Ақтөбеде қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.

Төрт ай бұрын қаладағы мектептердің бірінің маңындағы қоқыс алаңынан ала сөмкеге салынған ер адамның сүйегі табылған болатын. Бұл іс бойынша 62 жастағы жергілікті тұрғын айыпталып отыр.

Ол сот отырысында өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, бұл әрекетті өз-өзін қорғау мақсатында жасағанын мәлімдеген.

Тергеу мәліметінше, айыпталушы үйінде 55 жастағы танысымен бірге ішімдік ішкен. Кейін екеуінің арасында жанжал шығып, соңы пышақтасуға ұласқан. Салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Қылмысты жасыру үшін айыпталушы сүйекті үлкен сөмкеге салып, үш күннен кейін шанамен қоқыс жәшіктеріне апарып тастаған. Оны аула сыпырушы тауып алған.

Қазір сот іс материалдары мен ұсынылған дәлелдерді зерттеп жатыр. Айыпталушының кінәсі дәлелденсе, оған 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!