Соңғы жылдары жастар арасында вейп пен одноразка қолдану ерекше сәнге айналып барады. Бұрын темекі шегу көбіне ересек адамдардың әдеті болып саналатын. Ал қазір жағдай біршама өзгергендей. Қазіргі уақытта көшеде, университет алдында немесе кафелерде отырған жастардың қолынан «одноразка» көріп қалу таңғаларлық жағдай емес. Тіпті кейде екінің бірінің қалтасынан одноразка табуға болады деген пікір де жиі айтылады.

Бұл құрылғылардың сыртқы түрі әдемі, иістері тәтті әрі қолдануға жеңіл болғандықтан, жастардың қызығушылығын тез оятады. Кейбіреулер оны қарапайым темекіге қарағанда зияны аз деп ойлайды. Сол себепті де көп жастар оны қауіпсіздеу деп қабылдайды. Сонымен қатар соңғы кезде кальян да жастар арасында демалыс пен көңіл көтерудің бір түріне айналып бара жатқандай. Вейп пен одноразканың кең таралуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, олар заманауи әрі сәнді болып көрінеді. Әлеуметтік желілерде блогерлер мен инфлюенсерлердің осындай құрылғыларды қолдануы да жастарға әсер етпей қоймайды. Екіншіден, «одноразканы» пайдалану өте оңай. Оны қуаттау немесе арнайы күтім жасау қажет емес, қолданғаннан кейін жай ғана тастай салуға болады. Дегенмен, вейп пен одноразканың кең таралуы дұрыс әдет деп айту қиын. Қазір оның зияны бірден байқалмауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе денсаулыққа кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғылардың құрамындағы заттар өкпе мен жалпы ағзаға әсер етуі мүмкін. Яғни, бүгін байқалмаған зиян ертең денсаулыққа салмақ түсіруі ғажап емес. Сондықтан жастардың тәтті иісімен қызықтыратын вейптерге әуестенгеннен гөрі, табиғи әрі пайдалы әдеттерді таңдағаны дұрыс. Мысалы, түрлі табиғи жеміс-жидектерді тұтыну немесе салауатты өмір салтын ұстану денсаулыққа әлдеқайда пайдалы. Қысқасы, уақытша қызық пен сәнге ергеннен гөрі, болашақтағы денсаулықты ойлаған әлдеқайда маңызды.

Самал СЕРІКБЕК,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!