Қуатты арттыратын артық күш – спортта. Оның саулықпен сабақтасып жатқаны айтпасақ та аян. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілер арасында жазғы спартакиада басталды.

Иә, ептілік пен шеберлік сарапқа салынып, жеңіс жығылмағанның еншісіне бұйырмақ. Яғни, іс-шара маусым айының соңына дейін жалғасып, жазасын өтеуші азаматтар спорттың бірнеше түрі бойынша өзара сынға түседі. Мұндағы мақсаттың маңызы бөлек. Бос уақытты тиімді ұйымдастыру мен салауатты өмір салтын қалыптастыру, белсенділікті арттыруға басымдық беріліп отыр.

– Мұндай іс-шаралар тек бәсекелік сипатпен шектелмейді, ол адамның дүниетанымын кеңейтіп, тәртіп пен жауапкершілікке баулитын тиімді тетік. Оның үстіне, әрбір қатысушының ішкі әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді, – дейді мекеме бастығының орынбасары әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов.

Өз кезегінде АКАӘПТЖББ-ның жасақ бастығы әділет аға лейтенанты Б.Алтынбек жазғы спартакиаданың өту тәртібі мен талаптары туралы түсіндіріп өтті. Жазасын өтеуші азаматтар шахматтың шаршы тақтасында бақ сынасуға сақадай сай дайын.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!