Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер қаралды. Екі сағаттан аса уақыт бойы қатысушылар ғаламдық пандемия, спортшыларды вакцинациялау, БҰҰ резолюциясы мен алдағы Токио-2020 және Бейжің-2022 Олимпиадаларына дайындықты талқылады. Жиын барысында сөз алған Томас Бах 2021 жылдың қарбаласқа толы болатынын атап өтті. Өйткені Токиодағы Олимпиада ойындарынан кейін 6 ай өткен соң қысқы Олимпиада ойындары басталады. Мұндай жайт тарихта алғаш рет болғалы тұр. Қазіргі сәтте ХОК екі ірі спорттық іс-шараға толыққанды дайындық жүргізуде. Томас Бах Токио Олимпиадасы қарсаңындағы түрлі сыбыстар мен қауесеттерге тойтарыс беру үшін Олимпиадалық қозғалыстың бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.
«Қазір Олимпиадалық қозғалыстың бар назары 2020 жылғы Токио ойындарына бағытталған. 21 қаңтардың кеші мен 22 қаңтар күнгі жаңалықтарда Жапонияның Олимпиаданы өткізуден бас тартатыны туралы арандатушылық бағыттағы жазбалар көп болды. Бірақ бұл жалған ақпарат. Мен баршаңызды тек қана ресми дереккөздер мен ХОК-тың ресми мәлімдемесіне сенуге шақырамын. 22 қаңтар күні Жапония билігімен телефон арқылы сөйлестім, олар Жапония билігі атынан ресми мәлімдеме мүлде болмағанын айтты. Тағы да қайталап айтамын, Олимпиада ойындары мен барлық жарыстар және іс-шаралар жоспарланған уақытында өтеді. Осы салаға қызығушылық танытқан тараптардың бәрі де Ойынды сәтті өткізу үшін тынымсыз еңбектенуде. Сондықтан «Б» жоспарын ойластыруға негіз жоқ. Жапония нақты қадамдар арқылы бұл Ойынды өткізуге дайын екенін баршамызға көрсетті. Сондай-ақ елдегі саяси пікірталастарға қарамастан Қытай да қысқы ойындарды өткізуге әзір», – деді ХОК президенті.
ХОК басшысы Олимпиада ойындарына қатысушыларды вакцинациялау туралы да айтты. Томас Бах осы сұраққа қатысты Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге көмектесуге уәде беріп, барлық спортшыларды вакцина қабылдауға шақырды. Алайда вакцинациялау әр спортшының еркі бойынша жүргізіледі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Жапония және ХОК-пен бірлесе отырып коронавирусқа қарсы шаралар тізбегін жетілдіруде. Осы орайда, спортшылардың келуі, олардың қозғалысы, тестілеуді ұйымдастыру және жарысқа қатысуға дейінгі барлық аспектілер есепке алынған. Жапония билігі жарыс кезінде көрермендер мен жанкүйерлерді трибунаға кіргізу мәселесін мұқият зерттеуде. Томас Бах барлық сауалдар мен маман кеңестерін талқылаған соң, ХОК өз ұсынысын жеткізетінін мәлімдеді.
«Жапония Олимпиада ойындарын асыға күтуде. Олимпиаданың басталуына бар болғаны алты ай қалды. Дайындық қарқынды жүріп жатыр, әр минут сайын алғабасушылық байқалады. Жапония билігінің ойыннан бас тартатыны туралы жақында шыққан жаңалық – жалған ақпарат. Біз күн сайын түрлі халықаралық және жергілікті ұйымдар мен спортшылардан қолдау хат аламыз. Бізге мұндай қолдау аса қажет. Бізге әрқайсысыңыздың қолдауларыңыз керек. Осыдан-ақ ойынның құндылығы арта түседі. Бәріміздің мақсатымыз ортақ», – деді Жапония Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Ясухиро Ямашита.
ХОК басшысы наурыз айында өтетін ХОК-тың 137-ші Сессиясы 2021 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықтың аяқталуы мен ковид кезеңіндегі Олимпиадалық қозғалыстың болашағына бағытталатынын айтты. Сессия аяқталған соң Ұлттық Олимпиада комитеттерімен тағы бір кездесу өткізу жоспарланған. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қашанда басымдық береді. Қазіргі сәтте Ұлттық Олимпиадалық комитет Қазақстан ұлттық федерацияларымен бірлесе отырып, алдағы Олимпиада ойындарына дайындықты жалғастыруда.