Фото: ашық дереккөзден алынды

Мектеп оқушыларының жазғы демалысқа шығу маусымы жақындап келеді. Бұл балалар үшін демалыс пен денсаулықты нығайтудың ең қолайлы кезеңі. Уақыт жақындаған сайын оқушылардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселесі өзекті бола түседі. Әсіресе, балаларды сауықтыру лагерлері мен демалыс орындарының дайындығын алдын ала бастау – олардың сапалы жұмыс істеуінің басты кепілі. Бұл ретте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында дайындық кезеңінде жазғы демалысты ұйымдастырумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға бірқатар талаптардың ескерілуін назарға ұсынады.

Балалар келіп орналасқанға дейін барлық сауықтыру лагерлері белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын рұқсат құжатын алуға міндетті. Бұл құжат болмаған жағдайда жұмыс бастауға рұқсат етілмейді.

Сауықтыру орындары ашылмас бұрын  ғимараттар мен жатын орындарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аумақ толық тазартылып, көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Кеміргіштерге, жәндіктерге қарсы аумақты өңдеуді назардан тыс қалдырмаған абзал.Сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, электр желілері толық тексеріліп, қажет болған жағдайда жаңартылуы тиіс. Ауыз су, бассейндер мен су айдындарының су сынамалары, топырақ пен құм микробиологиялық, санитариялық-химиялық, паразитологиялық көрсеткіштерге тексеріледі. Асхана, медициналық пункт, санитариялық тораптар толық жабдықталып, жұмысқа дайын болуы қажет. Санитариялық қағидаларға сәйкес лагерьдің аумағы қоршалуы тиіс. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келуі аса маңызды. Сонымен қатар, қызметкерлер арнайы оқытудан өтіп, санитариялық талаптармен таныстырылады.Тағам дайындау барысында барлық гигиеналық талаптар сақталуы тиіс. Ас мәзірі құнарлы, дәрумендерге бай және баланың жас ерекшелігіне сәйкес жасалуы қажет.

Жатын бөлмелер кең, жарық, желдетілетін болуы тиіс. Қазақстан РЕспубликкасында рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдары қолданыла отырып, күнделікті тазалау жүргізілу қадағаланады. Балалардың жеке гигиенасын сақтауына жағдай жасалып, санитарлық тораптар таза күйде ұсталуы қажет.

Балаларды лагерьге қабылдау алдында медициналық тексерістен өткізу міндетті. Әр балада денсаулық жағдайы туралы анықтама болуы тиіс. Сонымен қатар, лагерьде тұрақты түрде медицина қызметкері жұмыс істеуі қажет.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалар бақылауында 8 балаларды сауықтыру ұйымдары бар, оның ішінде Арал және Жаңақорған аудандарында орналасқан 2 лагерь жыл бойы жұмыс жасайтын болса, қалған 6-ауы маусымдық лагерь. Аталған 8 лагерьде 2026 жылы 6995 бала демалыспен қамтылады деп күтілуде.

Департамент және аумақтық басқармалар тарапынан лагерьлердің дайындығы мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларын ресімдеу бойынша жауапты мамандар бекітіліп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілуде. Балаларды сауықтыру ұйымдарында медицина қызметкерлері үшін ішек инфекциялары, ботулизм және жаппай тамақтан уланудың алдын алу бойынша арнайы дәріс, семинарлар өткізіліп, алгоритмдер түсіндірілуде.

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сауықтыру орындарының алдын ала дайындалуы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы және қауіпсіздік шараларының толық орындалуы – балалардың денсаулығы мен жақсы демалысының кепілі. Сондықтан бұл жұмыстар басты назарда.

Ерлан Ұзақбаев,

Қызылорда облысының СЭБД басшы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!