Фото: ЖИ арқылы жасалған
Бүгінгі көпшілік таң мен кештің арасында қарбаласып жүріп тамақтану режимін бұзып алған. Себебі қауырт жұмыс таңғы асты түске, түскі асты кешке қалдырып жатады. Кейде тіпті дүкен сөрелерінде тұрған жеңіл тамақпен жүрек жалғап, жүре береді. Бәлкім, бұл қатарда сіз де барсыз. Ал қазақ «Ауру – астан» дейді. Расында да солай. Өйткені дұрыс тамақтанбау адамды ауруға әкеп соғады. Одан қалды қазір ас дайындағанда да табиғи өнімді дүкеннен сатып алуды құп көретіндер көп. Олардың да пайда не зиянына мән беріп жатқандары саусақпен санарлық.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, елге сырттан келетін өнімдерден көп жағдайда күмәнді қоспалар табылады. Азық-түлік мамандары дәл осы импорттық өнімдерді сатып аларда, мұқият болуға шақырады. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 200-ден астам ауру қауіпті тағамнан болатынын хабарлайды.
Сырттан келетін тауар сапасыз…
Өкінішке қарай, сырттан келетін тауардың бәрінен арнайы сынама алынып, жаппай тексеруге жіберілмейді. Егер азық-түлік тауарларының сертификаты мен құжаты дұрыс болса, бірден дүкен сөрелеріне қойылады екен. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шағым түссе немесе жоспарлы түрде ғана кей өнімдерді зерттеуден өткізеді. Комитет былтыр 22 мыңнан аса өнімге тексеру жүргізіп, оның 11,4%-ы талапқа сай емес екенін анықтаған. Сол қауіпті тағамдардың 74%-ы сырттан жеткізілген көрінеді. 22 мың тауарды тексеру нәтижесінде, 137 әкімшілік іс қозғалып, 25 миллион теңгеден аса көлемде айыппұл салынды, 753 тергеу жүргізілген. Тауар айналымындағы 5,2 тонна тамақ өнімі сатылымнан алынған. Бұл – жалпы өнімнің тексерілген бір парасы ғана. Тексерілмеген өнімдердің ішінде қандай қауіпті өнімдер барын дөп басып айту мүмкін емес. Былтыр зерттеуден өткен өнімдердің дені Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің тамақ өнімдеріне тиесілі, оның ішінде 1 271 (9,5%) сынама техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген.
«Импорттық тауарлардың ішінде шұжық өнімдерін таңдарда, күмәнмен қарау керек» дейді мамандар. Себебі сиыр еті деп сатылған шұжықтардың құрамынан сиыр емес, тауық еті табылған, кейбірінің құрамынан шошқа еті анықталған. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаева:
– Шетелден жеткізілген өнімдер, ЕАЭО елдеріне тиесілі, оның ішінде Ресейден келген өнімдердің құрамынан жаппай бактериялық ластану, ішек таяқшалары мен шошқа ДНҚ-лары анықталды. Қазір бұл тауарлар сатудан алынып тасталды, жойылды, – деп есеп берген болатын.
Былтыр елге 40 мың тоннадан аса шұжық өнімдері импортталған болса, өнімнің бәріне зерттеу жүрмегенін ескерсек, расымен де, абай болғанымыз абзал.
Тауық етіне де күмән көп
Мәліметке сүйенсек, кейінгі кезде Қытайдан контрабандалық жолмен жеткізілетін тауық еті көбейген. Көрші елде құс тұмауы таралып, Қазақстан бұл елден құс өнімдерін импорттауға 15 жылға тыйым салған еді. Соған қарамастан, алаяқ кәсіпкерлер түрлі айла-шарғыға барып, құжаттарға басқа тауар атын көрсетіп, тауық етін заңсыз кіргізіп жатыр. Жақында шекарашылардың қырағылығының арқасында 42 тоннадан аса күмәнді ет кері қайтарылған. Өкінішке қарай, бұл – анықталған жалғыз жағдай. Қазір шекара арқылы күмәнді құс еті тоқтаусыз өтіп, ішкі нарыққа кеңінен тарап жатыр, Ал оның көлемін дәл анықтау мүмкін болмай тұр. Елге былтыр 120 мың тоннадан аса тауық еті сырттан жеткізілген. Бұл – нарыққа қажетті өнімнің шамамен 20%-ы. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті былтыр құс өнімдерінің 1 197сіне сынама жүргізіп, оның 80%-ы таңбалау бойынша сәйкес келмесе, қалғаны ылғалдың мөлшерден тыс болуы, физикалық-химиялық, бактериологиялық талаптарға сай болмаған. Азық-түлік мамандары тауық етінен төніп тұрған қауіп орасан дейді. Осы жағдайға байланысты нутрицолог мамандары былай дейді.
– Құс тұмауы, ең алдымен, құстар арасында тарайтын вирус. Егер ет санитарлық талаптарға сай өңделіп, толық термиялық өңдеуден өтсе, қауіп айтарлықтай төмендейді, алайда мәселе заңсыз әкелінген өнімде болып тұр. Мұндай ет ветеринарлық бақылаудан өтпеуі мүмкін, дұрыс сақталмауы ықтимал, ет құрамында антибиотик қалдықтары, бұдан өзге де зиянды қоспалар кездеседі. Дұрыс сақталмаған тауық етінде сальмонелла секілді бактериялар көбейіп, адамды улануға әкеп соқтыруы мүмкін. Негізгі қауіп – вирустың өзі емес, бақылаусыз, сапасыз өнім. Дұрыс тамақтану маманы ретінде айтарым: етті тексерілген, ресми сауда орындарынан алу керек және міндетті түрде толық пісіріп қолдану маңызды, – дейді өмір салтын өзгерту және тамақтану мәдениеті бойынша маман Аңсаған Аллабергенқызы.
Қоғам арасында тауық етіне қатысты түрлі жалған ақпарат та басылмай тұр. Мысалы, кей мамандар тауықты тез өсіріп, молырақ өнім алу үшін гормондар қолданылады деседі. Ал мұндай гормондық дәрілер балалардың физиологиясына, ерте жетілуіне әсер етеді деген пікірлер бар.
– «Тауықтағы гормондар балалардың ерте жетілуіне әкеледі» деген әңгімелер көп айтылады, бірақ бұл – миф. Иә, мал шаруашылығында гормоналды препараттар қолданылады, бірақ олар қатаң ережелермен, белгілі мақсатта (мысалы, сиырлардың көбеюін реттеу немесе ауруларды емдеу үшін) пайдаланылады. Әрбір препараттың ағзада қалай тарайтыны және қанша уақытта шығарылатыны нақты зерттелген. Сондықтан «енді сүт ішпейміз, сиыр етін жемейміз» деген үзілді-кесілді қорытынды шығару – қате, – дейді бірінші санатты ересектер және балалар эндокринологы Гүлсана Тасмұрзақызы.
Оның пікірінше, әлемнің көп елінде тауық өсіруде гормондар қолдануға тыйым салынған. Әр тауыққа гормондық дәрілер егу – экономикалық тұрғыдан да, техникалық жағынан да тиімсіз.
Сонымен қатар сүт өнімдерінің 50%-ға жуығы импорттық тауарлардың үлесіне тиесілі. Мамандардың ескертуінше, сүт өнімдеріне де сақтықпен қараған абзал. Былтыр қаптамасын жалған ақпаратпен толтыру, сары май мен маргаринге транс майлар қосу, пальма, өсімдік майларын қолдану сынды фактілер анықталған. Қорыта келе, азық-түлік өнімдерін таңдарда, нені ескерген жөн?
– Өкінішке қарай, кейде шұжықтың құрамында сиыр емес, шошқа еті анықталатын жағдайлар кездеседі. Бұл – тұтынушыны алдау ғана емес, кей адамдар үшін діни және денсаулық тұрғысынан да маңызды мәселе. Әрдайым дүкенге барғанда, өнім қаптамасын мұқият қарап, құрамын оқып, өндіруші туралы ақпаратты, жарамдылық мерзімін тексеріп, қаптаманың бүтіндігіне мән бергеніңіз абзал және тым арзан өнімдерден сақ болыңыз. Егер өнім күмән тудырса, ең дұрыс шешім – сатып алмау, – дейді Аңсаған Аллабергенқызы.
Алдап сатушылар біздің елде де бар
Есте болса, жуырда еліміздегі бірнеше шай өнімінен қауіпті қоспалар табылып, сатуға мүлдем тыйым салынған еді. Оның ішінде «Апамның шайы», «Балқия Premium Gold», «Sultan Suleyman», «Aje onim», «Al-Hayat gold», «Al-Jannat Premium» және «Alfarah» секілді шай өнімдерін атап айтуға болады. Қызығы, мұның бәрі – отандық өндірушілердің жауапсыздығынан туындаған жағдай. Яғни азықтүлік алаяқтығы өз елімізде де бар. Бұдан өзге танымал өнімдердің фальсификаты анықталып жатқан жағдайлар да жетерлік. Мысалы, жуырда Шымкент қаласында MacCoffee сусынын заңсыз өндіретін цех анықталған еді. Алаяқтар жалған кофені антисанитарлық жағдайда, еден үстінде дайындап келген. Құрамындағы қоспалардың да не екені белгісіз.
– Кофе, шай немесе танымал бренд атын жамылып, жалған өнімдер жасайтын алаяқтар көп. Мұндай фальсификат өнімдер санитарлық талапқа сай өндірілмеуі мүмкін, ал бұл денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Жалған өнімдерден сақтану үшін азық-түлікті тек ресми дүкендерден алыңыз, белгісіз онлайн сатушылардан сақ болыңыз, өнім сыртындағы штрих коды мен жазудың сапасына мән беріп, танымал брендтің бағасы шектен тыс арзан болса, күмәнмен қарағаныңыз жөн. Тамақ – жай ғана ас емес, біздің иммунитетіміз, энергиямыз және ұзақ өмір сүруіміздің негізі. Сондықтан да сапаға әрдайым басымдық берген дұрыс, – дейді А.Аллабергенқызы.
Тәжірибелі мамандар тауар нарығында жүйені ретке келтіріп, бірыңғайландыру қажетін айтады. Мысалы әлемнің көптеген елі азық-түлік бақылауын бір платформаға көшіріп, тауарды шикізат күйінен бастап, оны өңдеу, қаптау, сақтау, тасымалдау, дүкенге жеткізуге дейінгі әрбір кезеңді мұқият қадағалап, ұдайы тексеріп, бақылап отырады. Соның нәтижесінде тұтынушылар азықтүлікті еш күмәнсіз сатып алуына мүмкіндік бар. Сауда және интеграция министрлігі биылдан бастап Ұлттық тауарлар катологына (ҰТК) отандық және импорттық өнімдердің бәрі енетінін хабарлаған. Қазір ҰТК жобасы пилоттық кезеңнен өтіп жатыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлерге Қазақстандағы барлық тауарды сату үшін ҰТКнен NTIN кодын (тауардың цифрлық паспортын) пайдалану міндеттелді. Осылайша, жаһандық цифрландыру талаптарына сай, тұтынушыға ашық, қауіпсіз және тиімді тауар нарығын құруға мүмкіндік тумақ. Сондықтан дұрыс тамақтаныңыз, әрбір азық-түлікті сатып алатын кезде мұқият көңіл бөліңіз. Өйткені сіздің денсаулығыңыз өз жауапкершілігіңізде.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!