Рингтегі кездесу – тек күш сынасу емес, еңбек пен темірдей тәртіптің жүздесу. Күреске толы спорт әлеміне спортшы ешқашан кездейсоқ келмейді. Ал келсе, жеңіс пен батылдықты жүрекке тақап, туды биікке көтеремін дейді. Олардың бірі – Гүлсая Ержан. Шынашақтай сәтінен бокс әлеміне үлкен арман арқалап келген ол – бүгінде отандық спортта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан қайсар спортшының бірі.

Азия чемпионатының жүлдегері, ұлттық құраманың үмітін арқалаған боксшыны әңгімеге тартып, спорт әлеміндегі қиындығы мен қуанышы туралы сұхбат құрдық.

– Боксқа келуіңізге не түрткі болды? – Бұл спортқа 2016 жылдың 15 қыркүйегінде келдім. Ойын баласы кезде-ақ көкірегімде бүр жарған, қиялымды алысқа жетелеген аяулы арманым еді. Теледидардан шаршы алаңның саңлақтары Назым Қызайбайдың қайсарлығын, Геннадий Головкиннің темірдей әрі мығым мінезін, Майк Тайсонның жойқын қуатын көрген сайын, кеудемде мақтаныш сезімі тулайтын. Сол балаң еліктеу уақыт өте келе мені бағытымнан тайдырмас мақсатқа айналды.

– Рингке алғаш қадам басқанда көкірегіңізді қандай сезім кернеді? Сол алғашқы жекпе-жегіңіз есіңізде ме?

– Алғашқы шаршы алаңға шыққан сәтім жадымда өшпестей жазылып қалды. 2016 жылдың 30 қазанында Сыр өңірінде Жалаңтөс Баһадүрдің атында турнир өтті. 81 келі салмақта Атыраудың арын қорғаған қарсыласыммен бетпе-бет келдім. Жүрегім атша тулап, бойымды белгісіз бір толқыныс пен үрей билегені жасырын емес. Дегенмен сол бір қобыздың қыл ішегіндей созылған сәтте мен бала күннен көкейде тербеткен арманыма қарай алғашқы шешуші қадамды жасағанымды ұқтым. Бүгінде ринг төріне шыққан сайын бойымды ерекше толқыныс кернеп, биік асуларға тағы бір табан жақындай түскенімді сеземін.

Гүлсая ЕРЖАН: Спортта еңбек пен тәртіп дарыннан бірінші орында тұрады

– «Бокс – ерлерге ғана тән майдан» деген қоғамдағы түсініктерге қалай жауап бересіз? Отбасыңыз бұл таңдауыңызды қалай қабылдады?

– Шаңырағымда бұл таңдауыма ешкім тосқауыл болған емес. Керісінше, шаршы алаңда өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатқаным – асыл атамның ең асқақ арманы еді. Осы бір батыл да қиын жолды таңдаған сәтте анам да шексіз қолдау білдіріп, жүрек жылуымен демеп, дем берді. Ал «бокс – нәзік жандыларға тән емес» деген кертартпа көзқарастарға келсек, нағыз спортшы үшін өнердің де, намыстың да жынысы болмайды. Қазіргі таңда мұндай ескі сүрлеудегі пікірлермен дауласып, біреуге оның мәнін ұқтырудың өзі артық. Менің жауабым – төгілген тер мен бағындырған биіктер болмақ.

– Шаршы алаңдағы шарпысуларда төзімділігіңіз бен мінезіңізді сынайтын ең ауыр жекпе-жек қайсысы болды?

– Әрбір жекпе-жек – адамның ішкі менін сынайтын майдан. Десе де, 2024 жылдың қарашасында Таиландта өткен Азия чемпионатының жартылай финалы ерекше есімде қалды. Өзбекстандық қарсыласыммен өткен кездесу өте тартысты әрі психологиялық тұрғыдан өте ауыр өтті. Кездесу ортасында төрешілер басымдықты қарсыласыма беріп жатқаны байқалды. Майдандағы бұл қиын сәтте бапкерлерім тактиканы шұғыл өзгертіп, сөзбен рух берді. «Жеңісті суырып ал» деген сөздер кейін намысымды қайрады. Әрі қарай жігерді ту еттім. Соның нәтижесінде келесі кезеңге өттім.

– Спорттың ауыр ырғағынан тыс уақытта жаныңызға не қуат береді? Бос уақытыңыздың көркі неде?

– Спорттан тыс уақыт – бұл менің жан дүниемді байытатын сәт. Гитараның үніне қосылып ән салғанды, кітаптың әр парағына үңіліп ой кешкенді, табиғат құшағында серуендеп, бассейнде жүзгенді ұнатамын. Сонымен бірге, сырлас құрбыммен киноға барып, бос уақытта үстел теннисі мен футбол ойнап, ас үйде жақындарыма дәмді тағамдар әзірлеу – маған ерекше рухани демалыс сыйлайды.

Гүлсая ЕРЖАН: Спортта еңбек пен тәртіп дарыннан бірінші орында тұрады

– Өмірде де, өнерде де темірқазық етіп ұстанатын тұлғаларыңыз кімдер?

– Мен үшін спорттық шыңның биік парасаты – Геннадий Головкин мен ұлттық құраманың ту ұстаушысы Алуа Балқыбекова. Олардың рингтегі сабырлы да жойқын шеберлігі, еңбекқорлығы мен қайсар мінезі маған әрдайым бағыт-бағдар береді.

– Боксшының бойынан табылу керек қасиеттер қандай?

– Боксшы болу үшін, ең алдымен, шарболаттай шыңдалған темірдей дисциплина, нақты мақсат пен жоспар, сабыр, шыдамдылық және көкіректі жарып шығар асыл намыс пен сөнбес қайрат керек. Спортта дарыннан бұрын еңбек пен тәртіп бірінші орынға шығады.

– Болашақтың еншісіне байлаған ең асқақ арманыңыз бен мақсатыңыз қандай?

– Әрбір шаршы алаңға шыққан спортшының көкейінде – Әлем мен Олимпиада шыңын бағындыру арманы тұрады. Менің де ең басты мұратым – байрағымызды көкке көтеріп, Әлем және Олимпиада чемпионы атану, елімнің абыройын асқақтату.

– Бокс сізге не үйретті? Ол сізге қалай әсер етті?

– Бокс маған сабырлылық пен салмақтылықты, кез келген ортада өзіңді лайықты ұстай білуді үйретті. Бойымдағы жасықтықты жойып, орнына қайсарлық пен тазалықты, уақыттың әр секундын бағалай білетін қатал тәртіпті дарытты.

– Осы бір сапарда түйген өмірлік сабағыңыз қандай?

– Шаршы алаңға шығар алдындағы қобалжу мен толқыныс – кез келген спортшының серігі. Сондай жауапты сәтте спортшы үшін ең маңыздысы – психологиялық тыныштық пен толыққанды ұйқы екен. Алғашқы жылдары толқынысқа бой алдырып, дұрыс демалмаудың кесірінен жекпе-жектердің өте ауыр өткені есімде. Сол сәтсіздіктер маған спортта ғана емес, өмірде де өзіңді күте білудің, физикалық және рухани теңдікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін ұқтырған ең үлкен сабақ болды.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!