Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, кино өндірісі – миллиардтаған табыстың көзі. Әрине, өнер ақшамен өлшен­бейді. Дегенмен бір сериал арқылы бүкіл ұлттың экономикасы мен идеологиясын жарнамалап отырған елдер жетерлік. Осы орайда соңғы жылдары «Хабар» телеарнасының хит контентіне айналған «Келінжан» сериалының жетістіктері мен сценарист Гүлнұр Мамасарипованың кино өндірісіне қатысты айтқан мәселелер жайлы сөз етпекпіз.
«Хабардың» тапсырысымен 2018 жылдан бері түсіріліп келе жатқан телехикаяның осыған дейін барлығы 4 маусымы көрерменге ұсынылды. Сериал қазақ ауылының қарапайым бір отбасындағы Күләш апа мен келіндерінің, әр буынның арасындағы қарым-қатынасқа құрылған. Телеарна эфирінде де, youtube желісінде де ең жоғары рейтингке ие болып үлгерген телехикаяның қаралымы 180 миллионнан асады.

Әр әйелдің бойында Айсара бар
Сериалдың қаралымын көбейткен – сіз бен біз, әр үйдегі қыз-келіншектер, қарапайым қазақ көрермені. Миллиондаған қаралым жинаған сериалдың түсірілуіне, сценарийдің негізгі идеясына не түрткі болды? Сценарист, режиссер Мамасарипованың айтуынша, аталған туындыны түсіруге кезінде ұлттық арнадан бірнеше жыл бойы көрсетілген үндінің «Келін» телехикаясы себепкер болған. «Келінжанды» түсіргенімізге Ананди кінәлі. Бір кездері бар қазақ жабылып, үндінің бітпейтін 300-400 бөлімді сериалын көрді. Сонда мен ерекше сюжеті жоқ, жарқ-жұрқ еткен сериал неге қазақтың аудиториясына сонша жақын болды екен деп ойладым. Кейін келін мен ене, отбасы тақырыбы шығар деп түсіндім. Біз неге өзіміздің қазақтың келінін көрсетпейміз деген ойдан өзіміздің сериал туындады», – дейді сценарист. Осылайша үнді сериалына қатысты сұрақтан туған идеясын қағазға түсіргенімен, басшылық тарапынан бірден мақұлданбай, қазақтың келіндері туралы сериалдың сценарийі екі жыл сөреде шаң басқан қалпында сақталған. Себебі ол кезде «Келинка тоже человек», «Келинка Сабина » деген сынды коммерциялық жобалар көптеп шығып кеткен еді. Режиссер өз идеясының аталған туындылардан басқа екенін түсіндірген. Басшыларға бұл басқа дүние, қазақтың келіні, қазақтың өмірі, отбасы туралы екенін айтып, нәтижесінде екі жылдан кейін ғана мемлекеттік арнаның контенті ретінде бекіткен екен.
«Келінжанның» көрерменнің ыстық ықыласына бөленуінің сыры неде? «Өзімнің ойымша, «Келінжанда» барлығы шынайы. Біз қиял-ғажайып ештеңе қоспадық. Өзім ата-әженің қызымын. Анамды қосқанда бес келіннің тіршілігін көріп өстім. Ауылымызда әр үйде бір ене болды. Кішкентай кезімнен адамдарды зерттейтінмін. Осы «Келінжанды» түсіргенде сол қасиетім жақсы пайдасын берді. Себебі, әр кейіпкерім жиынтық образ болып шықты. Әлеуметтік желіде келген хаттарды оқып отырсам, «Айсара тура жеңгем сияқты, Балқия мамама ұқсайды» деген хаттар көп келеді. Оның себебі әр әйелдің бойында Айсара да, Балқия да, Асылым да өмір сүреді деп айтар едім. Сондықтан «Келінжан» шынайылығымен, кейіпкерлерінің табиғатымен ерекше ықыласқа бөленді», – дейді режиссер.

Бас кейіпкерлер
5 миллионнан кем алмайды
Маусым сайын көрерменді ынтықтыра түскен сериалдың соңғы 40 бөлімінде актерлердің гонорары біраз көтерілген. «Сериалдың бас кейіпкерінің бірін сомдаған Дариға Бадықованың гонорары қызық болса, өзінен сұраңыз. Жалпы «Келінжанның» төртінші маусымындағы бас кейіпкерлердің гонорары өте жақсы. Екі кішкентайдан басқасының гонорары 5 млн теңгеден кем емес. Олар енді 2-3 айлап жүрмейді ғой. Түсірілім уақыты көбейсе, сериалға кететін қаражат та артады. Шамамен 20-25 күндей түсірілім болады. Өзіңіз есептеп көріңіз, жалпы гонорарды уақытына бөлсек, күніне 200 мың теңгеден кем емес. Бізде одан да қаламақысы жоғары актерлер жеткілікті. Күніне 1000 доллар алатындар бар», – деді продюсер бір сұқбатында.
Иә, алғашқы маусымдарда телехикая 15-20 серияға созылса, төртінші маусымда көрерменді бірден 40 сериямен қуантты. «Келінжанның» алғашқы 3 маусымын түсірген сайын өтпей қалса не болады деп ойлайтынмын. Соңғы маусымда 40 серия бердік. Сериалдан түскен таза пайда – 500 миллион теңге. Жалпы 4 маусым «Хабар» арнасының ютуб каналында 180 миллионнан аса қаралым жинағанын да айта кетейін.
«Astana media week – 2022» форумы барысында режиссерларға ақша жетпейтінін сөз еттім. Жеке өзімнің сериал нарығында жүргеніме он жылдан асты. Әр түрлі кезеңде сериал түсіріп келемін. Бірақ бюджет – барлығында бірдей. Инфляция өседі, доллардың курсы жоғарылайды, бірақ киноға бөлінетін бюджет баяғы бәз қалпында. Телеарналардың тапсырысы бойынша түсірілсе де, кейде 5-6 миллионнан артық ақша бөлінбей жатады. Кино саласында жүрмеген адам түсінбеуі мүмкін. Сериал үшін 5-6 миллион деген ештеңе емес. Алайда режиссер, сценарист ретінде өзім айналысып жатқан дүниеге деген махаббатымнан болар, кино түсіру үшін кредит алған кезім де болды. Керек болса қарыз да аламын. Себебі бастаған істі аяғына жеткізу, қағазға түскен дүниені экранға ұсынып, жан беру, әртістік құрамды ұйымдастыру оңай дүние емес. Бірақ «бастадың ба, қорықпа, қорықсаң, бастама» деген ұранмен өмір сүремін», – дейді ол.
Неге 5 маусымы түсірілген жоқ?
Кез келген сериалдың, туындының сәтті шығуы – оның адамдарға сұрақ қоя білуінде, актерлық құрамының жақсы болуында ғана емес, «тәттілігін» жоғалтып алмауында. Өз уақытында басталып, өз уақытында бітуі ерекше маңызға ие. Дегенмен жақсы қаралым жинап, арнаға да, режиссер мен актерларға да табыс әкелген сериалдың 5 маусымы неге түсірілмеді? Әлде өзіндік себептері бар ма?
– Көрерменнің көңілінен шыққан, сұранысқа ие телехикаяның жалғасын түсіру өте қиын. Өйткені көрермен бұрынғыға қарағанда қызығырақ дүние күтеді. Сондықтан да сиквел түсірмес бұрын түрлі техникаларды ойлап табу қажет. Оның үстіне төртінші маусым 40 сериядан тұрады. Айта кетейін, бірінші маусымда 25 серия, екінші және үшінші маусымда 15 сериядан түсірілді. 40 серияға азық болатын сюжет ойлап табу да оңай болған жоқ. Продюсер ретінде алдымен кино нарығын, әлеуметтік платформаларды зерттедік. Соңғы кезде комедия жанрында көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген актерлерді іріктеп алдық. Содан кейін соларға шақ рөл жазуға тырыстық. Ал «Келінжанның» тұрақты кейіпкерлерін үйреншікті образдарында қалдырдық және негізгі құрамды 100 пайыз сақтап қалдық. Шынымды айтсам, бұл оңай болған жоқ… Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде бір мәмілеге келдік. Оның себебі көп. Қаржылық, адами, кәсіби деген сияқты. Көрерменге кадрдың сыртындағы дүние маңызды емес. Олар сүйікті кейіпкерлерін көргісі келеді. Осы тұрғыдан алғанда, қандай да бір амбицияны ысырып қойып ымыраға келуді ғана мақсат еттім. Нәтижесінде, шығармашылық ұжым ортақ мүдде үшін жұмыс істедік.
Тіпті, көрермен төртінші маусым шықпай жатып, «бесіншісін» сұрап кетті. Алайда сериал осымен тәмам. Қыркүйектің басында эфирге ұсынылса, қарашада толықметражды фильм үлкен экранға жол тартты. Осылайша, бес жылға созылған «Келінжан» хикаясы мәресіне жетті. «Келінжан» – менің продюсерлік жобам ғана емес. Осы туындының авторымын. Әр образды ойлап тауып, үш келіннің атын қойып, киімін кигізіп, шашын тарап, бетін бояп, орамалын тартқызып, күйеуін таңдап, енесін сайлап бергем. Аллаға шүкір, менің түсінігімдегі қарапайым қазақ отбасын халық тек қабылдап қана қоймай құшағына алып, қошеметіне бөледі. «Көрермен көзайымы» номинациясын ресми алмаса да, халықтың сүйікті киносына айналды. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Бірақ кез келген дүниенің басы мен аяғы болады. Көрермен алдағы уақытта өзге де қызықты жобалар арқылы қауышамын деген ойдамын, – дейді сценарист.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!