Әсемгүл Ердаулет каратэ шито-рюден балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында ұйымдастырылған бәсекеде ҚР чемпионы атанды. Осымен Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы атанған сырбойылық спортшымен тілдесіп, жарыстан кейінгі көңіл-күйін білуге асықтық.

Әсемгүл ЕРДӘУЛЕТ, каратэ шито-рюден Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы:

Ел чемпионатында алғаш рет 55 келі салмақта бақ сынаған Әсемгүл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының студенті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының алтын медаль және Әлем кубогының иегері Әсемгүл кезекті жарыстың да тартысты өткенін айтады.

‒ Қазақстанның тағы бір шыңын бағындырғаныма шын қуаныштымын. Жарыс өте тартысты өтті, еліміздің барлық өңірінен мықты спортшылар қатысты. Финалда Маңғыстау қаласының спортшысымен кездесу өткізіп, 6-1 есебімен жеңіске жеттім. Бұл бәсекеге дайындық жоғары деңгейде болды, осы орайда өзімнің жаттықтырушыларыма алғыс айтамын, ‒ дейді Әсемгүл.

Бір қызығы, Әсемгүлді  бұл спорт түріне ата-әжесі алып келген екен. Ол кезде қаршадай қыз небәрі 8 жаста болатын.

 ‒ Бала болғандықтан бастапқыда жаттығу алаңына жай ойнап келіп жүретінмін. Кейіннен 12 жастан бастап аға буынның жеңіске жетіп, әнұранды шырқатып жүргенін көре бастадым. Мен де сол спортшылар секілді елдің намысын қорғағым келді және сол нәтижеге  ұмтылдым. Қазіргі таңда ел арасында осы спорт түрі жақсы дамып келеді. Өткен жылы Токио олимпиадасына осы спорт түрі қосылып, алғаш рет елімізден 5 спортшыға жолдама берілгенін білесіздер. Соның ішінде Сыр өңірінен Мөлдір Жаңбырбай ел намысын қорғады. Оның өзі бізге үлкен құлшыныс сыйлады. Жалпы Қазақстан бойынша Қызылорда облысы каратэ-до спорт түрінен жоғары денгейде, ‒ дейді ол.

Әсемгүлмен әңгімелесе отырып, жарыстағы басты қарсылас кім екенін де сұраған едік. Алайда қазақ елін әлемге танытуды мақсат еткен жүректі қыз  барлық спортшының мықты екенін алға тартты.

‒ Жарыс кезінде қарсыластың қандай әдіс қолданатынын білмейміз. Сондықтан кей сәттерде ұпай өткізіп алатын кездер болады. Сол үшін біз әр қарсыласпен шыққанда жекелей дайындықпен, бапкердің айтуымен тәуекел етеміз, ‒ дейді Ә.Ердаулет.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ