Сахнадан көрінбесе де, Instagram-да белсенді Балжан Бидаш тілшімізге сұхбат беріп, шығармашылық жаңалықтарымен бөлісті.

©instagram.com/bidash_official

– Балжан, сұхбатқа келісім бергеніңізге рахмет. Әңгімені шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы…

– Менде әзірге мақтанарлықтай жаңалықтар жоқ. Бәрі бір қалыпты.

– Ал, жаңа әндер жазып, бейнебаян түсіріп, сахнаға оралу жоспарда бар ма?

– Жаңа әндер жазып жатырмын. Алдағы уақытта тыңдап, бағасын бересіздер деп сенемін. Бірақ бейнебаян түсіру жоспарда жоқ. Қазір бұрынғыдай камера, оператор жалдап, пәленбай доллар шығындалып клип түсіру тренд емес. Жақсы телефон мен мықты мобилограф болса кез-келген әнге супер сапалы бейнебаянның бірнеше түрін түсіруге болады. Сосын ол клиптерді теледидарға берудің де қажеті жоқ. Адамдардың бәрі Instagram, TikTok және YouTube желісін қолданады. Сол әлеуметтік желілер арқылы трендке айналса, бағыңыздың жанғаны. Былайша айтқанда, өнер жолында жұмыс жасау, клип түсіру, тарату бұрынғыдай қиын және көп ақшаны талап етпейді. Бәрі жеңіл әрі тез.

– Әлеуметтік желі демекші, өзіңіз әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Арнайы мамандармен жұмыс жасайсыз ба?

– Жоқ, арасында мобилографтарды жалдауым мүмкін. Ал, жалпы Instagram-ды өзім толықтай басқарып, жүргіземін.

– Көптеген блогерлер арнайы контент мамандарын жалдап парақшаларын дамытып жүр. Өзіңіз бұл қадамды қаншалықты қолдайсыз?

– Меніңше, оқырманға жақын болу үшін блогер парақшасын өзі басқарып, өз идеясымен дамытып, өз энергиясын сездіре білу керек. Сол кезде жемісті, нәтижелі болады.

– Бір кездері өзіңіз онлайн курс жасаған едіңіз. Қаншалықты қаржылық жоспарыңызды ақтады? Табыс таба алдыңыз ба?

– Жоқ, менің мақсатым табыс табу болмады. Әу баста келіншектердің басты проблемасын шешкім келді. Әйел адамдар үшін “Қандай тамақ пісіремін? Қалай әдемі қонаққа ұсынамын?” деген басты мәселе ғой. Соның шешіміне көмектесу мақсатында жасалған курс болды. Мен қаржылай табысқа шықтым деп айта алмаймын. Бастысы, көздеген мақсатыма жеттім. Курсқа қатысқан қыздар ризашылығын әлі күнге дейін білдіруде.

– Мұндай бағыттағы курс жасау идеясы қашан және қалай келді?

– Мен бала кезімнен дәмді тамақ жегенді және оның әдемі болғанын қалаймын. Сол қалаудың нәтижесінде шыққан шешім болды.
 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!