Қызылорда қаласында «WornerBros» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеді.

Тергеу барысында күдіктінің азаматтарды «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көру арқылы табыс табуға болады деген желеумен қаржы пирамидасына тартқаны анықталды.

Қатысушыларға рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алу ұсынылған. Ұйымдастырушылар салымшыларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар екенін уәде еткен.

Сондай-ақ жүйеге тартылған әрбір жаңа қатысушы үшін бонус төленіп отырған. Осылайша азаматтарды қаржы пирамидасына жаңа салымшыларды тұрақты тартуға ынталандырған.

Алаяқтық схеманы насихаттау мақсатында WhatsApp мессенджеріндегі топтар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған.

Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!