Жеке адамға немесе көпке ортақ мүлікке орынсыз залал келтіруді, мемлекет қазынасындағы құнды қалаларды қиратуды басты мақсат ететін вандалдардың тарихтағы алғашқы ізі сонау 450 жылдары Рим империясында қалған еді. Шығыс германдық басқыншылар «мәңгілік қаланың» архитектуралық жетістіктерін тонап, көптеген өнер туындысын алып кетті. Материалдық пайданы көздемейтін жабайылықтың жағымсыз үлгісі көрініс тапқан тұстан бері тұтас ғасырлар жылжып, бірнеше дәуір көшті. Уақыт сатысымен көтеріліп, адамзат баласы қанша ұрпақ ауыстырғанымен, «бір қадам алға, екі қадам артқа» басқандай жабайы мінез жойылмай келеді. Соңғы кезде орын алып жатқан жаңалықтар легі – соның айғағы.

Психологтардың айтуынша, вандализм адамның девиантты мінез-құлқынан туындайды. Оның салдарынан өнер, мәдениет объектілері мен мемлекеттік маңызды орындар бүлінеді немесе біржола жойылады. Ал Францияның «Ларусс» баспасы: «Вандализм – әдемі дүниелерді, атап айтқанда өнер туындыларын жоюға мәжбүр ететін адам ақыл-ойының көрінісі» деп бағамдайды, яғни жеке немесе қоғамдық меншікті қасақана қирату, жою саналы адамның жасайтын әрекеті емес.

Жылдарға шегініс жасасақ, қазақ қоғамында да вандалдардың бірнеше оқиғасы кездеседі. Мәселен, 2018 жылы Орал қаласында белгісіз біреулер жаңа алаңда орналасқан сәулет нысандарын қиратып кеткен. Соның ішінде ең көп зақымданғаны –Тәуелсіздік монументі. 100 метрден асатын құрылыс нысанының жалпы құны – 200 млн теңге. Оқиға барысында вандалдар монументтің тақтайшаларын жұлып алып, жарық шамдарын сындырған. Сол кезде жергілікті тұрғындар «бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес» екенін айтқан еді.

Аталған жайт тарихи-мәдени ескерткіштерді де айналып өтпеген. Вандализм іздері Үстіртке табаны тиген әр тұрғынға таныс жайт. Жолаушылап шыққандар жазықта орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге соқпай қоймайды. Мұндағы қорымдарды аралап, құран бағыштайтын, ниет ететін жұрттың да қарасы қалың. Үстіртке жолы түскен адам қорымдарға қашалған жазуды тез-ақ аңғара алады. Бұзақылықтың баяны мұнымен бітпейді. Елдің әр аймағында бейіт қоршауына қырғидай тиетіндердің қатары азаяр емес. Жер бетіндегі тіршілікті қойып, қабірді қиратудан қаймықпаған вандалдар 2020 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында 30-дан астам адамның бейітін бұзып, сыртқы қоршауын ұрлап алып кеткен. 10 мыңнан аса тұрғынға топырақ бұйырған зиратқа зиян келтіру марқұмның жақындары үшін жаға ұстатарлық жағдай болса, адам атын иеленгендерпге үлкен сын. Осындайда Қадыр Мырзалиевтің:

Кімді аяйды есіргендер,

Қызғаңдар?!

Қасиетті ұғымдарды сызғандар?

Бәрін, бәрін,

Барлығын да бұзады

Бақилардың тыныштығын бұзғандар! – деген өлеңі еріксіз еске түседі.

Мұндай оқиғалар аз емес. Өткен жылы мамыр Семейдегі зиратта белгілі қоғам қайраткері, ҚазақКСР гимнінің авторы, «алашордалықтардың» соңғы тұяғы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың құлпытасын белгісіз адамдар қиратып кеткен еді. Олар құлпытастағы марқұмның суреті салынған, бір шумақ өлең жазылған габбро тақтатасты қақ ортасынан сындырып кеткен. Біртуар тұлғаның әруағын қорлау қоғамдық резонанс тудырғанмен, вандалдардың адам айтса сенгісіз әрекеттері тоқтайтын емес. Вандализм бұрыннан бар, бола да береді. Сонда аталған мәселенің әділ шешімі қандай? Неге қазақ баласы жабайылық жолына түсті? Бұған тоқтау салатын заң жоқ па?

Ресейлік психолог, доцент Людмила Ватова 11-23 жас аралығындағы жастардың вандализмге ұмтылу себебін зерттей келе 4 деңгейге бөліп қарастырған. Алғашқы бейсаналы деңгейде адамның бұзақылық жасауына ашу-ызаның сыртқа шығуы, алкоголь немесе есірткі әсері себеп болуы мүмкін десе, саналы деңгейде мұндай әрекет ойын-сауық құру, еліктеу, ішкі «менін» жақтаудан туындайды-мыс. Жеке психологиялық деңгейде өзін-өзі қорғау немесе кек алу үшін мүлікке залал келтірілсе, әлеуметтік-психологиялық деңгейдегі адамдар наразылық, қайғы-ренішке қарсы жауап беру үшін осындай іс-әрекетке барады. Статистика нақты санын көрсетпегенмен, біздің елдегі вандализм оқиғаларының негізгі кейіпкерлері – жастар мен орта жастағы қазақстандықтар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткеніне тоқталып: «Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекеті үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек», – деген еді. Айта кету керек, Конституцияда әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 448-бабы бойынша кәмелетке толмаған адам мемлекет қорғауындағы ғимарат, тарих және мәдени ескерткіштерді, қабірді сурет салып, қорласа, қоғамдық мүлікті қасақана бүлдірсе, ата-анасы не оларды алмастыратын адамға 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. 203-бап бойынша қазақстандық азамат табиғи кешенді немесе мемлекет қорғауға алған объектілерді, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана бүлдірсе, 3-7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы тиіс.

Жылдың басында Маңғыстаудағы газ бағасын төмендетуді талап еткен тұрғындардың бейбіт митингі Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда аймақтарында қарулы қақтығысқа ұласып, көтеріліс сипатына ауысқаны белгілі. Аталған оқиғалар барысындаҰлттық арна ғимаратына басып кіріп, күрделі техникаларды қиратып, тонап, артынан тарихи-мәдени нысанды өртеп жіберген.Тоналған техникалар, қираған дүние-мүлік пен ескерткіштер, өртенген телестудиялар жабайылықтың көрінісі ме әлде ұлтқа жаны ашымастықтан туған жайт па?!

Аталған шеру кезінде Қызылорда қаласында облыстық сот, әкімдік, «Nur Otan» ғимараты мен полицейлік пункттерді қиратып, залал келтіруде де вандализмдік сипат бар. Бұл – аудандық, облыстық көлемдегі емес, ұлттық мәселе. Демек адамдық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да вандализм құптарлық іс емес. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген бабалар даналығына қарап, озық ұлттан бұрын аты биік адам болуға ұмтылуымыз керек-ақ…

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!