Шығыс Қазақстан облысының аудандық соты базарда балағат сөздер айтқан зейнеткерді әкімшілік жауапкершілікке тартты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Шығыс Қазақстанның Шемонаиха қаласының екі тұрғыны жергілікті базарда жанжалдасып қалған. Онда екі әйел де сатушы болып жұмыс істейді.

YK-news басылымының жазуынша, саудагерлердің бірі екіншісін балағат сөздермен қарғаған.

Зейнеткерге қатысты полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Іс сотқа жіберілді. Кейін зейнеткер Шемонаиха аудандық сотына шақырылып, ол ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Әйелге 12 075 теңге айыппұл салынды.

Бұған дейін Атырау облысында анасын балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды.

Еске салайық, 7 наурызда Қазақстанда әдепсіз сөздер үшін жазаны қатайтатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер күшіне енді. Азаматтарға 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!