Биыл аймақ спортында айтарлықтай жетістік мол болғаны анық. Спорт нысандарының бой көтеруі, республикалық жарыстардың өтуі облыс әлеуетінен хабар бергені анық. Әсіресе, сырбойылықтардың түрлі додада қол жеткізген жалынды жеңісі Сыр спортының дәрежесін көтерді. Осы орайда 2023 жылы спортта топ жарған жерлестерге шолу жасайық.

Мөлдір – Әлем чемпионы

Венгрия астанасы –

Будапешттегі WKF каратэден Әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Байрақты бәсекеде 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай ешкімге дес бермей, Әлем чемпионы атанды. Атап айтарлығы, Мөлдір – спорттың осы түрінен ересектер арасында бұл атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ.

– Таяуда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдені қанағат тұттым. Алтын медаль үшін айқаста 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы тайпейлік Шиау Шуанг Гумен 5:5 есебімен тең түстім. Алайда соңғы нәтижелі әдісті қарсыласым жасағандықтан, жеңіс соған бұйырды. Бірақ сол жеңілістен соң, осы додада ел қоржынына алтын саламын деп өзіме уәде бердім. Жеңіске жету үшін жаттығу залында жанымды салып дайындалдым. Арманым ұзақ күттірген жоқ. Екі айда екі жүлде жеңдім. Дегенмен, осы жеңістің орны бөлек. Ерекше қуандым. Осы жолда маған сенім артқан еліме алғысым шексіз, – деді ол.

Еске салайық, 50 келі салмақта 56 елдің таңдаулы спортшылары күш сынасты. Мөлдір алғашқы кездесулерінде Алжир мен Жапония және Словакия каратэшісін қапы қалдырса, жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы венесуэлалық Салазар Йоргелисті айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасаған. Ал ақтық сында тәжірибелі италиялық Эрминия Перфоттадан айласын асырды.

– Алғаш рет екі спортшымыз Әлем чемпионатының финалына шығып, бірі Әлем чемпионы атанды. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз Дархан Асаділовтің 2008 жылғы күміс медалі еді. Жалпы, ересектер арасында бізден Мөлдірге дейін WKF каратэден Әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында ғана жеңімпаздар бар еді. Мөлдірдің жеңісі – еліміз үшін тарихи сәт, –

деді WKF каратэден халықаралық дәрежедегі төреші, ұлттық құраманың бас бапкері Асқар Молдағали.

Айтпақшы, Мажарстанның бас шаһарында өткен Әлем чемпионатында каратэден Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Атап айтсақ, Мөлдірден бөлек, 60 келіге дейінгі салмақ бойынша Қайсар Алпысбай күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Әмірәлі әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Айсамалдың жетістігі

Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Айсамал Сансызбаева күміс жүлдегер атанды.

Айсамал (87 келіден жоғары) қоссайыс қорытындысы бойынша 250 келіні бағындырды. Жұлқа көтеруде 107, серпуде 143 келіні еңсерді. Нәтижесінде жұлқа көтеруден кіші күміс, серпуде кіші алтынды еншіледі.

Айсамал 2003 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қазірге дейін ол жастар және жасөспірімдер арасында Азия және ел біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Облыс орталығындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алған. Бапкерлері – Арман Абдраев, Нұрсұлтан Бахрадин, Мұхаммед Тұрысбеков.

Еліміздің жасөспірімдер құрамасы Мексикадағы Әлем чемпионатын 1 алтын, 1 күміс медальмен аяқтап отыр. Бұған дейін Едіге Егемберді жеңіс тұғырынан көрінді. Әлемнің 44 елінен 229 қатысушы жиналған жаһандық додада ел намысын бес спортшы қорғады.

Азия ойындарындағы олжа

Сырбойылық спортшылардың жеткен жетістігі мен шыққан белесі аз емес. Соның бірі, әлемнің небір мықтыларымен түрлі додаларда бақ сынасып, ел мерейін асырып жүрген дзюдодан Азия ойындарының қола жүлдегері – Нұрлыхан Шархан. Қазақстан және Әлем чемпионаттарында қарсыластарына дес бермей, биік тұғырдан көрініп жүрген спортшы Ханчжоуда 100 келі салмақтағы бәсекеде қола жүлде иеленді.

БАҚ-қа берген сұхбатында спортшы дайындығы туралы айтып, ой-бөліскен болатын. Ол:

«Кейінгі бірнеше жыл мен үшін табысты болды. Ел чемпионатында топ жардым. Ал басынан бастап түгендесек, былтыр Азия чемпионатында қола медаль алдым. Тек «Grand Slam» жарыстарында медальға сынық сүйем жетпей қалатын. Бұл жолы Азия ойындарының қоласын иелендік. Оған қоса, дзюдодан спорт шебері нормативін орындадым. Мұның барлығы үздіксіз жаттығу мен бапкерлеріміздің ерен еңбегі арқасында келген дүние дер едім.

Қазір Қызылорда спортшыларының ішінде үздіктер қатарына қосылып келе жатырмыз.  Себебі ірі турнирлердегі жеңістермен қоса, облыс бойынша өз бағытымда бірнеше номинация алғанмын. Ал бапкерім Қытайдағы нәтиже үлкен жетістік екенін айтты. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Енді осы дәрежемді одан әрі көтеруге және өзімді дамытуға бар күшімді саламын. Алда әлі талай ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік алатын үлкен додалар тосып тұр. Сәтін салса, сол жарыстардан жүлделі оралсам деймін. Әзірге мақсатым да, жоспарым да – осы», – деді.

Аталған бәсекеде топ жарған жүйріктің қатарында Абылайхан Жұбаназар да бар. Ол биыл үлкен белесті бағындырып, Грузияның астанасы Тбилисиде дзюдодан өткен «Grand Slam» турнирінде күміс жүлдегер атанды. Араға алты ай салып, Қытайдың Ханджоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарына қатысып, қола жүлде иеленді.

Қазалы қаласында 2000 жылы дүниеге келген Абылайхан қазақ күресіне 2013 жылы аяқ басты. Оның бозкілемдегі шапшаңдығын байқаған бапкері Мұхтар Күзентаев болатын. Талантты жасты қыран құстай баптаған бапкер мен еңбекқор шәкірттің ұзақ жылғы табан ет, маңдай тері уақыт өте ақталды. Әуелі ауданда, кейін облыс пен республикада спортшының жеңісті жолы басталды. Мәселен, республикалық «Жас барыс» турнирінде бес мәрте топ жарды. Кейін самбодан Азия чемпионы, дзюдодан Қазақстан жастары арасында екі дүркін жеңімпаз атанды. Осылайша, өзінің шын мықты екенін дәлелдеген  балуан кейін байрақты бәсекелерде

топ жарды.

– Биыл халықаралық жарыстарда бағым жанды. Жыл басында Грузияда «Grand Slam-да» үздік үштіктен көрініп, күміс жүлдені еншіледім. Бұған дейін «Grand Slam» және Гран-при жарыстарында жүлде алып көрмегенмін. Содан әлемдік доданың екінші күні 81 келіге дейінгі салмақта финалға дейін төрт кездесу өткіздім. Жарысты екінші айналымнан бастап, іріктеу кезеңінде Канада және Польша спортшыларын тізе бүктіріп, артта қалдырдым. Сонан соң ширек финалда молдовалық Виктор Стерпуден басым түстім. Ал жартылай финалда татами иесі, грузиялық Дмитрий Гочилидзеден вазари әдісімен ұтылып жатып, таза жеңіске жеттім. Ақтық сында аустриялық Уашид Борчашвилимен алтын жүлдені сарапқа салдық. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ол жолы маған алтын емес, күміс медаль бұйырды, – деді ол.

Жинақтаған Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!