Соңғы жылдары қала экономикасында орасан зор өзгерістер орын алуда. Атап айтқанда, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейі қала бойынша төмендеп келеді. Өңірдегі жұмыссыздардың санын арттырмаудың бірден-бір тәсілі және азаматтарды еңбекке тартудың тиімді әдісі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру.

Жақында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласындағы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жасалған Солтүстік өңірлерге қоныс аудару және «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Алдымен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жаңабай Жұмабекұлы жұмыспен қамтудан бөлек тұрғын үйге кезекке тұру, сұра­нысқа ие маман­дықтар бойын­ша қайта даярлау курста­рынан өту, оңстүс­тіктен солтүс­тікке, жұмыс күшіне тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіруді мақсат ететін «Теріскейге көш» бағдарламасы жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы» ұйымдастырған жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарға жұмыс беруші мекеме өкілдерімен сұқбаттасуға мүмкіндік беру, бос жұмыс орындарын таңдауға жағдай жасау, жариялылықты қамтамасыз ету.

Шара барысында Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша кеңес жүргізіліп, одан бөлек қызылордалықтарға өңірдегі 24 мекемеден 160 бос жұмыс орнына сұқбаттасуға мүмкіндік берілді. Осы мекемелердің персоналды басқару қызметінің өкілдері қатысып, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында ұйымдастырылатын шаралар жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Жәрмеңке – екі тарапқа да пайдалы, жұмыс беруші мен іздеушіге де ортақ мүмкіндік. «Dalatex» тігін фабрикасының ауқымы кеңейіп, қала бойынша екінші цехтың ашылуына байланысты 20 шақты тігінші керек. Одан бөлек конструктор, технолог, киім үтіктеушілерді де жұмысқа қабылдап жатырмыз. Біз ұсынатын вакансиялар тек әйел адамдарға ғана арналмаған, тігінші ретінде ер адамдарды да қабылдаймыз. Шара жаңа мамандарды жұмысқа аламыз деген ойдамын –, дейді жәрмеңке аясында «Dalatex» ЖШС маманы Нұргүл Сәтжанқызы.

Жәрмеңкеге келушілердің басым бөлігі – жұмыссыздар, аз қамтылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Айта кету керек, оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты кеңес алғандар қатары аз болды.

– Көп жағдайда жастар жұмыспен қамту орталықтарына келмейді, оқыту бойынша сұрақтармен қызмет алуға жүгінбейді. Сондықтан біз әлеуметтік портрет бойынша көмекке мұқтаж, бірақ жұмысқа орналаспаған, оқымайтын, орталықтарға келмейтін адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін «ерте анықтау жүйесі» ақпараттық жүйесін енгіземіз. Бұл тұлғаларға проактивті форматты қолданатын боламыз», – деген болатын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов.

Бұған дейін вице-министр жас қызметкерлердің үш айлық сынақ мерзімін алып тастауды ұсынған еді. Жастар мен жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыз етуде мемлекеттік деңгейдегі шаралар көлемі ұлғаюда. Бір адам жұмыс тапса, бір отбасының жағдайы жақсара түсетінін ескерсек, оған маңызды мәселе ретінде қарау заңдылық.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!