Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында прокуратура мен полиция демалыс күндері рейдтік тексерістерді жиілетті. Түнгі клубтар, кафелер мен ойын-сауық орталықтарында жүргізілген бақылау шаралары барысында бірқатар заңбұзушылықтардың жолы кесілді.

Тексеру кезінде тамақтану орындарында заңға қайшы кальян шеккен азаматтарға әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Оған қоса, кешкі сағат 21:00-ден кейін заңсыз ішімдік саудалаған және тиісті рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысқан тұлғалар анықталды. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері заңсыз айналымнан 5 тоннаға жуық алкоголь өнімін тәркілеп үлгерген.

Қала прокуроры Ерлан Алмазұлының айтуынша, бұл жұмыстар «Заң мен тәртіп», «Қызылорда – қауіпсіз қала», «Айқын нәтиже» және «Саналы ұрпақ» бағдарламалары аясында жүйелі түрде жүзеге асуда. Атқарылған шаралардың нәтижесінде алкоголь сату ережесін бұзғаны үшін 67, ал рұқсатсыз кәсіпкерлік бойынша 94 әкімшілік хаттама толтырылды. Ішімдік сатумен айналысатын 57 дүкеннің лицензиясы 1 айдан 3 айға дейін уақытша тоқтатылса, 11 дүкен лицензиясынан толықтай айырылды. Ереже талаптарын елемеген 7 көңіл көтеру орны өз жұмысын тоқтатты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!