Жақында желіде 69 жастағы әжейді ұзату рәсімінің видеосы тарады. Кадрларда әйелді жас қалыңдықтай киіндіріп, туған-туыстары ән-жырмен, салт-дәстүрмен шығарып салады. Тіпті “жас жұбайларды” кейін лимузинмен алып кеткен. Ерекше сәт түсірілген ролик екі миллионға жуық қаралым жинап, желіде қызу талқыланып жатыр. Stan.kz тілшісі ерлі-зайыптының туысымен сұхбаттасып, олардың махаббат хикаясын сұрап білді.

Видео Tiktok желісінде жарияланды. Автордың айтуынша, 50 жыл бірге өмір сүрген отағасы жас кезінде берген уәдесін орындап, жұбайына жарты ғасыр бұрын жасалуға тиіс ұзату тойын жасап берген. Ал қуанышты сәттің кадрларын “жас жұбайлардың” немересі Адина бөліскен болып шықты.

“Аңыз бол: әжең сенің емес, сен әжеңнің ұзатуын көр”, – деп жазған Адина. 

Мұны көрген желі қолданушылары эмоциясын жасыра алмады.

“Мұндай қалыңдықтың қалыңмалы қанша екен?”, “Енесі жоқ шығар. Қандай бақытты қалыңдық!”, “Мен кеш қалдым ба деп жүрсем, әлі де мүмкіндік бар екен ғой”, “Ерте тұрмысқа шығып кеткен сияқты”, – деп жазды пікір білдірушілер.

“Ұзату той” әжейдің жас кезіндегі арманы”

Ұзату той 9 мамырда Түркістан облысы Сарыағаш маңындағы Мәдениет ауылында өткен. Басты кейіпкерлер – 50 жыл бірге өмір сүрген Боранкүл мен Ербосын. Қазір Боранкүл әжей 69 жаста, ал жұбайы 74 жаста. Бұл той – олардың алтын тойына орай ұйымдастырылған ерекше мереке.

Ерлі-зайыптының немересі Адинаның айтуынша, бұл жай ғана көңіл көтеру үшін жасалған рәсім емес. “Қыз ұзату” – әжейдің көптен бергі арманы болған.

“Бұл жай той емес, алтын той – бірге өмір сүргендеріне 50 жыл толған мереке. Ал ұзату – әжемнің көптен бергі арманы еді”, – дейді Адина.

Сөйтсе, жас кезінде Ербосын ата болашақ жарын бір көргеннен алып қашқан екен. Сол себепті ол уақытта Боранкүл әжейге дәстүрлі ұзату тойы жасалмаған. Ал ата сол кезде жұбайына бір күні бұл арманын міндетті түрде орындайтынын айтып, уәде берген.

“50 жыл бұрын атам әжеме: “50 жылдан кейін сені қайтадан ұзатып аламын” деп уәде берген екен”, – дейді немересі.

Араға жарты ғасыр салып, сол уәде орындалды. Әжейдің інісінің үйі төркін үйі саналып, ұзату рәсімі дәл сол шаңырақта жасалған. Тойда қалыңмал беріліп, киіт ашылып, дәстүрлі жөн-жоралғылар орындалған көрінеді. Туған-туыс жиналып, әжейді әнмен, ақ тілектермен шығарып салған.

Боранкүл әжей мен Ербосын ата
Фото: Жеке архив

Мерекені ұйымдастыруға бүкіл отбасы атсалысқан. Әженің бауырлары, ұл-қыздары, келіндері, немерелері – бәрі бұл күннің ерекше өтуіне күш салған. Адинаның сөзінше, атасының бұл уәдесін отбасы мүшелері бұрыннан білетін. Сондықтан ұсыныс айтылғанда ешкім қарсы болмаған.

“Бұл ойды атам мен әжем жастайынан айтып, жүректерінде сақтап келген. Атам 50 жылдық мерейтойында әжемді қайтадан “алып кетіп”, лимузинмен әкететінін үнемі айтып жүретін. Олар мұны балаларына жиі айтқандықтан, уақыты келгенде бәрі бір ауыздан қолдады”, – дейді Адина.

Видео авторы роликті бастапқыда тек отбасылық естелік ретінде жариялағанын айтады. Алайда әсерлі сәт көпшіліктің жүрегіне жетіп, әлеуметтік желіде кеңінен таралып кетті. Желі қолданушылары жылы пікірлерін жаудырып, кейбірі әзілдеп те үлгерген.

Боранкүл әжей мен Ербосын ата
Фото: Жеке архив

Бүгінде ерлі-зайыптының екі ұлы, үш қызынан тараған 27 немересі мен 2 шөбересі бар. Олар қазір Түркістан облысында балалары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!