Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап «сұр» схемалар арқылы шетелден автокөлік кіргізуді қиындататын жаңа ережелер енгізілмек. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі автокөліктерді сертификаттау ережелеріне тиісті түзетулер дайындады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа түзетулерге сәйкес, рульдік басқару жүйесі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған (қайта жабдықталған) автокөліктерге Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік беруге тыйым салынады. Бұл құжатсыз автокөлікті Қазақстанда есепке қою мүмкін емес. Бұдан бөлек, SOS шұғыл шақыру жүйесін тексеруге қойылатын талаптар қатаңдатылады: аккредиттелген зертханалар тексеру барысын КӨЛІКТІҢ VIN-кодын міндетті түрде тіркей отырып, үздіксіз бейнежазбаға түсіруге міндеттеледі.

Сондай-ақ маман сынақ кезінде оталу жүйесін қосып, SOS батырмасын басуы, жедел қызмет операторының жауабын күтіп, қоңыраудың тестілік екенін растауы тиіс. Бұл бейнежазба кемінде үш жыл бойы сақталуы керек. Министрлік бұл шаралар автокөлікті іс жүзінде тексермей сертификат беру жағдайларын жоюға көмектеседі деп есептейді. Өзгерістерде көлікті сәйкестендіру тәртібі мен қауіпсіздік куәлігінің күшін тоқтата тұру немесе жою негіздері де нақтыланады.

Жоба қоғамдық талқылаудан өтіп, одан әрі келісуге жіберілді. Құжат қабылданғаннан кейін жаңа талаптар автокөліктерді сертификаттауды жүргізетін барлық зертханалар үшін міндетті болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!