаушы мен 1 ұшқышқа орын қарастырылған, − дейді «Autoflight» компаниясының аға президенті Келлен Си.

Демонстрацияда көрсетілген «AutoFlight Prosperity» аппараты – бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған электрлі «eVTOL» үлгісі. Ол 13 электр моторымен жабдықталған және сағатына шамамен 200 км жылдамдыққа дейін ұша алады, әрі дыбыссыз жұмыс істейді. Ең бастысы − зиянды CO₂ бөлмейді. Жауаптылар қауіпсіздіктің халықаралық талаптарға сәйкес екенін айтады.

− Біздің міндетіміз − жай ғана технологияны әкелу емес, толыққанды индустрияны, инфрақұрылымды, инженерлік құзыреттерді және қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру. Alatau City нөлден бастап жобалануда, бұл − бірегей артықшылық. Өйткені әуе ұтқырлығын қаланың бас жоспарына бірден енгізуге болады, – деді «Alatau Advance Air Group Ltd» компаниясының өкілі.

Ұшты-ұшты, аэротакси ұшты

Аэротаксиді қолданысқа енгізу үшін аппараттың ұшуына, қонуына және қуат алуына арналған шағын әрі технологиялық жерүсті алаңының құрылысы басталып кеткен. Жобалаумен халықаралық «UrbanV» компаниясы айналысуда. Бірыңғай әуе желісі болашақта Alatau City, Алматы қаласы мен Алматы облысының негізгі туристік орындарын байланыстырады. Мысалы Алматының әуежайынан бастап Медеудің биік таулы курортына дейінгі жол жүру уақыты небәрі 10-12 минутты құрайды. −

Бүгінде Қазақстан жаңа буын көлігін дамытуда маңызды қадам жасады. «eVTOL» қалалық әуе ұтқырлығының серпінді технологиялары тұжырымдамадан біртіндеп тәжірибеге көшіп жатқанын көрсетеді.

Alatau City үшін бұл ақылды қаланың жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру деген сөз. Әңгіме аэротакси мен вертипорттардан бастап цифрлық навигация мен жүк дрондарына дейінгі тұтас экожүйені құру туралы болып отыр. Қазақстанда төмен биіктіктер экономикасы дәл осылай дами бастайды.

Біз мұндай шешімдердің елге келуіне, қалаларымызға бейімделуіне және азаматтардың өмір сүру сапасына, бизнесті дамытуға және Қазақстанның технологиялық бәсекеге қабілеттілігіне жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз, − деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Ал екінші жартыжылдықта пилотсыз такси іске қосылмақ. Әзірге тек пилоттық режимде. Бұл бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Yandex Qazaqstan және inDrive компанияларымен бірлесіп, инфрақұрылымды кешенді түрде дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іске қосуға дайындық белсенді жүруде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Yandex Qazaqstan мамандары техникалық базаны қалыптастыруға, мысалы мамандандырылған гараждарды жабдықтау, көліктердің бағдарламалық жасақтамасын елдегі жол жүру ережелеріне толықтай бейімдеу секілді жұмыстарды бастап кеткен.

Ұшты-ұшты, аэротакси ұшты

Пилотсыз автомобильдердің қозғалысы оператордың тұрақты бақылауымен жүзеге асады. Ал жобаны толыққанды пилоттық режимге көшіру инфрақұрылымның дайын екені расталып, бірқатар сынақ сәтті аяқталғаннан кейін ғана қарастырылмақ. Бұл ретте басты қағида өзгеріссіз қалады: жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі – ең жоғары басымдық.

Автономды көлік экожүйесін дамыту бағытында inDrive компаниясымен де ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Жоба аясында олар кейінгі кезеңдерге қосылып, әсіресе Алматы қаласында такси парктеріне арналған қозғалыс схемаларын қалыптастыру жұмыстарына қатысады.

Елдегі автономды көлік бағыты әлемдік тәжірибеден тыс дамып жатқан жоқ, керісінше, кезең-кезеңімен және қауіпсіздікке жоғары талап қоя отырып енгізіліп жатқан жаһандық үрдіске сүйенеді. Бұл салада жетекші елдерде технологияны бірден толық іске қосу емес, алдымен ұзақ мерзімді сынақ пен реттеуші жүйені бейімдеу арқылы дамыту басым.

АҚШ-та Tesla Техас штатында робо-такси технологиясын сынақтан өткізуде. Ал Waymo – бірқатар ірі қалада жүргізушісі жоқ коммерциялық сапарларды іске қосып, автономды тасымалды нақты қызмет деңгейіне жақындатқан алғашқы компаниялардың бірі. Қытайда болса Baidu мен Pony.ai сияқты технологиялық алпауыттар пилотсыз такси қызметін белсенді дамытып келеді. Бұл елде де негізгі тәсіл – кең ауқымды коммерцияға өтпес бұрын бірнеше қалада ұзақ сынақ жүргізу және мемлекеттік реттеуді кезең-кезеңімен жетілдіру.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, былтыр Сан-Францискода электр қуаты өшіп, салдарынан жүргізушісі жоқ жүздеген көлік тоқтап қалған. Ал жолаушылар роботаксидің ішінде шамамен бір тәулікке қамалған.

Бүгінге айтарымыз – осы.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!