Қытайдың Гуйян қаласында Әлем кубогы өтті. Мұнда Қазақстан құрамасы екінші кезеңде ерекше өнер көрсетіп, ел қоржынына бес алтын медаль салды.

Жалпы, World Boxing Cup турнирі – элиталық боксшылар арасындағы рейтингті анықтайтын жарыс. Доданың өзі 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең сәуір айында Бразилияның Фос-де-Игуасу қаласында өтсе, екінші кезең 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында жалауын көтерді. Финалдық кезең қараша айының соңында Өзбекстанның астанасы Ташкентте өтпек. Осы жолғы жарыста ерлер мен әйелдер арасында 20 медаль жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан намысын 17 спортшы қорғады. Журналист Аслан Қаженов:

– Жалпы нәтижеге көңіл толады. Қытайдағы әлем кубогы Қазақстан құрамасы үшін оңай басталған жоқ. Алайда турнирдің қорытындысы өте сәтті болды. 5 алтын, 3 қола – жоғары көрсеткіш. Бұл арқылы біздің боксшылар әлемдік деңгейдегі орнын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұны әлемдік деңгей деп айтуға толық хақымыз бар. Өйткені бұл дода әлем чемпионатынан кем түскен жоқ. Бәсекелестік өте жоғары болды. Турнирге 44 елден 300-ге жуық боксшы қатысты. Әр жекпе-жекті қазақ жанкүйерлері ерекше ықыласпен тамашалады. Жігіттерге де, қыздарға да оңай болған жоқ. Оның үстіне, төрт бірдей боксшымыз салмақ дәрежесін ауыстырды. Ерлер арасында Сабыржан Аққалықов пен Нұрбек Оралбай, әйелдер арасында Назым Қызайбай мен Наталья Богданова олимпиадалық салмақ дәрежелеріне көтерілді. Бұл – Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына дайындықтың бір кезеңі. Спортшыларымыз жаңа салмаққа бейімделіп, жақсы формада екенін көрсетті, – деді сарапшы.

Дүбірлі додада жалпы есепте екінші орынға жайғастық. Оған себеп – ұлттық құраманың бес алтын, үш қола медаль жеңіп алуы.

Көш бастағандардың бірі – Санжар Тәшкенбай. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол финалда Өзбекстан өкілі Асилбек Джалиловпен кездесті. Төрешілердің екіге бөлінген шешімімен аяқталған тартысты кездесуде Санжардың қайсарлығы мен жинақылығы басым түсті.

Әйелдер құрамасының жарқын жеңістерінің бірі Назым Қызайбайдың еншісінде. 54 келі салмақта бақ сынаған Назым финалда италиялық Сирин Чараабимен кездесті. Қазақстандық боксшы алғашқы екі раундта 4:1 есебімен басымдық танытып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Бәсекедегі ең әсерлі сәттердің бірі Виктория Графееваның жекпе-жегінде тіркелді. 60 келі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық боксшы финалда Қытай Тайбэйінің өкілі, Олимпиада чемпионы Лин Юй-Тинмен жолықты. Алғашқы екі раундта қарсыласы төрешілердің есебі бойынша алда болды. Алайда отандасымыз қытайлық боксшыны соңғы раундта нокдаунға түсіріп, жеңісті өз қолымен жұлып алды.

70 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов финалда Үндістан өкілі Дипакты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Ел қоржынына соңғы алтынды Айбек Оралбай салды. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында ол Германия өкілі Никита Путиловпен қолғап түйістірді. Айбек рингтегі әр қадамын есеппен басып, қарсыласына өз қарқынын қабылдатқан қазақстандық боксшы шешуші сәтте сыр бермей, алтын тұғырдан көрінді.

Ал Аида Әбікеева 65 келіге дейінгі салмақта, Валерия Аксенова 80 келіге дейінгі салмақта, Дина Исламбекова 80 келіден жоғары салмақта үздік үштіктен көрінді.

Аслан Қаженов жарыс барысында төрешілікке қатысты даулы сәттің аз болмағанын айтып, әлем желіге бірнеше мәрте бейнероликтер жүктеп, сынға алған.

– Кейбір жекпе-жектерде шешімдердің түсініксіз шыққаны, боксшылардың еңбегі толық бағаланбағаны байқалды. Жалпы, төрешілік мәселесі – бокста бұрыннан айтылып келе жатқан күрделі мәселе. World Boxing ұйымы осы олқылықтарды азайтуға, жарысты барынша әділ өткізуге күш салып жатыр. Дегенмен бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыс көп. Қазір төрешілік жүйесіне өзгерістер енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, қолғапқа чип орнату тәжірибесі алғаш рет тестілік форматта қолданылды. Бұған қоса, жасанды интеллект мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. Ринг жанындағы төрт камера арқылы жекпе-жекті әр қырынан бақылау, соққыларды нақты есептеу, даулы сәттерді қайта саралау секілді тетіктер де сынақтан өтуде. Мұның бәрі ұпай есептеу жүйесін ашық әрі әділ етуге бағытталған қадамдар деп ойлаймын, – дейді ол.

World Boxing алдағы күндері бұл технологияларды тұрақты түрде енгізу немесе енгізбеу жөнінде нақты шешім қабылдайды. Қалай болғанда да, мұндай жаңашылдықтар төрешілікке қатысты күмәнді азайтуы тиіс. Ал мұның артында олардың өкініші мен осы спортқа деген реніші жатыр.

Алда Ташкентте өтетін финалдық кезеңге куә боламыз. Мұнда да талай даудың көтерілетін анық. Бірақ біздің спортшылар мұндай сәтсіздіктерден талай өтті. Бастысы, дүбірлі додадан Қазақстан құрамасының олжалы оралуын тілейміз!

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!