Қазақстанға бокстан Кубаның ерлер құрамасы келді. Бостандық елінің боксшылары еліміздің былғары қолғап шеберлерімен бірге оқу-жаттығу жиынына қатысып, Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысады.
Қонақтар қатарында барлығы 9 былғары қолғап шебері мен екі жаттықтырушы бар. Олардың арасында әлем чемпионатының және Панамерикалық чемпионаттың қазіргі финалистері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері кездеседі. Негізгі екпін олимпиадалық салмаққа аударылған.
Куба құрамасының бас жаттықтырушысы Карлос Мануэль Перес Рейестің айтуынша, боксшылардың арасында тәжірибелі спортшылар да, жастар да бар.
«Біз Қазақстанға алғаш рет келген жоқпыз. Бізде бокста елдер арасында жақсы достық бар. Сондықтан командамызбен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу, сонымен қатар Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнирде өз өнерімізді көрсету туралы шешім қабылдадық. Мен өз атымнан және Куба құрамасының атынан Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын, – деді жаттықтырушы.
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың тәрбиеленушілері мен Азаттық аралынан келген қонақтардың қатысуымен Қарағанды қаласында 4-16 желтоқсан аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді.
17 желтоқсанда Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХІХ халықаралық турнир басталады. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер 21 желтоқсанда анықталады.
Жалпы, бокс туралы айтқанда алдымен Куба бокс мектебі ойға оралады. Аталған елдің былғары қолғап шеберлерінің Қазақстанға келуі де күш сынасу ғана емес, тәжірибе алмасудың бір тәсілі болса керек. Ендеше «Бостандық аралының» боксы жайлы бірер сөз айту жөн секілді.
Кубадағы бокстың дамуы Альсидес Сагарраның есімімен тікелей байланысты. Ол 1960 жылы Куба бокс қауымдастығының негізін қалады. Төрт жылдан кейін ұлттық құраманың тізгінін ұстады. Альсидес Сагарра Куба боксына өзіндік өзгеріс енгізді. Боксшы үшін алдын-ала төрт жылға жоспар құрылатын болды. Әртүрлі жаттығудың жаңа түрлері қосылып, көлемі мен уақыты ұлғайды. Басты мақсат – төрт жылда бір келетін Олимпиада шыңына шығу.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Куба боксшылары Олимпиада ойындарының тарихында ең көп медаль алған екінші мемлекет (АҚШ-тан кейін). Олимпиада ойындарында кубалықтар 34 алтын, 19 күміс, 14 қола медаль жеңіп алған. Барлығы 67 медаль. Бірақ кубалықтар Олимпиадаға 1960 жылдан бастап қатыса бастады. Альсидес Сагарра баптауымен 1964 жылдан 2000 жылға дейін 46 Олимпиада жүлдесін иеленді. Оның 27-сі алтын, 12-сі күміс, 7-еуі қола. 1992 жылы Барселонада тоғыз бірдей Куба боксшысы финалда қолғап түйістіріп, жетеуі алтын жүлдені жеңіп алды. «Жеңіске құштарлық, жігер, еңбекқорлық, соңына дейін күресу, Отанға құрмет әрбір кубалықтың бойынан табылады. Бұл – спортшы үшін керекті қасиет» деп даңқты бапкер Альсидес Сагарра Куба боксының жетістігін осылай түсіндіреді.
Куба елінде спорт Фидель Кастроның билікке келуімен жолға қойылды. Оған дейін «Бостандық аралының» спортшыларына шетелдердегі жарыстарға қатысу арман болатын. Ал жас талантты боксшыларға жағдай бірден жасала қойған жоқ. Соған қарамастан, кубалық боксшылар әлемді мойындата білді.
Әлемді мойындатқан Куба боксы жайлы сөз қозғалса, ойымызға бірінші кезекте Теофилио Стивенсон мен Феликс Савон түседі. Бұл екі боксшының да есімдері спорт тарихында алтын әріптермен жазылып тұр. Тарихта Олимпиада ойындарын үш рет ұтқан үш-ақ боксшы бар. Олар – венгр боксшысы Ласло Папп және кубалық – Теофилио Стивенсон (1972, 1976, 1980) мен Феликс Савон (1992, 1996, 2000). Бұл екі боксшы Куба боксын әлемге танытқан бірден-бір тұлғалар. Анхель Эррера, Ариель Эрнандес, Гильермо Ригондо, Эктор Винент, Марио Кинделан сынды былғары қолғап шеберлері 2 реттен Олимпиада алтынына ие болды.
Бокстан тұңғыш әлем чемпионаты да 1974 жылы Куба астанасы Гаванада өткен. Әлемнің 45 мемлекеті қатысқан додада кубалықтар алдына жан салмаған. Жалпы Олимпиада тарихында ең көп медальді АҚШ құрамасы иеленген болса, әлем чемпионатының тарихында Куба боксшылары көш бастап тұр. Кубалықтар осыған дейін өткен 17 әлем чемпионатында жалпы 122 медальға ие болды. Оның 67-сі алтын, 31-і күміс, 24-і қола медаль.
P.S. Міне, Куба бокс мектебінің өкілдері елге келді. Демек алда тартысты бәсеке, қызықты кездесу болары сөзсіз. Отандастардың бабын байқап, қонақтардың қарымын көретін сәтті құр жібермейік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!