Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның бірігу құралы болатын және денсаулық сақтау, білім беру салаларында, әлеуметтік жәрдем көрсетуде қордаланған мәселелерді шешумен айналысатын «Қазақстан халқына» қорын құруды тапсырған болатын. Қордың негізі мақсаты қандай, қаржы қайда сақталады, төрағасы кім?

Аталған қордың мақсаты белгілі. Бұл жөнінде Президент Парламент мәжілісінің отырсында келесідей мәлімдеген еді: «Қазақстан ‒ Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Республикалық бюджеттің 50 проценттен астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, сирек кездесетін сырқатпен ауыратын балаларға көмектеседі, себебі көптеген отбасы үшін емдеу шығыстары жетіспей жатады. Қабілетті балаларға, мәдениетке қолдау көрсетеміз, өткендегі оқиғадан кейінгі қиын жағдайда қалған Алматыға жәрдем береміз. Осы қордың қаражатынан біз қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына көмектесеміз» деді.

Айта кетейік, қордың қамқоршылық кеңесі мүшелеріқор басшысы ретіндеБолат Жәмішевты  сайлаған. Ал «Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы 7 қазақстандық банкте сақталады. Мұның себебін қор басшысы былай тарқатты.

‒ Қорға түскен қаржы 7 банкте болады. Барлығы да ‒ отандық банктер. Қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. Қор ашыла сала алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түсті.Одан кейін kaspi.kz және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болғандықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды.Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және шағын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз, ‒ деді Б.Жәмішев.

Осы орайда экономист Олжас Құдайберген «Қазақстан халқына» қорының құрылтайшылары туралы әлеуметтік желіде кеңінен түсіндіріп, пікір білдірген болатын.

«Бұл мәселе бойынша көптеген тегтер бар, бірақ мынаны айтайын: Президент қор туралы сейсенбі, 11 қаңтарда жариялады. Әрине, Президенттің тапсырмасын орындау үшін үкімет қорды құруға жедел жәрдемдесуді ұйғарып, жалпы қорлармен және қайырымдылық саласындағы қайраткерлермен сөйлесіп, 2 жеке тұлға мен 2 қорды таңдап, қор құру туралы шешім қабылдады. Олардың көмегімен қорды құрды. Былайша айтқанда, құрылтайшылардың бастапқы құрамы. Тез арада құрып, сосын құрамын кеңейту ниеті болды (адамдар, заңды тұлғалар көп болады). Осы 4 құрылтайшының қордың мүлкі мен шешімдеріне ықпалы жоқ. Бұл жерде Қамқоршылар кеңесі жұмыс істейді.Қазір ұйымдастыру процесі жүріп жатыр, көп нәрсе талқыланып, қалыптасып жатыр. Қаңтар айының соңына дейін аяқтаймыз деп үміттенеміз. Әзірге аяқтаған жоқпыз, талқылау этикасы сақталсын деген оймен. Сондықтан Қамқоршылық кеңес ештеңеге түсініктеме бермеді, бұл вакуумды алыпсатарлықтарды тудырды. Қор мемлекет меншігінде емес, қазір үкіметтің қорға ықпалы нөл, ең көбі балалар мәселесі бойынша Білім және ғылым министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне өзіміз жүгінеміз» ‒ деді ол.

Сондай-ақ қор басшысы Болат Жәмішев қатысушылар кеңесінің құрылатынын да ашық айтты. Ол кеңесте қаржының қаншалықтың тиімді жұмсалып жатқаны қаралады.

«Көлеңкелі табысқа кенеліп жүргендер қорға қаржы аударсын деген ұсыныстарды естіп жатырмын. Қаржы халық игілігіне жұмсалады. Сондықтан қорға адал жолмен тапқан табыстың түскенін қалаймыз. Мен үшін қайырымдылық қаражаттың қайда жұмсалатыны өте маңызды», ‒ деді ол.

Ал «Қазақстан халқына» қорына аударым жасаған бизнес субьектілеріне қандай жеңілдіктер беріледі? Бұл сауалға Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов келесідей жауап берді. Айтуынша, бизнес субьектілерінің «Қазақстан халқына» қорына қаражат аударуын ынталандыру үшін Ұлттық экономика министр алаңында Салық кодексіне түзетулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.«Қазақстан халқына» әлеуметтік-қоғамдық қорына мүлік түрінде аударым жасағандарға салық салынатын кірісін азайту құқығы ұсынылады. Бұл жеңілдіктің мөлшері әлі талқылану үстінде.

«Екінші бөлім – аталған қордың қаражатынан көрсетілетін көмекке қатысты. Салық заңнамасы бойынша мұндай қаражат алушының табысы қайтарымсыз алынған мүлік ретінде қаралады. Біз қазір Салық кодексінің бұл тұрғыдағы ережесін қайта қарап жатырмыз, яғни салықтан босату жағына өзгерту енгізілмек, ‒ деді комитет басшысы.

Қазір қайырымдылық қорында 12 миллиард теңгеден астам қаржы бары нақтыланды. Ақшаны ірі бизнесмендерден бөлек қарапайым қазақстандықтар да аударған. Қор басшысының айтуынша, алғашқы қаржы қаңтардағы бүлік кезінде қаза тапқан әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына бағытталады. Ақшаның бір бөлігі ауру балаларды емдеуге жұмсалады.

Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысын «Қазақстан халқына» қорына аудару мүлдем қажетсіз бастама екенін және бұл бюджеттік қор емес екенін баса айтты.

«Үндеуімді қолдап, «Қазақстан халқына» қорына қаражат аударғандарыңызға алғыс білдіремін. Бұл игі және дер кезінде жасалған әрекеттер ең жоғары бағаға лайық, бірақ бұл жерде мүлдем болмауы керек. Мемлекеттік қызметшілерден, бюджеттік қызметкерлерден күнделікті жалақы ала бастады. Бұл – мүлдем қажетсіз бастама. Бұл ‒ Қазақстан халқының қоры. Сондықтан оның жұмысын ұзақ бюрократиялық процедураларсыз құру керек. Жұмыс толық ашық болады. Барлық ірі компания пайдалы қайырымдылық қызметімен айналысатын қорға Үкімет белгілеген салық кірісінің пайызын енгізеді. Бизнес қауымдастық бұл бастаманы шын жүректен қолдайды және қорға тиісті жобаны жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін», ‒ деді Президент.

Айта кетейік, «Қазақстан халқы» қорына жыл сайын шамамен 100 миллиард теңге түсетін болады.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!