Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы кезде мемлекеттік шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан алынатын трансферттің арту тенденциясы байқалуда. Үнемі мұндай жеңіл жолмен жүру мүмкін емес. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ бірінші кезекте мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек. Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені енгізуді жеделдету керек. Тиісті заңнамалық түзетулер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет», – деді Президент.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жариялауда. Парламент үйінде өтіп жатқан іс-шара республикалық барлық телеарнадан тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Бүгінгі жиынға Парламент палаталарының депутаттары қатысып отыр. Палата отырысына депутаттық корпустан бөлек, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері толық құрамда қатысуда. Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес пен ҚР Жоғарғы сотының төрағалары мен мүшелері, ҚР Президентіне тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар басшылары да отырысқа келген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!