фото: ашық дереккөзден алынды
Кейінгі уақытта елімізде жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар және өндірістік жарақаттану мәселесі өршіп тұр. Әлем желіде желдей есіп жүргені басқа әңгіме, ал оны жасырып қалып жатқан жұмыс берушілер қаншама?
Біле білсеңіз, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет өндірістегі еңбекті қорғау жүйесін нығайтатын реформаларды бастаған болатын. Бұл жұмыс өндірісте зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін 479 мың қызметкерді қамтитын іс-шаралар кешенінен тұрады. Ал бұл мақсатта бүгінге дейін жасалған жұмыстар не берді және алдағы уақытта еңбек жағдайын жақсарту үшін қандай нақты қадамдар жасалады? Тереңнен тарқатайық.
Жауапты кім?
Жаз маусымы басталды. Енді білім алып жүрген кей студенттер 3 ай бойы қолқусырып жатпай, екі қолға бір күрек іздейді. Өздерін ересек сезініп, ата-анасына қолғанат болып, бірі курьер, даяшы болса, енді бірі құрылыстан нәпақасын табады. Міне, осы жастардың арасында басын қауіпке тігетіндер құрылыс жұмысын жасайтындары. Мұндай жағдай басымнан өткен кейіпкер ретінде көп оқиға көз алдымыздан өткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеген дерекке сенсек, өңірлердің бөлінісінде зиянды жұмыспен айналысатындардың ең көп саны кенді Қарағанды (84 мың), Павлодар (57 мың), Шығыс Қазақстан (42 мың) және мұнайлы Маңғыстау (43 мың) облыстарында шоғырланған. Мәселен, электр энергиясымен, газбен жабдықтау саласында 40 мың адам жұмыс істейді. Бұл – еңбек жағдайы қауіпті саналатын жұмысшылардың жалпы санының 8,5%-ы.
– Қазақстанда зиянды және қауіпті жұмыс істейтін жұмысшылардың саны 479 мың адамды құрайды. Экономика салалары бойынша жұмыскерлердің 61 пайызы өнеркәсіп саласында еңбек етіп жатыр. Еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін мәселенің бірі өндірістік жарақаттануды жасыру болып тұр, – дейді министр.
Әлдебір адам жұмыс кезінде мертіксе, ТЖ болса, компания жетекшілері тиісті орындарға хабар жетпеуі, сырдың сыртқа шықпауы, «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Еңбек инспекторларына мұң-зарын жеткізгендердің хаттары адам тағдырының қалай ойыншыққа айналғанын айғақтайды Жұмыс орнында ауыр жарақат алып, төсекке таңылған жұмысшының ем-домын қаржыландыру үшін басшылар құзырлы орындарға арызданбауды басты шарт ретінде қояды екен. Тіпті, қасірет құшқан отбасыларға көмек қолын созу үшін де осындай безбүйрек келісімдер ұсынылып, шындықтың үнін өшіруге тырысады. Заңнан араша іздеуге бел буғандарға: «Бәрібір түк өндіре алмайсыңдар, біздің заңгерлер істі ұзақ жылдық созбалаңға салады, ол арада құрылтайшылар ауысып, кәсіпорын қайта тіркеледі де, ескі күннің кінәсі үшін ешкім жауап бермейді», – дейді. Сұмдық па?
Расында ең зиян жұмыс кеншілердікі екені белгілі ғой. Ал құрылыс көп жүріп жатқан Астана қаласында талай жастың биіктен құлап, тіл тартпай кеткені айтыла бермейді. Бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының тұрғыны бас қалаға жұмыс іздеп кеткен ұлынан 2-3 күн хабар ала алмаған бейнеролигі кең таралды. Жүрегі бір жамандықты сезген анасы алып-ұшып құрылыс басына жетеді. Бар жәйт сол жерде баяндалады. Бірнеше қабаттан құлаған жас бірден мерт болыпты. Мәселені жасырғысы келген жұмыс берушілер ата-анасы келген бойда қомақты қаржы ұсынып, көпке жария етпеуін сұраған. Дегенмен жалғызынан айырылған жан қазақстандықтардан көмек сұрап, жауаптылардың жазаға тартылуын сұраған. Алайда біршама уақыт өткеннен кейін мәселенің қалай жабылғаны туралы ештеңе айтылмады. Өкінішті…
Жасырын оқиға жауапкершілікті жеңілдете ме?
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыс берушілердің өндірістік жарақатты жасыруының 39 фактісі тіркелген. Бұл тек әшкереленгені ғана. Экономика салалары бойынша жасырылған жарақаттану фактілерінің дені – қызмет көрсету саласында (18 жағдай), өңдеуші өнеркәсіпте және құрылыс саласында (5 жағдайдан). Аймақтар арасында жасырылған жарақаттанудың ең көбі Атырау облысында (10 жағдай), Астанада (7) және Ақмола облысында (6) тіркелді.
Еңбек заңнамасын сақтау және азаматтардың еңбек құқығын қорғау мақсатында 2026 жылы мемлекеттік еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 2,8 мыңға жуық бұзушылық анықтады. Орындалуға міндетті 1 630 нұсқама берілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалыпты. Сондай-ақ министр Асқарбек Ертаев 2024 жылдан бері өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5%-ға төмендеді деп отыр. Соның ішінде өлімге әкелген жазатайым оқиғалар саны 7,9%-ға азайыпты. Зардап шеккендердің ең көп үлесі тау-кен металлургия кешені (16%), құрылыс саласы (10%) және мұнай-газ секторы (5%) кәсіпорындарында байқалады. Бірақ мұндада қанша оқиға жасырын қалғаны белгісіз.
Жантүршігерлік оқиғалар бір салада ғана емес, өзге де жерлерде орын алып жатыр. Мәселен, «Қазмырыш» компаниясының 6-разрядты шпур бұрғылаушысы, шығысқазақстандық Даниярдың (есімі өзгертілді) оқиғасы жаға ұстатады. Оның айтуынша, бірер жыл бұрын өндірістік тапсырмаларды орындау барысында жазатайым оқиға орын алған. Кен қабаты опырылып, Данияр үйіндінің астында, тау-кен қазындысының қуысында қалып қояды. Іздестіру-құтқару жұмыстары екі күнге созылды.
– 40 сағат бойы тас қараңғыда, оттегінің таусылуы, улы газдардың жоғары шоғырлануы жағдайында жаттым. Галлюцинация басталып, небір үрейлі «көріністен» азап шектім. Айналам – құрамында сілті мөлшері жоғары мұздай батпақ. Суық бойды қарып барады. Құрдым батпаққа батып кетпеу үшін үнемі тросты жабыса ұстап тұруға тура келді. Құтқару үшін мен тұрған тұста 8 жарылыс циклі жүргізілді, бұл контузияға әкеп соқты. Соңғы жарылыстан кейін есту қабілетімнен айырылдым, – дейді ол.
Әуелде Қазақстанда «орташа ауырлық дәрежесіндегі жалпы үсу» деген «қарапайым» диагноз қойылыпты. Шахта астындағы сұмдық болмағандай, базбір далада мас болып құлап, сәл-пәл үсіп қалғандай. Бірақ жағдайы ауыр болғандықтан, жұмыс беруші зардап шеккен жұмысшының Ресейде, кейін Израильде емделу шығындарын өз мойнына алған. Ондағы дәрігерлер науқастың «денсаулығына ауыр дәрежелі өндірістік жарақат санатына жататын зақым келгенін» куәландырған. Алайда шетелдік мамандардың тұжырымдары қабылданбапты. Себебі Данияр жер бетіне шығарылғаннан кейін қалалық ауруханаға жеткізіліп, артынша жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жөнелтілген. Әйткенмен, ертесіне-ақ ол ауруханадан шығарылып, өз бетімен үйіне оралған. Зардап шегушінің айтуынша, шетелдік дәрігерлер қазақстандық әріптестерінің неліктен диагноздардың бәрін бірдей көрсетпегеніне таңтамаша қалған. Қалалық аурухананың жолдамасында «сырқаттың есі дұрыс, сұрақтарға анық жауап берді» деп жазылыпты. Бірақ ол қандай сауалдар қойылып, оған не дегенін өзі білмейді.
– Мен сұрақтарға анық жауап берген болсам, онда 40 сағат бойы қандай жағдайда болғанымды, мені құтқару үшін үстімнен жарылыс жұмыстары жасалғанын, 2 күн сусыз, тамақсыз, құрғақ киімсіз зиянды батпақта жатқанымды, оттегінің аз болғанын және басқасын егжей-тегжейлі айтып беруім керек қой? Ауру анамнезі жедел жәрдем бригадасының сөзінен құрастырылған. Бригада менімен бірге үйінді астында жатты ма? Менің түсініктемелерім қайда? Неліктен сот-медициналық сараптама жүргізілмеді? Масқарасы сол, қалалық аурухананың эпикризінде жарақаттың өндірістік екені көрсетілмеген, – дейді кейіпкер.
Ол емделу жолында арпалысып жүргенде, арада біраз жыл сырғып өте шыққан. Елге оралған соң жедел жәрдем қызметінен – құтқарылған сәттегі жағдайы және ауруханалардан – қандай медициналық әрекеттер жасалғаны сипатталған барлық құжатын сұратқанда, олардың 2 жыл ғана сақталып, жойылғаны жөнінде жауап алыпты. Зардап шегуші: «қалалық және облыстық аурухана дәрігерлері дер кезінде тар бейінді мамандарын тез жұмылдырып, тиісті көмекті толыққанды көрсеткенде, денсаулыққа сонша ауыр зақым келмеген болар еді», – деп өкінеді. Енді Данияр ғұмыры таусылмайтын емдоммен өтпек. Сұмдық болғанда, eGov.kz жүйесінде оның басынан өткен бұл қасірет «тұрмыстық жарақат» деп таңбаланыпты. Бұдан шығатын қорытынды: өндірістегі апаттардың талайы, өндірістік жарақаттардың үлкен бөлігі осылайша көзбояушылықпен бүркемеленіп, тасада қалып жатса керек.
Адам өмірінің мәні – еңбек
Еңбек министрлігі жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғаудың бір тетігі ретінде оларды сақтандыру жүйесімен қамтуды ендіріп жатыр. «Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен 174 мың кәсіпорынның 118 мыңы (68%-ы) қамтылды. Еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу мақсатында 170 профилактикалық бақылау тексеруі жүргізілді», – деп атап өтті министр А.Ертаев.
Мұның сыртында әлеуметтік шиеленісті уақытылы анықтау және еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында министрлік Еңбек тәуекелдері картасы арқылы әлеуметтік-еңбек саласының мониторингін жүргізеді. Мониторингпен 98 мың кәсіпорын қамтылған. Тәуекел деңгейін бағалау нәтижелері бойынша жоғары тәуекел санатына – 2 мың 300 кәсіпорын, орташа тәуекел санатына 3 мың 200 кәсіпорын кіреді. Министр бұл картаның алдын алу шараларын қабылдауға және еңбек жанжалдарын болдырмауға көмектесетініне сендірді. Бірақ оның әлі де шикі екені анықталды. Олқылықты жою үшін министрлік Еңбек тәуекелдері картасын Қаржы, Әділет, Денсаулық министрліктерінің, Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен интеграциялауы қажет.
А.Ертаевтың мойындауынша, жұмыс берушілер еңбекті қорғауға үстірт-формалды қарайды. Бұдан бөлек, жеке қорғаныс құралдары мен құрал-жабдықтарымен уақытылы қамтамасыз етпеуі, ескірген жабдықты пайдалануға беруі және басқа мәселелер бар. Алысқа бармай, Астана және өзге ірі қалалардың көшелерінде клинкерлік кірпіш қалап, бордюр орнатып, тротуар тақталарын төсеп жүрген жұмысшыларды жиі көреміз. Олардың ешқандай қорғаныш құралынсыз, бет-аузын орамалмен ғана таңып немесе оны да жасамай, қыш кірпіштерді «болгаркамен» бұрқырата кесіп жатады. Қолқаны қабар қою шаңның ортасында тұншыққан ол жігіттердің сонда өкпесінен не қалады?
гаркамен» бұрқырата кесіп жатады. Қолқаны қабар қою шаңның ортасында тұншыққан ол жігіттердің сонда өкпесінен не қалады?
– Елде қауіпті өндірістік орындардағы адам өлімі 2,5 есе, жарақат алу 25% азайды. Осы жылдың 5 айында бақыла удағыны сандарда 43 оқиға, 13 авария тіркелді, оның ішіндегі 10-ы бойынша тергеу аяқталды. Жұмысшылар қаза болған «Востокцветмет» шахтасында және «Қазмырыш» зауытында орын алған екі ірі авария бойынша тергеу жалғасады. Алдын ала болжам бойынша «Востокцветмет» шахтасындағы аварияға таукен жұмыстарын жобалық құжаттама талаптарын бұзып жүргізу және жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған, – деді Шыңғыс Әрінов.
Министрдің мәліметінше, биыл 5 айда тексерілген кәсіпорындарда 10 мыңнан астам өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталды. Әртүрлі санаттағы 523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 62 млн теңге айыппұл салынды. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар анықталған 600-ден астам нысан мен техникалық құрылғылардың жұмысы тоқтатылды. Алайда министр жекелеген кәсіпорындар енгізілген шектеулерді елемей, ТЖ қаупін арттырып, өз жұмысын жалғастырғанына шағымданды.
– Цифрландыру аясында ЖИ енгізу арқылы «е-ТЖМ» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Жүйеде қауіпті өндірістік нысандарды есепке алу және авариялар мен жарақат алудың деректер банкі, бизнес-процестерді автоматтандыру, сондайақ нысандардағы қауіп-қатерлерді болжау көзделеді. Былтыр Президент тапсырмасымен 55 шахта мен кенорны тексерілді. 45 нысанда жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылды. 14 шахта мен кенорнындағы бейнебақылау және позициялау жүйелері министрліктің Дағдарыс орталығына қосылды, – деді министр Ш.Әрінов.
Үкімет техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жүзеге асыру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Айта кету керек, Мемлекет басшысы сәуірде қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңға қол қойды. Осы және басқа шаралар жұмыскерлердің құқығын сақтауға, еңбекті қорғауға пәрменді ықпал етсе жөн. Өндірістік жарақаттануды, қайғылы жағдайларды азайту тек заңның қатаңдығына ғана емес, оның іс жүзінде мүлтіксіз орындалуына да тікелей байланысты болмақ.
2024 жылы Астана қаласында 12-қабатта терезеден құлап түскен Ақылбек 4-қабатқа жеткенде арнайы терезелерге қойылған торға ілініп түседі. Бұл да негізі қауіпсіздік үшін қойылған. Өмірі көз алдында өткен жұмысшының айтуынша, бірінші қабаттың төменінде темір құралдар жиналған. Абырой болғанда тор үстіне түсіп, аман қалды. Әйтпесе, арты қайғылы оқиғаға ұласқан болар еді. Ақылбек сол сәттен кейін құрылыс саласындағы жұмыстарға мүлдем жоламай кетті.
Мұнан бөлек, дәл сол құрылыс басында краншы жігіттің кешкілік жұмысын аяқтап түсіп келе жатқанда құлап, мерт болғанын естігенбіз. Әрине, бұл жерде жұмыс жасаушының да қауіпсіздік белдігін тағып, ережесін сақтауы жатыр. Десек те одан кейінгі жағдайларда да күмән көп.
Қорыта айтсақ, еңбек етіп жүрген жастардың қауіпсіздігі мен құқығының сақталуы – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Олардың еңбек заңнамасымен қорғалуы әлеуметтік тұрақтылыққа да ықпал етеді. Дегенмен, кей олқылықтың бармақ басты, көз қыстыға салып жабулы күйде қалуы алаңдатарлық мәселе. Сондықтан әрбір жұмысшы өз құқығын біліп, ал жұмыс берушілер заң талаптарын қатаң сақтауы қажет. Әділдік пен қауіпсіздік қамтамасыз етілген жерде ғана жастардың еңбекке деген сенімі артады.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!