Фото: Атырау облысы полиция департаменті
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты істе қылмыстар бір мезгілде емес, бірнеше ай аралығында жасалғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайыққа сілтеме жасап хабарлайды.
Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты іс бойынша қылмыстардың жасалу мерзімі анықталды. Тергеу мәліметінше, отбасы мүшелерінің өлтірілуі бір мезгілде болмаған. Алғашқы және кейінгі қылмыстардың арасында бірнеше ай өткен.
Атырау облысы прокуратурасының дерегіне сенсек, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев ерлі-зайыптының ұлы Наурыз Мұқанғалиевты мамыр айында өлтірген, ал ерлі-зайыпты мен қызы қарашада көз жұмған.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс үшінші тұлғалардың қатысуынсыз, жалғыз өзі жасалған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев есі дұрыс деп танылып, өз әрекеттері үшін жауап бере алады.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінде ас үй пышағымен салынған көптеген кесіп-тесу жарақаттары анықталған.
«Әрқайсысында алтыдан кем емес жарақат бар, олар кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзаларға түскен», – деді ол.
Айта кетейік, ұзақ уақыт бойы отбасы мүшелерінің атынан хабарламалар жіберіліп, қаржылық операциялар жүргізілгендіктен, олардың тірі екеніне күмән болмаған. Тек көршілер күмәнданып, жағдайды хабарлағаннан кейін ғана іс тереңірек тексеріле бастаған.
Тергеу барысында күдіктінің белгілі бір уақыт аралығында қылмысты жасыру үшін түрлі әрекеттерге барғаны анықталды. Бұл жайт іс бойынша қоғамдық резонанстың күшеюіне себеп болды.
Ал Сәрсемалиевтің жұбайы, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты түпкілікті қорытынды әлі шығарылған жоқ. Атырауда мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қайта сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Марқұмдардың туыстары сот процесінің ашық өтуін талап етіп отыр. Олар сот барысында оқиғаның барлық мән-жайы толық жарияланады деп үміттенеді.
Қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалған. Кейін бұл іс адам өлтіру дерегі екені анықталған. Іздеуде болғандар 66 жастағы Максот Қарабалин, 64 жастағы Насип Өтешкалиева, 35 жастағы Мирамгүл Қарабалина, 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Сараптамалардың қорытындысы істің әрі қарайғы бағытын анықтайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!