Облыстағы мәдениет ұйымдары мен өнер мекемелерінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұршат Наурызбаева ұлттық мереке қарсаңында өткізілетін шаралар мен саладағы жағымды жаңалықтарды баяндады.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бізде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл басынан бері барлық мәдениет ұйымдарында және өнер мекемелерінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты ауқымды шаралар өткізілуде. Оның ішінде «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысын атап өтсек болады. Осы сипаттағы шараларымыз барлық мәдениет ұйымдарында жалғасын табуда»,- деді Нұршат Бегежанқызы.

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығын атап өту де жоспарланған. Бұл мақсатта қыркүйек айында «Жырлансын Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өткізілмек.

Қызылорда облыстық филормониясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздікке тарту» айдарымен өнердің барлық жанры бойынша 30 ауқымды шара ұйымдастыруда. Бүгінде түрлі бағыттағы 24 шара аралас форматта өткізілген. Баспасөз конференциясында Талғат Мақашов облыстық филормониядағы ауқымды шаралар тізбегін баяндады.

«Жалпы бүгінгі күнге дейін филормонияның ұйымдастыруымен барлығы 90-нан аса шара өткізіліп, оған 50 мыңнан аса көрермен қамтылды. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай 30 шара өткізілуде. Атап айтқанда, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестірінің жыл концерті, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің «Сарын» атты сазды кеші және қазақтың аңыз және салт ертегілерінің 30 кейіпкері циклымен «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясының қысқаметражды қойылымы көрермен қатысуымен өткізілсе, қалған туындылар елде орын алған пандемияға байланысты онлайн форматта өткізілді. Қыркүйек айында залда 30 пайыз орынға рұқсат беріліп, көрермендерімізбен қайта табысуға қызу дайындық жұмыстары басталып кетті», – деді облыстық филормонияның директоры Талғат Бақытбекұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!