Қазіргі таңда білімге құштар, ойы ұшқыр жас ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, бастауыш сыныптан бастап оқушының қабілетін танып, оны дұрыс бағыттай білу – ұстаздың кәсіби шеберлігін айқындайды. Осы тұрғыда И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы Ақылбек Мейіржан – болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды шәкірттердің бірі.
Жас болса да, ол есеп шығаруға деген ерекше қабілетімен көзге түсіп жүр. Мұғалімінің айтуынша, Мейіржан – алғыр, зерек, логикалық ойлауы жоғары оқушы. Әсіресе математика пәніне деген қызығушылығы басым. Есеп шығарудан үздік, өзінің қатарластарының арасынан озық шығып келе жатқан ол әр тапсырмаға терең ойланып, түрлі тәсілмен шешім табуға тырысады.Бастауыш сынып мұғалімі Лаура Дәулетқызының айтуынша, оқушының есепке деген қызығушылығы бірден қалыптаспаған. Алғашқы кезде тапсырмаларды орындауда енжарлық байқалғанымен, түрлі әдіс-тәсілдер мен ойын элементтерін қолдану арқылы баланың пәнге деген ынтасы артқан. Қазіргі таңда Мейіржан есептерді өз бетінше шешуге дағдыланып, үнемі ізденіс үстінде жүрген оқушылардың қатарына қосылған.
Ұстазының сөзінше, оқушының қабілеті дер кезінде байқалып, оны түрлі білім сайыстарына қатыстыруға мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде Мейіржан бірнеше интеллектуалдық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді. Атап айтқанда, «Ақбота», «Кенгуру» секілді білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болып, өзінің білім деңгейін дәлелдей білді.Ал жас дарынның өзі есеп шығарудың басты сыры – көп еңбектену мен үздіксіз жаттығу екенін айтады. Қиын есептерді шешу барысында асықпай ойланып, әртүрлі тәсілді қолдануға тырысатынын жеткізді. Оның айтуынша, логикалық тапсырмаларға деген қызығушылығы күн сайын артып келеді.Бос уақытында кітап оқып, есеп шығарумен айналысатын Мейіржан болашақта үлкен ғалым болуды армандайды. Бұл – оның білімге деген шынайы қызығушылығы мен алға қойған мақсатының айқын көрінісі.Ұстазы Дәулет Лаура Дәулетқызы телефонға телмірген заманда, мұндай талапты, білімге құштар оқушылардың көбейе беруін тілейтінін атап өтті. Оның пікірінше, әрбір оқушыға дұрыс бағыт-бағдар беріліп, қолдау көрсетілген жағдайда, кез келген бала үлкен жетістікке жете алады.Қорыта айтқанда, Ақылбек Мейіржан – жас болса да, талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында биік белестерді бағындыруға қадам басқан дарынды оқушы. Ұстазының қолдауы мен өзінің табандылығы үйлесім тапқан бұл жетістік – болашақтағы үлкен жеңістердің бастауы екені сөзсіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!