Бибосынов Сәкен Исмадиярұлы, бокстан ұлттық құрама мүшесі,

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

Бибосынов Сәкен Исмадиярұлы – боксшы, 1997 жылы дүниеге келген.

Барлығы – 31 жекпе-жек өткізіп, 22-сінде жеңіске жеткен.

Бокстан ұлттық құрама мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері.

Биылғы жылдың спорттағы басты жетістігі – «Токио – 2020» олимпиадасы болғаны баршамызға белгілі.  Ел намысын қорғаған 96 спортшының 8-і қола медальды қанжығасына байлады. Солардың бірі бокстан ең жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен – Сәкен Бибосынов. Апта басында елге оралған сайыпқыраннан арнайы сұхбат алып, көңіл-күйімен бөліскен едік.

– Сәкен, Токиода жүлдегерлер қатарынан көрінуіңмен құттықтаймын. Алғашқы сауалды олимп шыңына шығуға не жетіспеді, сәттілік пе әлде өз бабыңызда бола алмадыңыз ба сол төңірегінде бастасақ…

– Әрине бізге қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша қазақстандықтарға алғысымды білдіргім келеді. Себебі әр жекпе-жектің алдында елдің ықыласы  мені шабыттандырды. Жартылай финалға дейін жетуіме бірінші Алла себепкер болса, екінші  жаттықтырушымның ақыл-кеңесі деп білемін. Бұл менің алғашқы Олимпиадам. Дайындық өз деңгейінде болды. Осыған дейін түрлі чемпионаттарға, Азия біріншіліктеріне қатыстым. Жалпы әр спортшы Токиодағы жарыс жолына қосылу үшін үлкен тер төкті. Оны мойындауымыз керек. Оңай келетін олжаның қатарынан емес. 4 қарсыласпен қолғап түйістіріп, оның үшеуін тізе бүктірдім. Бірақ жартылай финалдағы өнерім барша қазақ елінің көңілінен шықса да, финалға жолдаманы ала алмадым. Өкінішті, бірақ бұл менің соңғы жекпе-жегім емес. Сәттілік жетіспеді деп ойлаймын.

– Иә, төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекеде төрешілердің әділетсіздігін көріп, біз де таң қалдық. Жарыстан кейін осы мәселеге қарсы ешқандай әрекет жасалмады ма?

– Бірінші раундта есе жібергенім рас. Бірақ одан кейін жеке бапкерім Мырзағали Айтжанов намысымды оятты. Менің артымда тек Олимпиада федерациясы емес күллі қазақ елі тұрғанын, халықтың үмітін ақтауды айтқанда, намысым оянып, жігерлендім. Бізге жарыс басталар тұста бас төреші ескерткен еді. Рингте төреші кімнің қолын көтерсе, сол жеңімпаз болады. Одан кейін ешқашан протест қабылданбайды, оны қайта қарауға мүмкіндік жоқ. Төрешілерге шағымдануға, іс-шара қабылдауға болмайтынын білген соң, осы жүлдеге қанағат тұтуға тура келді.

– Биылғы Олимпиада ойындары әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көптеген сыни пікірлер айтылып жатты. Әрине бірі мақтады, бірі даттады. Қаншама қаржыны желге ұшырды деп ренжігендер де болды. Жалпы қазақ елінің қолдауын қаншалықты сезіне алдыңыздар, әлде пандемия кері әсерін тигізді ме?

– Бақтияр Артаев ағамыз айтқандай, біздің 19 миллион бапкеріміз бар (күліп). “Біткен іске сыншы көп” деген секілді, сынаушы адамдардың болуы заңдылық. Бірақ өз басым Токио төрінде жүргенде жанкүйерлердің қолдауын жақсы сезіндім. «Саған үміт артып, жеңіс күтеміз» деген толассыз хаттар келіп жатты. Осы тұста барша менің қолдаушыларыма басымды иіп, алғысымды білдіргім келеді. Бізде барлық карантин талаптарын сақтай отырып жасаған жаттығуларымыз еш тоқтаған емес. Әр оқу-жаттығу жиындарына тыңғылықты дайындалдық. Құрама команданың артында үлкен жауапкершілік болды. Бізге бұл жолы тек қола медаль бұйырған екен, оған өкпеміз жоқ. Барлық спортшылар ел үмітін әлі талай ақтайды деп ойлаймын.

– Сәкен, Азия біріншілігінде сізден ешкім медаль күтпеді. Токиоға дейін де аса көп көзге түспедіңіз. Бір күнде спорт жұлдызына айналу қандай екен?

– Олимп шыңына дейін үлкен кезеңдерден өттім. Көптеген оқу-жаттығулар, жарыстар болды. Куба еліне бардық, жақында Ресейде бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Германия, Испания, Сербиядағы барлық сайыстарда бақ сынадым. Азия біріншілігінде мен қола жүлдемен елге оралғанда, көп сын айтылды. «Бұл бала Олимпиадаға барғанымен бірінші ұтылып қалады» дегендер болды. Бірақ мен өзіме сендім. Абай атамыздың ең керемет сөзі бар ғой, «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген. Дәл сол секілді сенімділік маған күш сыйлады. Шаршы алаңға шыққан әр жекпе-жегімді соңғы ойыным деп түсінемін. Сол арқылы жеңіске бір қадам жақындаймын. Бар күшімді салып шаршы алаңда өнер көрсеттім. Қайтсемде елге жүлдемен ораламын деген мақсат болды. Күллі қазақ елі мені теледидардың ар жағында қолдау көрсетіп, тілеуімді тілеп отырғанда мен елдің туын ешқашан жықпаймын. Бір өкінішім бар, ол Әнұранымызды Токио төрінде шырқату еді. Ал жұлдыз болып, даңдайсып кетуге отбасымдағы тәрбие  жол бермейді. Біз қарапайым жанұядан шыққан адамдармыз, тек жетістігіміз бізді елге танытып жатыр. Әрине мұның бәрі Алланың, отбасымның және жеке бапкерімнің арқасы.

– «Сәкен кім, қандай отбасында дүниеге келді, спортқа қалай тап болды» деген заңды сауалға кезек берсек…

–  Өзбекстан Республикасы, Бостандық ауданында дүниеге келдім. Ол жерде көбінесе тіпті барлығы деуге  болады қазақтар тұрады. 2013 жылы отбасымызбен елге қайту мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданына қоныс аудардық. Қазақстан азаматтығын алып, ел намысын асқақтатам деген бала арманым орындалып жатыр. Бала күнімде мен футболщы болғым келген. Бірақ ағам командалық ойында жеке жетістікке жету өте қиын екенін айтып, жаттығу залына алып келді.  13 жасымнан бастап сол залдан әлі шықпадым (күліп). Отбасымда анам және үш ағайындымыз. Мен үйдің кенжесімін.

– Ең алғашқы рингке шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Алғашқы жарысқа қатыса алмадым, мені жарыс жолына шығармады. Себебі жас аралығындағы болатын сайысқа менің салмағым жетпеді. Кішкентай кезімнен тым жеңіл болдым. Додаларға қатысушы үшін салмақ дәрежесі 34 келіден басталу керек болса, менікі бар болғаны 28 кг болды. Осылайша бірінші жарысқа қатыса алмай үйге жылап қайтқаным әлі есімде. Кейін біршама уақыт ешқандай жарыстарға қатыспадым, салмақ жиналған соң рингке шыға бастадым. Ең бірінші бәсекеде бірінші орын алып, қатты қуандым. Сол жарыста үш кездесу өткізіп, үшеуін де жарыс жолынан шығарғаным әлі есімде.

– Алдағы мақсат-жоспарыңыз қандай?

– Алда екі айдан соң әлем біріншілігі болады. Негізгі жоспарымда осы дода. Жеке бапкеріммен ақылдасып, тағы да нақты мақсаттар қоямыз. Әлем чемпионы болуға жұмыс істеймін, еңбек етемін. Бұйырса Парижде өтетін олимпиадаға да аз уақыт қалды. Оған да жаттығуды күшейту керек. Алтынмен елді қуантуға аянбай тер төгемін.

– Сұхбат беріп, жоспарыңызбен бөліскеніңізге рақмет. Байрақты бәсекелерде ел мерейін асқақтата беріңіз!

Сұхбаттасқан Майя ҚОЖАБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!